Ауыл әкімін өзі сайлайды

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлауды Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы халыққа арнаған Жолдауында алғаш рет ұсынған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу жөнінде мақсат қойды. Ел азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамытудың жаңа сипаттағы үдерісінен үмітті. Осы орайда біз Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Сырлыбаевқа жолығып, сұхбаттасқан болатынбыз.

►–Құрметті Марат Қадырұлы, ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың мәні мен маңызы, жаңалықтан күтіліп отырған ел үміті туралы таратып айтып берсеңіз?

–Шынтуайтында бұл өте маңызды қадам. Біздің облыс тұрғындарының қақ жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұратындығы мәлім. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартпай, тұтастай ел экономикасын жетілдіру қиын. Онда қордаланып қалған мәселелер де аз емес. Соңғы кезде жиі көтеріліп жүрген жайылым, шабындық жерлер мен таза ауыз су, жол, медицина қызметкерлерінің жетімсіздігі, ауыл мәдениеті мен спортын дамыту деген сияқты. Індете іздесеңіз, қамқорлыққа сусап отырған, кей тұста назардан қағыс қалған күрмеуі қиын жайлар аз емес. Облыстың бірнеше елді мекені ауыз суды тасымалдап ішіп отыр. Мыңдаған гектар жер бос жатқанымен, бірқатар елді мекен тұрғындары, әсіресе, халық көп шоғырланған ірі елді мекендерде малсақ қауым тоқымдай жайылымдық жерге зар болып отыр. Тиімді кәсіп көзін таппай, жұмыссыз қарап отырғандар қаншама.

Аудандық маңыздағы жолдарды да жөндеу қажет. Міне, осындай мәселелер бар. Бұл туралы жасырмай айтуымыз керек. Демек, қиындықпен күресудің бірден-бір жолы – билік тетіктерін халықтың өз қолына беру. Ол қалайша жүзеге аспақ? Ауыл тұрғындары қолынан іс келетін, жаңаша ойлай білетін, іскерлігіне адамгершілігі сай, ел қамын жейтін әкімді таңдап алуға тиісті. Сайланған әкім ауылдың тыныс-тіршілігіне бел буып араласып, табанды басшылық жасап, жасампаз істердің бел ортасында жүріп, халықты жақсылық істерге бағыттап, ұйытқы болуға тиісті. Бүгінгі тілмен айтқанда, менеджер болса құба-құп. Қазіргі күні әкімдер корпусының 91 проценті сайланады деп күтілуде.

Елге тұтқа болатын, әкім міндетін абыройлы атқаруға қабілет-қарымы қаптал жететін лайықты азаматтар бар. Олар саяси аренаға берекеге бастайтын тың күш, ел игілігі үшін жүзеге асатын жаңа идея, булығып жатқан әлеуетті түрткілеп оятып, тың тыныс беретін тосын леп, жағымды жаңалық әкеледі деп ойлаймын. Бұл игі іс қайдан бастау алады? Өз пайымымды айта кетейін, бюджеттің жергілікті әкімшілікке берілуі ауылдағы бірінші кезекте шешілуге тиісті мәселелердің қолға алынуына жол ашады. Демек, сайланған жаңа әкім қаржының жаңа көздерін табуға ұмтылуы керек. Ол тек бюджет ақшасын бағыттаушы ғана емес, идеологиялық күш-қуатпен қаруланған саяси басшы болуға тиісті. Айталық, сол елдің ауылдан ұзап шығып, белгілі бір кәсіппен айналысып, тасы өрге домалап тұрған түлектеріне ел қадірін, жер қадірін ұғындыра отырып, кір жуып, кіндік кескен топырағының көркеюіне ат салысу қажеттігін ұғындыруы қажет. Әркім өзінің туған жерінің жаңа заман талабына сай жаңғыра құлпырып, жасануына үлесін қосатын болса, еліміздің бар аймағы ажарланып қалар еді. Ауыл әкімдері бұрынғысынша жоғарыға жалтақтамайтын болады.

Қолдарындағы азын-аулақ қаражатын тиімді жұмсауға тырысады. Өйткені, олар халықтың алдында жауапты. Бұл арада сайлаушылардың иығына да жауапкершілік салмағы түсетіндігін айта кетуге болар. Олар ел болашағына жауапты әкімді өздері таңдап отыр ғой. Өздері таңдаған соң оның бар қызметіне қолдан келгендерінше көмек көрсетеді. Айналып келгенде біртұтас бекем бірлік қалыптасып, ауыл тағдырына әкім де, тұрғындар да жауапты болмақ. Салықтың едәуір бөлігі жергілікті елді мекендердің игілігіне жұмсалса, оның көлемі де арта түсуі мүмкін. Төлеген салығың ешқайда кетпей, өз ауылыңыздың, өз туған топырағыңыздың игілігіне жұмсалады.

►–Барлық ауылдың жағдайы біркелкі деп айтуға болмас. Кейбір ауылдардың инфрақұрылымдары тәп-тәуір. Салық қоржынын қампайтатын қуатты шаруашылықтар, кәсіпорындар бар. Ал, шалғайдағы, тіпті іргедегі кейбір елді мекендерде мұндай салық көздері тапшы.

–Міне, тікелей сайлаудың тиімді тетігі де осы жерде керек деп ойлаймын. Сайланған әкім ел жағдайына етене жақын араласып, оның дамуына сара жол ашуға міндетті. Қазіргі күні мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі әрі бірегейі жайылым мәселесі. Кейбір жерлерде мал жаятын жер қалдырмай, табалдырыққа дейін жыртып тастағанын көріп отырмыз.

Ауыл әкімі егістік жер көлемі мен жайылымдық жердің тепе-теңдігін сақтап, халықтың жағдайын жасауға міндетті. Сонда төрт түлікті өсірумен айналысып отырған шаруашылықтардың айы оңынан туады. Серіктестіктер мен шаруа қожалықтары жер әділетті бөлініп, шабындық пен жайылымдық жерлерден қағажу қалмаса, игілік те молая түспек. Есесіне салық көлемі көбейеді. Қазіргі күні мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарына көп көмек көрсетіліп жатыр. Айталық, «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» тәрізді қаншама тиімді бағдарламалар бар.

Шалғайдағы шағын ауылдардың кейбір тұрғындары мұндай тиімді бағдарламалардың бар екендігін біле бермеуі де мүмкін. Несие алудың заңды жолдарын, кәсіпті игеруді оқыту қолға алынса, іске де береке кіріп қалмай ма? Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамыту қолға алынса, құба-құп. Айналып келгенде мұның барлығы бір-бірімен өзектесіп жатқан дүниелер. Сөзімнің басында ауыл әкімдерін тікелей сайлау соны леп әкеледі деп екпін түсіріп айтып отырғандығым да сондықтан.

Бұл – бүгінгінің шаруасы. Ертеңін ойлаған ауыл әкімі жастарға да қамқор болуға тиісті. Қазіргі күні облыста медицина кадрлары жеткіліксіз. Әсіресе, ауылдық жерде бұл мәселе өте күрделі. Демек, ауыл әкімі жергілікті шаруашылықтар есебінен елге қажетті кадрларды оқытуға да көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді. «Дипломмен – ауылға!», «Серпін» тәрізді бағдарламалардың нәтижелі болуына күш салу арқылы бір жағынан мемлекеттік бағдарламалар көздеген мақсат-мұратына жетіп жатса, екінші жағынан ел қажетті мамандармен толық қамтамасыз етілсе, екі жаққа бірдей тиімді емес пе?

►–Егер ауыл тұрғындары дауыс берген әкім ел сенімін ақтамай жатса, не болмақ?

–Қазіргі сайлаушылар өте сауатты. Олар бәрін біліп отыр. Егер сайланған әкім ел сенімін ақтамаса, сенімсіздік вотумын білдіруге толық хақысы бар. Бірақ, мен өз басым мұндай шетін оқиға орын алады деп есептемеймін. Еліміздегі саяси реформалардың тереңдеуі мемлекетіміздің абырой-беделін арттыра түсетіндігі сөзсіз. Бірлік бар жерде береке үйіріледі емес пе? Іс оңға басқаннан кейін елдегі жағдайды көріп-біліп, сараптап отырған іскерлер инвестиция құюы әбден мүмкін. Ал, инвестиция – игіліктің басы.

Табыстың тайқазаны қайнар болса, ауылдың қуатын арттыруға тетік болатын қаржы ел ішінен ғана емес, алыс-жақын шет елден де құйылуы ғажап емес. Ел ішінде ертеректе «бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні» тәрізді өз ісіне жауапсыз қараған кейбір ауыл әкімдерінің өз абыройларына нұқсан келтіріп алған сәттерін де ел біледі. Кейін аудан әкімі олай деді, жоғары жақ бұлай деді деп ақталып жататындары болатын.

Содан барып жұрт уәдеге сенбейтін болды. Ендігі жағдайда тікелей сайланған әкім халық алдында берген уәдесіне, өзінің күні бұрын түзген бағдарламасының орындалуына жауапты. Айтқан уақытында орындалмай жатса, сайлаушылар әкімнен кеше сайлау алдына былай деп едің ғой деп сұрамай ма? Ал, сұрауы болған дүниенің құралуы қиын емес. Жыл соңына дейін 800-ге жуық ауыл әкімі тікелей сайланбақ. Бұл дүбірлі дүниедегі жалпақ жұртты жақсылыққа бастайтын, берекелі белеске жетелейтін саяси бастама деп түсінемін.

►– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар