Көрмедегі бұйымдар көздің жауын алады

Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейінде дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналып «Өзгеше шынайылық» атты эко-арт экспозициясының көрмесі болып өтті.

Ашық аспан астында өткен көрмеге облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының, облыстық экология департаментінің және бірқатар білім ордаларының студенттері мен оқушылары қатысты. Көрермендер қажетсіз болып қалған материалдардан жасалған артагеттерді тамашалады.

Бұл бұйымдарды балалар көркемөнер мектебінің оқушылары фантик пен фольгадан, пленка мен газеттерден, пластик бөтелкелері мен картон қағаздан жасаған екен. Заттарды жарамсыз ету тек қана қоршаған ортаға емес, шығармашылыққа да пайдасын тигізеді. Қажетсіз материалдардан бұйымдар жасайтын суретшілер қоршаған ортаға біреулер үшін қоқыс, екінші біреулер үшін мұра болып саналатынын дәлелдейді. Көрмеде Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының бас маманы Жаңыл Ахметова сөз сөйлеп, дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін 1972 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткенін айтты.

–Міне, содан бері бұл мерекені бүкіләлемдік қауымдастық жыл сайын атап өтуде. БҰҰ Бас хатшысына жолданған үндеуге әлемнің 23 елінен 2200 ғалым мен мәдени қайраткерлер қол қойыпты. Олар адамзатқа қоршаған ортаның ластануына байланысты бұрын соңды болмаған қауіп туралы ескерткен екен. Осы үндеудегі шартта «Не біз ластануды жоямыз, не ол жояды» делініпті, – деді бас маман. Шара барысында облыстық экология департаменті бөлімінің басшысы Марат Шылымов, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Юрий Попов, балалар көркемөнер мектебінің мұғалімі Наталья Булгакова сөз сөйлеп, көрме жөнінде жылы лебізін білдірді.

Бүгінгі күні мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер қоршаған ортаны қорғауға ерекше назар аударып отыр. Осы бағытта аталмыш музей ұжымы бірқатар білім шаңырақтарымен бірігіп, жұмыс істеуде. Оқушылар қоқыстағы материалдардан қарапайым заттар жасайды. Әртүрлі мүсіндер мен кітаптар қоршаған ортаға сән бермекші. Шара соңында Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов аталмыш эко-арт көрмесіне белсене қатысқан балалар көркемөнер мектебінің ұжымына алғысын білдіріп, Елена Максимоваға, Оксана Яковлеваға және Наталья Булгаковаға Алғыс хат табыс етті.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар