Аты да, заты да алтын дәрігер

Егіндікөл аудандық ауруханасында 13 дәрігер, 52 медбике қызмет етеді. Осы күні аудан ақ халаттыларының біразы былтырғы жылдың қараша айында жасақталған инфекциялық бөлімшеде коронавирус індетімен күресті жалғастыруда. Елу науқасқа арналған бөлімшеден бүгінге дейін 360-тан астам науқас қауіпті дерттен жазылып шығыпты.

Ауданның коронавирус жұқтырған тұрғындарымен қатар, Астрахан ауданынан да науқастар осында жатқызылады екен. Егіндікөлдік ақ халаттылардың бірі Covid-19 вирусын жұқтырған науқастарды стационар жағдайында емдеп жатса, енді бірі сондай науқастарға амбулаторлық жағдайда медициналық көмек көрсетіп, мобильді бригаданың құрамында өз міндеттерін атқаруда.

Міне, солардың бірі ауруханада қырық жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатқан терапевт дәрігер Алтынсара Қасенова. Індет басталғалы ол мобильді бригаданың құрамында коронавирус жұқпасы бар науқастармен байланыста болған тұрғындардың денсаулықтарын тексеріп, ПТР-тест алады. Кейіпкерімізбен көзбе-көз танысып, сөйлеспесек те, телефон желісі арқылы өрбіген әңгімемізден-ақ оның алдына келген адамның бетін қайтармайтын ақкөңіл, жүзі жылы, науқастарынан көмек қолын аямайтын ізгі ниетті абзал жан екенін түсіну қиынға соқпады.

–Әлсіздік, суық тию мен тұмау белгілері кезінде науқастар көбінесе терапевтің көмегіне жүгінетіні белгілі. Осы саланың маманы болғаннан кейін дене қызуы, жөтелі бар науқастарды алғашқылардың бірі болып біздер қарадық. Инфекциялық бөлімшеге кірмесем де, емханада коронавирусқа күдікті науқастарды қабылдап, үйлеріне барып ПТР-тест жасап отырдым, – деді дәрігер бізбен әңгімесінде.

Алтынсара Қайырбекқызы 1981 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын тәмамдағаннан кейін, алғашқы еңбек жолын жолдама бойынша қазіргі Астрахан, бұрынғы Мариновка ауданына қарасты Жаңа Колутон дәрігерлік амбулаториясында бастапты. Ол жерде үш-төрт жыл жұмыс істегеннен кейін, 1985 жылы Егіндікөл аудандық ауруханасына ауысып, осында терапевтік бөлімшенің меңгерушісі болады. Содан бері бір мекемеде табан аудармай еңбек етіп келеді.
Бір кездері аудандық емхананың бас дәрігерінің орынбасары, отбасылық-дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері де болған. Қазіргі таңда терапия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Бұдан бөлек, ауылдарға шығып, тұрғындарды медициналық тексерістерден өткізіп тұрады. Сонымен қатар, ол күндізгі стационарда науқастарды қарайды.

Алтынсара Қасенова жетекшілік ететін терапия бөлімшесі тәуліктік және күндізгі стационарда науқастарды қабылдайды. Аталған бөлімшеге науқастар түрлі диагноздармен түсіп жатады. Оның ішінде жүрек ишемиясы, қант диабеті, артериялық гипертензия, өкпенің қабынуына байланысты аурулар бар.

–Мұнда қалалық ауруханалардағыдай әр ауру түрі бойынша жеке-жеке бөлімшелер жоқ болғандықтан, бір терапевтік бөлімшеде бәрін емдеп жазуға тырысамыз. Тұрғындардың денсаулық жағдайлары жаман емес. Соңғы жылдары инфаркт, инсульт секілді жүрек ауруларынан көз жұмған науқастар мүлде болған жоқ. Мұның барлығы медицина саласының дамып, жетіліп келе жатқандығының нәтижесі деп білеміз, – дейді кейіпкеріміз сөзін одан әрі жалғап. – Ондай науқастарға осында тромболизи жасалып, арнайы реанимобиль көлігімен Нұр-Сұлтандағы кардиология орталығына апарамыз. Бұрындары инфаркт көбінесе кәрі адамдарда болатын. Соңғы жылдары бұл дерт жастарда да кездесіп жатқаны алаңдатады. Бұған жастар арасындағы жұмыссыздық, баспананың жоқтығы, басқа да әлеуметтік мәселелерден туындайтын күйзеліс себеп болып отыр деп ойлаймын.

Егіндікөл ауылы мен Көкшетау қаласының арасы шамамен 350 шақырым. Облыс орталығына қарағанда аудан бас қалаға жақынырақ орналасқан. Сол себепті, аудандық аурухана мамандары ауыр диагнозбен түсетін науқастарды Нұр-Сұлтандағы №2 Ақмола облыстық ауруханасына жібереді. Әңгіме барысында Алтынсара Қайырбекқызынан медициналық мекеменің заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу жағын да сұраған едік. Ол былтыр ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа аппараттар әкелінгенін айтты.

Ақ халатты абзал жанның бүгінде екі ұлы, бір қызы бар. Балаларының барлығы да жоғары білімді. Ұлдары – Степногорск қаласындағы және Егіндікөл ауылындағы мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік қызметші болса, ал, қызы астанадағы банктердің бірінде менеджер болып жұмыс істейді. Жан жары құрметті зейнет демалысында. Өзінің де зейнетке шыққанына биыл алтыншы жыл екен.

Алайда, ауданда дәрігерлер тапшы болғандықтан, кейіпкеріміз қызметін әлі де жалғастырып, халықтың денсаулығын сақтауға үлесін қосып келеді. Өзінің негізгі қызметінен бөлек, дәрігер қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Оның аудандық мәслихаттың үшінші шақырылымында депутат болып сайлануы да тұрғындардың кейіпкерімізге деген зор сенімін, ыстық ықыласын білдіретіні сөзсіз.

Осынау елеулі еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» және «Егіндікөл ауданына 50 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған ақ халатты абзал жанға ұзақ өмір тілейміз.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар