«Ертегілер елінде» байқауы мәресіне жетті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықаралық балаларды қорғау күніне орай өскелең ұрпақ арасында ұйымдастырылған «Ертегілер елінде» атты облыстық шығармашылық онлайн байқауы жуырда өз мәресіне жетіп, зеренділік балдырған Олан Науан бас жүлде иегері атанды.

Балалар мен жасөспірімдердің ертегілер еліне саяхаттаған шығармашылық онлайн байқауының марапаттау рәсімі «Достар» мәдениет сарайында өтті. Жыл басында еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған балалар әдебиетін қолдау мәселесіне орай, биылғы 2021 жыл – «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялаған болатын. Осы ретте, облыстағы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі балалардың өздерінің ой-қиялына ерік беріп, олардың шығармашылық қарым-қабілетін анықтап, дамуына жол ашу үшін аталмыш «Ертегілер елінде» байқауын өткізуді қолға алыпты. Шығармашылық доданың шарты бойынша жасөспірімдер мен балалар алғашқы кезекте «Рухани жаңғыру» тақырыбында сурет салса, екінші кезеңінде ойдан ертегі құрастыру қажет болды.

Басты мақсаты балалар мен жасөспірімдердің білімі мен шығармашылығын қолдап, дамыту, отансүйгіштік қасиетін қалыптастыру, ұлттық мәдениет мен дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу болып табылатын байқауға облыстың 7-14 жас аралығындағы 40-қа жуық оқушысы қатысты. Балалардың шығармаларын бағалаған қазылар алқасының төрағасы облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Қаратай Төлекеев салтанатты шара барысында ертегі жазған қатысушылардың ой-қиялы мен арман-тілегіне, ұшқыр ойларына ризашылықтарын білдірді.

–«Рухани жаңғыру» бағдарламасы биыл елімізде төртінші жыл жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама негізінде біз қазақ халқының ұмытыла бастаған қасиетті мұраларын жандандырып, жаңғыртып, қайта дүниеге әкеліп жатырмыз. Соның бірі – балалар арасында ертегі шығару жарысы. Қатысқан балалардың таным-түсінігі, ой-арманы, қиялы шексіз екен. Алайда, байқау болғандықтан, әр баланың жұмысына мұқият қарауға тырыстық. Бір ғана кемшілік – балалардың пандемия салдарынан көптен бері мазмұндама, шығарма жазбағандары көрініп тұр. Оның бәрі уақытша. Осындай ауыз әдебиетіне ден қойған бүлдіршін, жас өскіндердің барына, оларға тәлім-тәрбие беріп отырған ата-аналарына алғысымыз зор, – дей келе, қазылар алқасының төрағасы ерекше ұнаған ертегілерге тоқталды.

«Ертегілер елінде» облыстық онлайн байқауында бас жүлдені жоғарыда атап өткеніміздей, зеренділік Олан Науан иеленді. Жүлделі бірінші орын бұландылық жасөспірім Аяулым Кенжебекқызына берілді. Сандықтау ауданынан қатысқан Мөлдір Қадірбек екінші орынның тұғырынан көрінді. Ал, үшінші орынға бұландылық Ризамын Азатқызы лайықты деп танылды.

Сондай-ақ, Біржан сал ауданынан қатысқан Алмаз Жанай, Бұланды ауданынан келген Бауыржан Төлегенов пен ақкөлдік Гүлназ Естаева ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жүлдегерлерге «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі дайындаған бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар