Ұлт денсаулығы – табысты болашағымыздың негізі

«Nur Otan» партиясы ғимаратында партияның Ақмола облыстық филиалы жанындағы ұлт денсаулығы жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті. Онда медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары, жалақыны көтеру, кәсіби дамуды қамтамасыз ету, еңбек жағдайларын жақсарту және Ақмола облысында «Nur Otan»  партиясының «Өзгерістер жолы: барлығына лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында медициналық мекемелерге мамандарды тарту мәселелері қаралды.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Қалдыбаева, Атбасар ауданының әкімі, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы Аманбек Қалжанов, Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Алин, Есіл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Саматов, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Айтқожиновалар хабарлама жасады.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау жүйесінде 2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 562 денсаулық сақтау мекемесі бар. Онда 6847 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 1459-ы дәрігер болса, 5388-і орта медициналық қызметкерлер. Мемлекет басшысының 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыны 2,5 есеге дейін өсіре отырып, дәрігерлердің жалақыларын мерзімді арттыру қажеттілігі туралы тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында дәрігерлер мен орташа медициналық персоналдардың жалақысын біртіндеп көтеру көзделген.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа есеппен дәрігерлердің жалақысы 211 мың теңгеден 274 мың теңгеге дейін көбейген. Ал, орташа медициналық персоналдардың жалақысы 134 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін, яғни, 20 пайызға артқан. Бұл шығындар, медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде қаржыландырылатын денсаулық сақтау субъектілерінің жалақысын өсіру мен оны медициналық қызметтерге тарифтерді көтеру арқылы жүзеге асырылуда.

Бүгінде, аймақтағы дәрігерлер тапшылығы 290 адамды құрайды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 113 медициналық қызметкерге жалпы сомасы 31,3 миллион теңгенің төлемдері төленсе, 72 медициналық қызметкер 281,7 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алуға несие алған. Бұл 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін, оның ішінде алтауы жас дәрігерлер екен.

–Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен 2020 жылдың қыркүйегінде 90 жас дәрігер келсе, оның 27-сі ауылға барған. Соның ішінде 15 маман 1 миллион теңге көтерме жәрдемақы алды,–деген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Сәрсенбайқызы өткен жылы қосымша 47 дәрігерге тұрғын үй бөлініп, оның 19-на әкімдіктердің есебінен, ал, 28-і медициналық ұйымдардың есебінен қамтамасыз етілгенін жеткізді.

Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында медицина қызметкерлеріне арналған 40 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталып, жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері үшін дәрігерлер үйін салу жоспарлануда.

Егіндікөл ауданында медициналық қызметкерлерге арналған 20 орындық жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілсе, Атбасар ауданында бұрынғы қан орталығының ғимараты да 30 орындық жатақханаға қайта жасақталған.
Кадр жетіспеушілігін төмендету мақсатында 2018 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде медицина факультеті ашылған еді. Онда жалпы патология және клиникалық пәндер бойынша екі кафедрада 590 студент оқытылуда. Жыл сайын облыстық бюджеттен «Жалпы медицина» білім беру пәні бойынша бакалавриатта оқуға 50 грант бөлінді. Бүгінде онда 150 ақмолалық студент оқып жатса, 16 студент облыс әкімінің жеке стипендиясымен және 16-сы аудан әкімдерінің гранттары бойынша білім алуда. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен 35 адам еліміздегі жоғары оқу орындарының резидентураларына оқуға жіберілген. Бүгінде медбикелерді оқыту үшін Көкшетау жоғары медициналық колледжінде оқуға мемлекеттік тапсырыс бойынша 164 грант бөлініп отыр. Оның 157-і «Еңбек» бағдарламасы бойынша болса, 26-сы мақсатты гранттар.

Қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы онкологиялық поликлиника, Шортанды ауданы, Степное ауылында ауысымына 25 келушіге арналған және Целиноград ауданы, Софиевка ауылындағы 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардағы құрылыс жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, Целиноград ауданы, Қосшы ауылында 100 келушіге арналған аудандық емхананың құрылысы, осы ауданның Қараөткел ауылындағы бір ауысымда 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория және Қоянды селосындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Облыста цифрландыруға байланысты 100 пайыз компьютерлік техникамен 5395 жұмыс орны жабдықталған. 562 медициналық ұйымның 529-ы, яғни, 94 пайызы интернетке қосылған. Барлық 38 мемлекеттік медициналық ұйымдар интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. Жүйелер толығымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің порталдарымен біріктірілген. Сондай-ақ, өткен жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде 5,5 миллиард теңгенің 496 түрлі дәрілік заттары жеткізілген.
Ұлт денсаулығы жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысының соңында Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының бас  дәрігері  Ерлан Аяғанов кеңес жұмысы жоспарының бекітілгенін айтты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар