Өткенге құрмет көрсету – ұрпақ парызы

Ерейментау ауданында кейінгі үш-төрт жылда тарихи-танымдық, рухани-имандылық бағытында ауыз толтырып айтарлық талай шаруалар жасалып жатыр. Ермек Нұғыманов ауданға жетекшілік жасап тұрған уақытта бастау алған бұндай игілікті істер кейін Абай Әлжанов басшылыққа келгесін одан әрі лайықты жалғасын тауып жатыр.

Мауысым айының 18-і күні Бөгенбай батыр ұрпақтарының атақонысы болып саналатын Қоржынкөлдің жағасында рухани-тарихи және діни маңызы бар үлкен бір шара болып өтті. Анығырақ айтсақ, Күдері ишан Шыңқожаұлы атты дін қайраткері жерленген үлкен қорымның басына зиратхана үй салынып, соның ашылу рәсімі жасалды.

Енді Күдері ишан кім дегенге келсек. Көпке белгілі, Қазақстанның қай аймағында болмасын, қожалар әулеті бар. Бұл қожалардың ата-бабалары сонау бір ескі замандарда қазақ даласына дін таратушы миссионерлер ретінде келсе, кейбірін ХІХ ғасырда қазақтың белгілі рубасылары, ауқатты адамдары, би-болыстары елді имандылыққа тартсын, жастардың мұсылманша тілін сындырсын деп арнайы әкеліп отырған. Сосын бұл қожаларды үйлендіріп, алдарына мал салып, өз қолдарында ұстаған. Кейін осы қожалар сол ру-тайпаларға біржола сіңісіп кеткенін білеміз. Күдері қожаның әкесі Шыңқожа (Шәңкіш қожа) Мәнтайұлы (Меңкейұлы)да осындай себептермен бір замандарда Баянауыл жеріне келсе керек.

Енді осы қожалар Баянауылдан Ерейментау жеріне қалай келді десек, сол заманда Бөгенбай батырдың немересі Бапан би Қаржас Шорман биден Шыңқожаны сұрап алыпты деп жазады Ерейменнің ертеде өткен үлкендері. Бапан би осыдан соң Шыңқожаға Бөгенбайдың інісі Маймасардың Тілеп деген атасынан тарайтын Бөртебай деген адамның қызын әперіп, жеке отау қылып, Шыңқожа Ереймен жерін біржола мекендеп қалып қояды.

«Бөртебайда ұл жоқ екен, қызын Шыңқожаға берерде «егер тұңғышың ұл болса, мен өзім бауырыма салып алам» деген шарт қояды. Сөйтіп, Шыңқожаның тұңғышы Күдері дүниеге келеді. Бірақ, бір себептермен ол баласын қайын атасына бермей, екінші туған ұлы Құспекті беріпті» – дейді қолда бар деректер.
Осы Шыңқожадан туған Күдері қожа өз заманында ишан атанып, Қоржынкөлдің солтүстік бетін мекендеп, медресе ұстап, халықты имандылыққа тартқан адам. Сонымен қатар, ол тәуіптік-шипагерлікпен де айналысып, ем-дом жасап, елдің алғысын алған екен. Бұл жөнінде ертеректе Қоржынкөл төңірегінде тұрған қариялар әңгімелейтін. Кейін осы Күдері ишанның медресесі тұрған жерде түнгілікте үш жарық жанып тұрады десетін. Бірақ, кешегі кеңес билігінің құзырында болған 70 жылда тек қожалар әулеті ғана емес, жалпы Ерейментау жерінде исламның шырағын жаққан талай адамдар ұмыт қалғаны белгілі. Соларды бүгінде ғана еске алып, ұлықтап жатырмыз.

Енді шежіре бойынша таратар болсақ, Шыңқожаның арғы түбі Әзірет әлі – Мұхаммет Ханафияға барып тіреледі екен. Бұл деректі де сол замандарда Ереймен елінің үлкендері ауызба-ауыз жазып алып қалдырған.

Әзірет Әлі – Мұхаммет Ханафия – Ғабділ батадам – Ғабділжаппар – Ғабділғаппар – Ғабділқаһар – Ғабдырахман – Ысқақ баб – Харун шайқы – Мумин шайқы – Мұса шайқы – Хасен шайқы – Ғосман шайқы – Мұхаммет шайқы – Махмут шайқы – Ибраһим шайқы – Сейітсұлтан – Қожа-Ахмет Яссауи – Ғабдырахим – Ғабдыжәлел – Данышпан сопы – Мекайыл сопы – Әнбия сопы – Бадал ата – Сүйіндік ата – Күйіндік ата – Ибраһим ата – Смағұл ата – Ғабдылмәлік қожа – Қожа Кәлән баба – Саид мүнзир қожа – Маһди қожа – Қосжан қожа – Қожа кәлән – Әуез қожа – Мәнтай қожа – Шәңкіш қожа (Шыңқожа).

Енді осы Күдері ишанның басына зиратхана салуға не себеп болды дегенге келейік. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында халық емшісі, көріпкел Замира Есенәліқызы деген қарындасымыз тұрады, өзі оңтүстіктегі Қазығұрт жерінің тумасы. Расын айту керек, бұл күнде емші, көріпкелдер жайлы халықтың пікірі әртүрлі.

Жасыратыны жоқ, ондай адамдардың ішінде өзіміз де бар едік. Бірақ, Замираның ерекше қасиетіне талай мәрте көзіміз жеткесін, осы жолдарды жазып отырмыз. Және Замира Есенәліқызы Елордаға қоныс аударғалы бері Ерейментау жерімен барынша байланыс жасап, Бөгенбай батырдың аруағын ұлықтап жүрген адам. Алдыңғы жылы осы жердегі елге ұйытқы болып, Шыңқожа бабаның басын көтерткен болатын. Былтырғы жылы Ерейментауға арнайы келіп, аудан әкімі Абай Еламанұлына кіріп, Ерейментау жерінде қожалар әулетінің болғанын, олардың бірі Күдері ишан өзіне аян беріп, мазасын алып жүргенін айтқан еді.
– Сізден өтінішім, сол ишан-қожа жатқан қорымның басына халық барып түнейтін бір зиратхана-үй салынса екен. Сол үшін мынау өзімнің қосқаным, жетпегенін өздеріңіз жеткізерсіздер, – деп бір миллион теңге ақша ұсынған.

Шындығын айту керек, Абай Еламанұлы аудан басшылығына келгеннен бері көптеген игілікті істерге мұрындық болып жүргеніне ел куә. Бұл жолы да ол Замира Есенәліқызының ұсынысын қуана қолдап, дереу «Қанжығалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайыркен Жақып ақсақалды, басқа да ел ағаларын жинап, Замира ұсынған қаражатты сол кісілерге табыс етті. Зиратхана үйін салу жұмысын құрылыс маманы, бүгінгі зейнеткер Қанай Омаров атты азаматқа міндеттеген. Сөйтіп, былтырғы жылы ел ішіне келіп жатқан індетке қарамай, Қайыркен Жақып, Қанай Омаров, Ерболат Шахатов секілді адамдар қар бір жауғанша үйдің іргесін көтеріп, төбесін жауып тастаған болатын. Биыл күн жылынысымен осы үш адам тағы да құрылысты қолға алып, үйдің шатырына күмбез орнатып, біржола аяқтап бітті.

Сөз арасында айта кетелік, Замира емші биылғы жылы тағы да 300 мың теңге өз қаражатын қосқан. Бірақ, мынадай қымбатшылық заманда бір-екі миллион теңгеге үй тұрғызу оңай емес. Осындай кезде ел арасындағы есі бар азаматтар жұмыла кірісіп, қолдан келген көмектерін аяған жоқ.

Бұл жөнінде Қанай Омаров пен Қайыркен Біләлұлы былай дейді:
– Рас, мойнымызға міндеттеп алғасын, дұрыстап аяқтау керек болды. Осы екі жылдың ішінде аудан әкімінің де, кәсіпкерлердің де біраз мазасын алдық. Себебі, шаруаның бірі жетсе, бірі жетпей жатады. Біреулерден қарызға аламыз, біреулер өздері біліп көмектеседі. Ең әуелі аудан әкімі Абай Еламанұлына алғысымыз шексіз. Құрылыс материалдарын тауып беруге барынша көмектесті, құрылыс біткесін, электр жарығын тартқызып берді. Әйтеуір қолдан келген көмегін аяған жоқ. Ел басында осындай азаматтардың жүргені халыққа мерей ғой. Осы жолы біздің соған көзіміз жетті.

– Бұл игілікті істен ел азаматтары да қалыс қалған жоқ, олардың осы жерде аттарын атап кеткен жөн шығар. Мысалы, әкелі-балалы Қоныс пен Олжас Әлімжановтар, Балхаш Қаратаева, Сәбит Шакаев, Қайрат Махметов, Мағжан Жолдасов ақсақал, марқұм Әрай (Сыздық) Әпенов, ол кісінің баласы Аманжол Әпенов, Құрмет Қапашев, ағайынды Ерлан және Елдос Оспановтар, Алтынбек Баймолдинов, ағайынды Арман және Талғат Қалиевтер, Асылбек Жортпин, Қуаныш Қияшев, Жұма Тайжанов, Бауыржан Ахметуллин, ағайынды Серік, Берік, Жеңіс Ахметовтер, Серік Жүнісов, Саят Қосшығұлов, Ерболат Мадияров, Сәрсенбек Өтепов, Александр Островский, Леонид Белошицкий, Қазыбек Бөкешов, Азат Төлендинов, Ербол Мұстафин, Жылқыбай Абақаев, Ажы ауылының тұрғындары Ғибадат Әубәкіров, әкелі-балалы Әлібек және Әділжан Тұқпиевтер шамалары келгенше қол ұшын берді.

Осы азаматтарға ел атынан шексіз алғысымызды білдеріміз. Алла тағала қолға алған істерін оңға бастырып, отбас-
тарына аманшылық берсін дейміз. Елдің елдігі осындайда білінеді. Егер Замира емші әкеліп берген қаражатқа ештеңе қоса алмай, аузымызды ашып отырсақ, елге сын болар еді, – дейді ақсақалдар.

Міне, бүгінде Қоржынкөлдің жағасында, Күдері ишанның медресесінің орнында зиратхана үйінің құрылысы бітіп, ашылу салтанаты болып өтті. Енді бұдан былай дертіне шипа іздеген адамдар, Түркістан секілді алыс жерлерге баруға жағдайы жоқ кісілер осы араға келіп, тәу етіп, тілек тілеулеріне болады. Бұрын Ерейментау жерінде ел түнейтін тек Тоқан хазіреттің басы ғана еді. Енді бұл секілді қасиетті орын екеу болды. Тек Алла қолдаушы болсын!

Зиратхананың ашылу шарасында сөз алған аудан мешітінің бас имамы Еркебұлан Исенов: «Кезінде Ерейментаудың Тойғанкөліндегі Ақтамақ халфенің медресесінде жеті жыл ғана оқыған Сәкен халфе Ғылмани бір академияның жұмысын тындырып кеткен адам. Біздер де сол дәстүрді қайтадан жалғастырып, осы зиратхана үйін жаз айларында медресе ретінде қолдансақ, тіпті керемет болар еді» – деген өз ойын айтты. Бұл да көңілге қонарлық сөз. Дегенмен, бұның бәрін болашақ көрсете жатар. Ең бастысы, Ерейментау елінде тағы да бір ел мерейін көтеретін шара болып өтті.

Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар