Қаламның қуатымен – елге қызмет

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні құрметіне өткізілген іс-шараға қатысып, өңірдің барлық БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады. Өз қаламдарымен тәуелсіз еліміздің нығаю мен өркендеуіне үлес қосып келе жатқан шығармашылық ұжымдар мен жекелеген журналистерді марапаттады.

Бұл шара Көкшетау қаласының етегіндегі «Бұқпа» тауының баурайындағы «Динамо» спорт кешенінде өтті. Талай тылсым тарихқа куә болған тау етегі ажарлы кейіпке енген. Қарымды қаламымен халқына еңбегін сіңіріп, сөз ұстаған, журналистика саласының жүйріктері төл мерекелерін атап өтуге жиналды. Қалың бұқараны ақпаратпен жедел қамту, жақсылыққа бастау, ізгі істер төңірегінде ұйымдастыру, ел бірлігін нығайтып, мемлекетіміздің ішкі саясатын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жанкешті еңбек етіп келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Ермек Маржықпаев қарымды қалам иелеріне жүктеліп отырған жауапкершілік жайында, қалам иелерінің сол жауапкершілікті абыроймен атқарып, толайым табысқа жетіп келе жатқандығына тоқталды.

–Бүгінгі ақпарат заманында ақмолалық журналистер тамаша еңбек етіп жатыр, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев, – өйткені, біздің өңірде ықылым заманнан бері тамаша тәжірибе, толымды да ізгі дәстүр қалыптасқан. Осы салада жан аямай жұмыс істеген ардагерлердің сәтімен сабақталған үлгісі бүгінгі күні рухани кемелденіп, толысып, өз жалғасын табуда. Өздерінің жасампаз еңбектерінің арқасында ел бірлігін нығайтып, ынтымақты сүттей ұйытып, жер-жердегі озық тәжірибелерді кеңінен насихаттауларының арқасында жарқыраған жақсыны үлгі етіп, өнеге қылып жүрген жанашырлар қаншама. Бүгінгі мереке қаламымен халыққа қызмет еткен, табиғат сыйлаған таланты мол барша журналистерге құтты болсын. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін.

Ақпарат айдыны соңғы жылдары айтарлықтай кеңи түсті. Әлеуметтік желілер дамып келеді. Дәстүрлі журналистиканың тамырынан көктеген жаңалық нышаны көпшілік көңілін өздеріне аударуда. Облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының саны артып, сапасы да жақсара түсуде. Мұның барлығы халықтың ақпараттар легімен дер кезінде құлақтанып, мазмұны мол танымды дүниелер арқылы рухани нәр алып, мәңгілік ел мұраттары төңірегінде тұтаса түсуіне игі ықпалын тигізуде.

Салтанатты рәсім барысында саланың ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, жекелеген тұлғаларға «Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері табыс етілді. Облыс әкімі тағайындаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында өткізілген «Алтын қалам» байқауының қорытындысы шығарылып, сый-сияпаты жасалды.
Салтанатты шара әдемі әнмен көмкеріліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар