Жасыл «белдеу» орманы жайқалып келеді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы қолайсыз климаттың ахуалын жақсарту, қала халқының жайлы өмірі мен демалысына жақсы жағдай туғызу үшін 1996 жылы «Астананың жасыл белдеуін құру» мәселесі қолға алынған болатын.

Жасыл белдеу Орталық Азияда теңдесі жоқ жасанды орман алқабына айналды, Елбасының бағалы бастамасы баянды болып, игілігін жалпақ жұрт көруде. Қаланың өзінде және жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастырып, аялап өсірудің өзі оңай шаруа емес еді. Топырағы сортаң, қу даланы гүл жазира алқапқа айналдыру туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бұл орман – таза ауамен тыныстауға мүмкіндік беретін еліміздің «өкпесі».

Орман алаңы желден, шаңнан қорғайды, тазалыққа үлес қосады. Бұл – біздің ұрпағымыз үшін жасалып отырған сый, болашаққа ескерткіш» деген сөзі ақиқатқа айналды.
Елорда аумағындағы орман шаруашылығын дамыту бойынша берілген тапсырма жүйе-жүйесімен орындала бастады. Алдымен ағаштардың түрлі сұрыптағы жиынтығы, орманның ортасына қарағай, шырша, аққайың тәрізді отырғызылды. Бірте-бірте орманшылардың жанқиярлық еңбегінің арқасында орман өзі гүлдеп, тұқым шашып, ағаш пен жасыл желектің түр-түрі көбейе бастады. Ең бастысы, Елорда жұрты және алыс-жақын шетелдерден дүмеп келіп жатқан меймандар көкірегі қанша жұтса да тоймайтын саф ауаны жұтып, алаңсыз дем алатын, жайлы да әсем, сүйікті орындарына айналды.

Жыл өткен сайын жасыл белдеудің аумағы ұлғая түсті. Көгілдір сағыммен мұнартып, көз арбап, көңіл тоғайтып жататын жасыл желектің көкжиегі бірте-бірте кеңейе түсті. Елбасы айтқандай, бұрынғы айтақыр жер сыңсыған орман алқабына айналып, Елорданың қолайлы климатын қалыптастырып, экологиясын жақсарта түсті. Әуел баста көздеген мақсаттың бірі – туған топырағын құрметтей білетін патриоттарды тәрбиелеу. Бұл орайда да, ауқымды жұмыс атқарылды.

Мамандар Елорданың жасыл белдеуіндегі екпе ағаштардың санитарлық жағдайын кірпік қақпай бақылау үстінде болды. Бар жұмыс ғылымның сүйемелдеуімен жүргізілді. Оның өзі бірнеше бағытта өрістеді. Айталық, орман-патологиялық зерттеу, ғылыми-тәжірибелік аймақтарда орман өсімдігі түрлерінің жағдайын бағамдау, кесіп-күту әдістерінің ағашқа әсері таразы басына тартылды.

Жалғыз ағаш қана емес, оның ішіндегі тірі организмнің тіршілігін білдіретін жан-жануардың құрамын мейлінше көбейту де қолға алынды. Жасанды орманның өсімдік әлемі әрі жануарлар құрамы қатар дамыды. Инкубация арқылы мыңдаған құс шығарылып, еркіндікке жіберілді. Қазір ну орманның ішіне енсеңіз, он сан құс жасыл желекке оранған гүл жазира мекеннің сәнін келтіріп, дала оркестрінің қуаныштан құйқылжыған күйін шертіп тұр.

Негізгі жұмыс 1997 жылы басталып, екі кезеңге бөлінді. Алғашқы жылы 14827 гектар жерге 9,6 миллионнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Оның ішінде қайың, шегіргүл, үйеңкі, қарағай тәрізді ағаш түрлері болса, бұтадан қарақат, дерен, үшқат, мойыл өсірілді. Екінші кезеңде, яғни, 2012-2020 жылдар аралығында жасыл белдеудің жалпы аумағындағы 8127 гектар алқаптың 2594 гектарына 3 174 342 дана ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде мәңгі жасыл шырша мен көркі көзтартар қарағай, балқарағай мен бұл өңірде сирек кездесетін арша бар. 2011-2016 жылдары Елорданың оңтүстік батыс бөлігінде жалпы ұзындығы 25658 метр болатын веложол салынып, ондаған самалжай бой көтерді.

Мамандардың айтуына қарағанда, жасыл белдеудің жақсы әсері аз емес. Жергілікті климаттың жұмсаруына да әсер еткен. Ит тұмсығы өтпейтін орман пайда болғаннан кейін желдің орташа жылдамдығы да бәсеңдепті. Оның үстіне сыңсыған орман алқаптары қар тоқтатуға да сеп. Соңғы жылдары шаңды дауылдың, қыстағы боран-шашынның екпіні азайған.

Елордадан бастау алған жасыл белдеу жер жәннатты – Бурабай курортты аймағына дейін созылуға тиісті. Бұл да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы. Қазіргі күні 160 шақырым жол бойында ертеңге деген ел үміті тәрізді қаулап өскен жасыл желек жан жадыратып, жайқалып тұр. Жалпы аумағы 2575 гектарды құрайды. Бұл алқаптарда ағаштың 11 түрінің 6,3 миллион көшеті отырғызылған. Алғашқы кезеңде егілген нәзік көшеттер бұл күні бой салып, ұшар басы әсірелеп айтқанда бұлт бауырын сызардай көтерілген.

–Бурабайдан шығып, Елордаға жеткенше қос қапталыңда жайқалып өскен жасыл желек бір үзілмейді, – дейді ел ағасы Сапар Нұрпейісов, – өтпелі кезеңде Ақкөл мен Бурабай аудандарының төңірегіндегі орман алқаптарын әлденеше мәрте өрт шалды. Осы кезде заңсыз ағаш кесу оқиғалары да жиі орын алып жататын. Күтімі болмаған соң селдіреп те қалды. Қазір сол олқылықтың орнын толтырып, тіпті еселей көбейтіп, жасанды орман алқабы қайта жаңғырды. Экологияға пайдасы өз алдына, шарапатын қарапайым халық та көріп отыр. Жаз бойы табиғаттың тартуын, қойнауындағы иен тегін игілігін – жеміс-жидегін теріп, пайдаланушылар аз емес.

Төрт ауданның аумағында бой түзеген жасанды орман алқаптары біртұтас экожүйе қалыптастырып отыр. Әр кезең бойы, рет-ретімен отырғызылған орман тиісті технология бойынша күтіп-бапталады.
– Біз үш ауданда топырақ құрамын зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Төкішев, – екі жарым мың гектар аумақ мұқият зерттеліп, ағаш егуге жарамды деп табылса, көшет отырғызылатын болады. Алғашқы жылдары материалдық-техникалық базаның әлсіздігі қолбайлау болды. Облыстық әкімдіктің бөлген қаражатына 20 трактор, 4 автокөлік сатып алынды. Енді ойға алған шаруаны мұқият атқаруға толық мүмкіндігіміз бар.

Жасанды орман алқабын кеңейту, ең алдымен тәлімбақтардың жұмысына байланысты екені белгілі. Қазіргі күні облыста 3 тәлімбақ үздіксіз жұмыс істеп тұр. Көшетке деген сұраныс артқан. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында 2 миллиард ағаш көшетін отырғызу міндетін қойғаннан кейін көшетке деген тапсырыс көбейе түскен. Қажеттілікті уақытылы өтеу үшін өңірде тағы екі тәлімбақ ұйымдастырылмақшы. Қуат кемелденіп, келелі мәселені оңынан шешу осылайша қолға алынбақ. Орманшылар қауымы алдағы бес жылдың ішінде 150 миллион дана ағаш көшеттерін отырғызуды межелеп отыр.

Сөз арасында Ақкөл орман шаруашылығында 51 гектар аумақты алып жатқан нысан 2004 жылы қайтадан қалпына келтірілгендігін айта кетелік. Ауа райы құбылмалы өңірде көшеттерді тамшылатып суару әдісіне көшіпті. Бұл жерде барлығы 80-ге таяу ағаш түрі өсіріледі. Нұр-Сұлтан-Щучинск бағытындағы тас жолдың бойында құлпыра көктеп тұрған көшеттің дені осы тәлімбақта көктеген.

–Біздің тәлімбақта қараағаш көшеттері өсіріледі, – дейді Ақкөл орман шаруашылығының директоры Александр Белоусов, – биыл көктемде 200 мың көшет босаттық, қалған көшеттерді күзге дейін осында баптаймыз. Жұмыс өз ырғағымен жүріп жатыр. 2018 жылдан бері 1,5 мың көшет жол бойындағы жасыл белдеуге отырғызылды. Қазір жапырағын жайып, көктеп тұр.
Жанға жайлы жасыл белдеу уақыт өткен сайын жайқала көктеп, сайын даланың сәніне айналуда. Елбасының даналығымен жүзеге асқан дала салтанаты, кейінгі ұрпаққа өнеге болар ескерткіш.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар