Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәулескер домбырашы - АРҚА АЖАРЫ

Дәулескер домбырашы

«Музыкалық тәрбие – бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу» дейтұғын қанатты сөз бар. Көкшетаулық дәулескер домбырашы Сәкен Біржанов шешен домбырасының шанағынан құйылып түскен мазмұнды күйлерімен замандастарымыздың рухани әлемін байытып келе жатқан өнер иесі.

Шұрқыраған қалың жылқы болат тұяқтарымен дала төсін жаңғыртып жіберген. Жол таппай қиналатын тәрізді. Тұс-тұстан андағайлап шапқан кезде ұйыса ұйлығып, теңіздің ақбас толқынындай буырқана шиыршық атып жөңкіледі. Басқыншы жау түн ортасында шапқан. Шырт ұйқыда жатқан ауыл жігіттері жылқыға жетіп үлгермеді. Бес қаруын асынып келген қарақшылар тәмам жылқыны сойылдап қуғанымен, жылқының құты – Бозайғыр бөліне қашып, туған жеріне тартады. Барымташылар аузымен құс тістеген жүйріктерімен іле қуғанымен қара шалдырмай кетеді. Арқырай кісінеп, туған жерінің өрттенген, бүлінген, дүние-мүлкі шашылып жатқан, сойылға жығылған жұртына келіп күңірене кісінеді дейді. Күй тілі оқиғаны айна-қатесіз, дәл осылай баяндайды. «Бозайғыр» күйінің желісі төрт түлік малдың төресі – жылқының бойындағы осынау асыл қасиетті паш етеді. Қос ішек күңірене боздап, Бозайғырдың шыбын жаны шырқыраған, жер тарпып аласұрған сәтін айнытпай баяндайды. Оның арғы жағында тілсіз мал баласы болса да көкірегінде тұнық суын ішіп, жасыл шалғынына жайылған туған топырақты қимайтын бір сезімнің бебеулеп жатқандығын аңғаруға болады. Ал, адам ше? Көзі ашық, көкірегі ояу жан өз Отанын, өз жұртын басқыншы жауға бастырып қоймауға тиіс. Күйдің айтары да сол. Тыңдаған жанның алпыс екі тамырын тулатып, тұла бойын қорғасындай балқытып, естіген есті құлаққа нағыз патриоттық, ұлтжандылық, елжандылық дәнін сіңіреді.
Сахнадағы тұрымтайдай түйілген дәулескер домбырашы Сәкен Біржанов күй лебімен ырғалатындай. Бұрынғы Чкалов ауданының Талдыкөл ауылының тумасы. Өнері өрістеген шаңырақта дүниеге келген. Ән құшағында тербеліп ер жеткен. Әкесі Көкшені әнмен қырған Еркін Біржанов отбасына қарайлап, алысқа ұзап шыға алмады. Табиғи таланты толайым еді, мүмкіндігі де қаптал жететін. Үлкен өнердің жарық жұлдызы болуға жаратқан ие сыйлаған табиғи дарыны жетіп тұрғанымен, ата-анасының жайына қарайлаған. Сол себепті де ауылда қарапайым жүргізуші болып еңбек етті. Адал жүрді, адал тұрды, өнерге де адал болды. Облыс орталығында күн құрғатпай өтіп жататын байқауларға қатысып, талай рет топ жарды. Республикалық сахналарда да ән-жырдың алтын бесігі – Көкшенің намысын қорғады, шет елдерге де сапар шекті. Осылайша талай жетістікке қол жеткізді. Ең бастысы, бауыр еті балалары да әке жолын қуып, өнердегі танымал тұлғаларға айналды.
1988 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын аяқтаған Сәкен Еркінұлының өнердің үлкен ортасында ірге теуіп қалуға мүмкіндігі бар еді. Болашағынан үлкен үміт күткен ұстаздары консерваторияда қалып ғылыммен айналысуға ұсыныс жасаған. Әйтсе де өнерпаз ұланның бір бүйірінде туған жерге деген сағыныш, перзенттік махаббат мөлдіреп жатқан болатын. Сол сезімдер қолынан жетектеп әкесі әнмен әлдилеген Көкшетауға алып келді. Облыс орталығындағы Үкілі Ыбырай атындағы филармонияға 1993 жылы орналасты, осы бір кезден бастап домбырашы Сәкеннің аты дүркіреп шыға бастады. Ақсары өңі алаулап, үнемі емен-жарқын күлімдеп жүретін домбырашының бойындағы шынайы қарапайымдылық, үлкенге деген ізет, ішкі мәдениетінің молдығы өнерімен ұштасқан соң көрермен ықыласына ие болды. 1998 жылдан бері өнерге ұмтылған ұландардың тәлімді тәрбие мектебіне айналған мәдениет колледжінде ұстаздық етуде.
–Көне күйлер – еліміздің асыл, қымбат қазынасы, – дейді күйшінің өзі, –бұл күйлердің ішкі мағынасында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Тек санамен салмақтап, түсіне білген ләзім. Кез-келген күй әлдебір тарихи оқиғаға байланысты шыққан. Ең алдымен күй тілінде өрілетін, көне дәуірдегі айтулы оқиғаны бейнелейтін музыка сөзін қапысыз аңғарып, сезіне білу қажет. Ықылым заманнан бері желі тартқан жүз сан күйдің бәрі де ежелгі ел тарихын құрайды. Осы күйлерге қарап-ақ біз халқымыздың қандай сұрапыл жылдарды, запыран заманды басынан кешіргендігін аңғарар едік. Бұл туралы тарихи тұлғаларымыздың айтқан, жазған деректері де аз емес.
Шынында да айрықша дарынды ғалым Шоқан Уәлиханов «Абылай» атты жазбасында: «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілерінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының сөзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған. Домбыра мен қобызда орындалатын небір күйлер соның дәуірінде дүниеге келген және сол кезеңді сипаттайды», – дей келе, «Шаңды жорық» – халық күйі, жаудан беті қайтып көрмеген жүрек жұтқан Баян батыр опат болған шабуыл кезінде шыққан күй екендігін ескертеді. Қарымды қаламгер Мұхтар Мағауиннің дерегінде Шаңды жорық оқиғалары туралы қаншама тарихи әңгіме сақталғандығы мен «Шаңды жорық» – деп аталатын күй де болғандығын, шын мәнінде бұл шаң бораған жорық емес, қан судай аққан, қалмақтармен соғыс тарихындағы ең аяусыз, ең қатал және құрбандығы да шектен шыққан, аса зор әрі ең ақырғы майдан болғандығына тоқталады.
Абылай ханның «Майда қоңыр» күйі туралы мынадай аңыз бар екен: Абылай ханның жорғасы болыпты. Әлгі бір жорғалағанда үш алуан, кейде арындап, кейде ақырындап, кейде аяңдап жорғалайды екен. Содан оның жорғасын майда қоңыр атап кеткен. Осы жүрісін домбыраға салады. Бірақ «тіл болады» деп ешкімге көрсетпей, айдалаға барып тартады. Сонда күй тартып отырған ханды, қой бағып жүрген қойшы ғана көріп, күйді қолындағы таяғына түсіріп алады да, ауылға келгенде: – Абылай хан жорғасының жүрісін былай салды, деп таяғымен тартып көрсетіпті. Содан күй елге тарапты, – деген дерек бар.
Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Сәкен Біржанов тәрбиелеген жастар да қаулап өсіп келеді. Жанат Рашит Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлттық оркестрінің дирижері, Жұлдыз Мұқышева филармонияның әншісі, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің мұғалімі болса, Әйгерім Шалқарова облыстық филармонияда табысты еңбек етіп жүрсе, Әлизат Дүзелбай Нұр-Сұлтан қаласындағы филармонияда өнер сүйген қауымды табиғи талантымен тәнті етуде. Ал, ғылым жолын қуған Қайырбек Әлібек магистратураны тәмамдап, болашағынан үміт күттіруде.
Сахна төрінде тағы да күй шалқыды. Салтанатты рәуіштегі күй. Ел болашағының жарқын екендігін көкірекке құйып тұрғандай. Бұл дәулескер домбырашы Сәкен Біржановтың шабытты шағының шағын бір көрінісі.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар