Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ленинград құрсауында қалғандарға рух берген жыр - АРҚА АЖАРЫ

Ленинград құрсауында қалғандарға рух берген жыр

Қиын сәтте жақсы сөз де көңілге демеу, бойға рух ұялатады. Осындайда өлең сөздің қуаты бөлек. Ақынның өнеріне халық иланатыны да содан болар. Өзің айта алмаған сырларды ақын жүрек сезіп қана қоймайды, шұрайлы тілмен жаныңды емдеп береді, сөйтіп, жүрегіңе сөз жеткізсіз жылулық, бойыңа рух, жаныңа қуат сыйлайды. Кешегі сұрапыл Ұлы Отан соғысында «Ленинградтық өрендерім!» деп жырлаған ақиық ақын Жамбыл Жабаевтың осы бір рухты өлеңі 900 күн бойы қас жаумен алысқан қаншама қандыкөйлек жауынгерлердің намысын қайрап, ажал аузында тұрған адамдардың жігерін жаныды, өмірге деген құлшынысын арттырды, ұлы жеңіске деген ұмытылысты берік етті.

Жалпы, Ақмола облысында Ленинград блокадасында болған қазіргі таңда көзі тірі төрт ардагер бар. Олардың бірі тоқсанға аяқ басқан Надежда Борисовна Коваль. Ол қазіргі таңда Щучинск қаласында тұрады.

– 1945 жылы мен бар жоғы бес жастағы бала едім. Сұрапыл соғыс балалық шағымды ұрлады. Мен сияқты қаншама адам қайғыдан қан жұтты, туғанынан айрылды, тағдыр тәлкегіне ұшырады. Әкем Борис Павлович Кабакчи бар-жоғы 32 жасында блокадада жатқан қаланың құрбаны болып кете барды. Ол соғысқа өзі сұранып барған болатын. Соңғы демі қалғанша жаумен соғысып, Отан үшін жанын пида етті. Әкеміз болашағынан зор үміт күттіретін ғалым еді. Соғыс басталғанға дейін В.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымының академиясында еңбек етті. 1939 жылы жас ғалымдар конференциясында марапатқа ие болған, –дейді әкесін сағынышпен еске алған Надежда Борисовна.

Иә, әкеге деген сағынышын, бал дәурен балалық шағын адам қанша жаста болса да, жүректен өшіре ала ма?
– Әкемнің қайда жерленгенін білмеймін. Мен оны соңғы рет Ленинградтағы пәтерімізде көрген болатынмын. Кейін анамыз бізді бомбадан бас сауғалайтын жерге апарды. Біз сол жерде күнелттік. Анамыз Александра Федоровна Мельник осы өзіміздің қазіргі Бурабай ауданындағы Қатаркөл ауылының тұрғыны болатын.

Бізді, сіңлім Людмила екеумізді, анамыз туған жеріне апаратынын баса айтатын. Бәлкім, анамыздың ақ тілегі қабыл болған болар, – дейді Надежда Борисовна. – Ленинградтықтардың ерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Соғыс кезінде бала болсам да әрбір сәт жүрегімнен өшпестей орын алды. Ленинградтықтардың ерлігі – Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің, шынайы патриотизмнің айқын үлгісі дер едім.
Ол сәл ойланып отырды да, өлең оқыды.

Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді!
Бұлағымдай көремін.

… Жау түнегі аршылар,
Тағы сайрар бұлбұлдар.
Тағы жайнар жұлдыздар,
Масайрасар, ұл, қыздар!

Ленинградтық блокадада болған, соғыс бала жүрегін жаралаған Надежда Борисовна бұл өлеңді орыс тілінде оқыды. Жүрегіне жара салған сол зұлматты жырлардың күйініші көзінен жас болып тамып жатты, тамып жатты.

– Көктен оқ қарша бораса да, адамдар жұмысын тоқтатпады. Дәрігерлер, мұғалімдер жұмыс істеді. Анам жинақтаушы банкте жұмыс істейтін. Бірақ, жұмыс тұралап қалған. Сонда да ол күнде жұмысқа барып жүрді, көппен бірге ел үшін жанын пида етуге даяр еді. Әлі есімде, бір күні көшеде келе жатқан едік. Анадайда жайылып жүрген бір жылқының үстіне бомба түсті. Жанай өткендердің барлығы қас-қағым сәтте жылқының етіне лап қойып, шикі етті әп сәтте жеп қойды.

Адамдар аштықтан қырылып жатты. Суды Нева өзенін ішетінбіз. Қақаған қыста үйдегі бар жиһаз бен киімді жағатынбыз, сөйтіп, жылынатынбыз. Міне, сондай күндері қала көшелерінде Жамбылдың атақты бұл өлеңі пайда болды. Ленинградтықтарға арналған өлеңді анам жаттап алып, айтып отыратын. Кейін оны мен де жаттап алдым. Өйткені, ол сол бір сұрапыл күндері біздің өлмеуімізге, ажалмен күресуімізге себеп болды ғой, – дейді сол күндерді еске алып Надежда Борисовна.
Кабакчи отбасын Ленинградтан қақаған қыста қалың мұздың үстінен жүк көлігімен үстеріне брезент жауып, қара түнде өздері сияқты бір топ ленинградтықтармен алып шықты.

– Көрер жарығымыз болған болуы керек. Өзеннің арғы бетіне шыққанда ол жақта тірі мысық пен ит барын көріп, таң қалғаным есімде. Сосын бізді вагондарға отырғызды. Анама «Ленинград блокадасында болған» деген куәлік берді. Әрбір станцияда анам мен бізге құжатына сәйкес нан мен қант беретін. Осылайша ел халқы ленинградтықтарды қолдайтын. Поезда да өлгендер көп болды. Менің әжем де солай қайтыс болды. «Әбден ашыққаннан ағзасы тамақты қорыта алмаған» деді дәрігерлер. Бір ай жүрген соң біз Макинка станциясына да келіп жеттік.

Қатаркөлде нағашы әжеміз тұратын. Сонда жеткенше асықтық. Ақыры, осы ауылға келіп, сол кісінің қолында тәрбиелендік. 1945 жылы нағашы атамыз соғыстан оралды. Иә, сұрапыл соғыс қаншама жанның жүрегіне өшпес із қалдырды. Қазіргі жастар тәуелсіздіктің, бейбіт өмірдің бағасын білсе екен деп тілеймін. Біз көрген қиындықты кейінгі ұрпақ көрмесе деген жалғыз тілек бар. Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Қазіргі жастар бақытты.

Олардың осындай ғұмыр кешіп жатқанын көру біз үшін де зор бақыт. Ал, қазақ халқының ұлы ақыны, жүз жасаған Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім!» өлеңіне келсек, ол сол қоршаудағы қалада аштықтан әлсіреген бізге жігер берді, үміт отын жақты. Сол үшін де қазақ халқына, оның бізге осындай өшпес өлең арнаған қарт ақынына ризашылығымыз шексіз,– дейді әжей.

Иә, Надежда Борисовна дұрыс айтады. Аталардың қанымен, аналардың жасымен, Жамбылдың осы жырымен жеткен бейбіт өмірдің қадірін жете ұғыну бүгінгі ұрпаққа аманат.

Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар