Ақшаға бәрін сатып алуға бола ма?

Қазіргі нарық билеген заманда ақшаға бәрін де сатып алуға болады деген түсінік белең алды. Былай қарағанда, шынында да ақшаға көп нәрсені сатып алуға болады. Мысалы, көп ақшаңыз болса, қалаған жеріңізде, қалаған еліңізде, өзіңізге ұнаған сәулетті де, жайлы үйде тұруыңызға, көңіліңіз қалаған іспен айналысуыңызға мүмкіндік бар. Одан қалды, әлемдегі ең көрікті жерлерге саяхат жасап, жайлы демалыс орындарында демалуыңызға, өзіңізге ұнаған затты сатып алуыңызға мүмкіндік бар. Дегенмен де, ақшаға сатып алуға болмайтын нәрселер де бар…

Үнді миллиардерінің өлімі

Коронавирус деген дерт әлемге таралғалы бері де бір жылдан астам уақыт өтті. Жылдам таралатын және өте жұққыш дерт байсың ба, кедейсің бе, жассың ба, кәрісің бе – оған қарамайды. Индияда тұратын бір қалталы бай миллиардер қатерлі дерт тараған кезде өзін жарнамалағысы келді ме, әлде ақыл-ойының жеткен жері сол болды ма, таза алтыннан тұмылдырық (маска) жасатады.

Алтыннан жасалған тұмылдырықтың арнайы демалатын тесігі болады. Оған шамамен 50  грамдай алтын жұмсалыпты дейді. 1 грам алтынның бүгінгі бағамы 25 мың теңге екенін ескерсек, бір тұмылдырыққа 1 миллион 250 мың теңге жұмсалыпты.
Сонымен алтын маска таққан миллиардерді дегенмен, тағдырдың тәлкегі ме, коронавирус дерті айналып өтпепті. Миллион теңге тұратын алтын тұмылдырық оны жұқпалы дерттен сақтап қала алмапты. Миллиардер де дертке шалдығады. Жай шалдығып қоймай, бұл ару алпауыттың бойындағы басқа да дерттерді қоздырып, көп ұзамай алтын маска таққан алпауыт жантәсілім етеді. Осылайша миллиардерді миллиардтаған ақшасы құтқарып қала алмайды.

Ақылмен пайдаланбасаң, құрдымға құлатады

Мұсылмандардың арасында ақшаны Алла адамға сынақ үшін береді деген түсінік бар. Бұл шындығында солай сияқты. Жаратқан пенделеріне мол байлық беріп, «қандай мақсатта пайдаланады, нәпсісін қанағаттандыруды ойлап, күнәнің құрдымына құлай ма, әлде сауапты істерге жұмсап, игілікке кенеле ме?» –
деп сынайтын секілді. Дегенмен, адамдардың 99 пайызы осы сынақтан өте алмай, омақасып құрдымға құлап жатады. Осыған қарап: байлық адамға бақыт әкеледі деген түсініктің жаңсақ екенін бағамдайсың.

Пакьяо деген тайландтық мықты боксшы бар. Миллиондаған доллар табыс тапқан әйгілі боксшы кедей отбасында туып-өскен екен. Кедейліктің тауқыметін тартқан ол, мол ақша тапқан соң жүздеген ауылдастарына  түстеріне де кірмейтін жайлы сәулетті коттедж сатып әпереді.  Жалғызбасты қарт әйелдің жайлы үйге кіргенде  тағдырдың бұл сыйына сене алмай, боксшының аяғын құшып еңіреп жылаған видеосы бар. Міне, осылайша кедей отбасынан шыққан өз өнерімен әлемге танылып, мол байлыққа ие болған жігіт байлығын үлкен сауапты іске жұмсап, жұмаққа енгізетін мол сауап алды.

Ал, біздің елімізде ақшаларын желге шашып, тоқал алудан рекордтық жетістікке жеткен байшыгештер баршылық. Алла берген байлықты қарақан басы, тойымсыз нәпсісі үшін ғана пайдаланып, аз күндік ғұмырында байлығынан сауап емес, тозақтың құрдымына құлататын күнаны молынан жинап жатқан байшыгештердің әрекеттеріне қарап, Алланың сынағынан өте алмай омақасу деген осы екен ғой деген ойға қаласың.
Байлыққа бәрін сатып алуға болмайды. Үнді миллиардерінің өлімі ажал келген сәтте қап-қап ақшаңмен өміріңді бір секунд ұзарту да мүмкін болмайтынын айғақтайды. Ендеше, ақылыңыз болса, бес күндік ғұмырда нәпсінің құлы болып, Алла сынақ үшін берген ақшаны далаға шашпай, сауап алуға жұмсаңыз.  Сонда екі дүниенің де игілігіне кенелесіз.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар