Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің маңызы өте зор

Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы 2020-2025 жылдарға арналған Ақмола облысындағы селолық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жүйесін дамыту жөнінде Жол картасын жасап, іске асыру үстінде.

Бұл карта Қазақстан Республикасының барлық елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес жасалды. Жол картасында тұрғындарды сапалы ауыз сумен сондай-ақ, қаржыландыру жоспарымен қамтамасыз ету шараларын одан әрі атқару үшін елді мекендердің тізімі анықталды.

Мәселен, өткен жылы сумен қамтамасыз ету және суды тарату жүйесін дамытудың 81 жобасына 12,8 миллиард теңге бөлінді. Оның 6,3 миллиард теңгесі ауылды сумен қамтамасыз етуге, 3,6 миллиард теңгесі Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытуға, 2,9 миллиард теңгесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Ауыл – ел бесігі» тәрізді өзге де бағдарламаларға бағытталды. Бүгінгі күні Ақмола облысы тұрғындарының 89,7 пайызы немесе 723 мыңы орталықтандырған сумен қамтамасыз етілген. Ауыз сумен қамтамасыз етілмеген тұрғындар саны 82 мыңды немесе 10,3 пайызды құрайды. Соңғы үш жылда сумен қамтамасыз етілген елді мекендер саны өсті.

«Нұрлы Жер» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы қалалық елді мекендерді орталықтандырған сумен қамтамасыз ету қолжетімділігі 98,8 пайызды құрайды. Ал, бұл көрсеткіш 2019 жылы 97,8 пайызды құраған еді. Көрсеткіштің өсуі жаңа абоненттерді қосу есебінен болып отыр. Селолық елді мекендерді орталықтандырған сумен қамтамасыз етуге қолжетімділік бойынша жоспарлы көрсеткіш 82,7 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішке орталықтандырған сумен қамтамасыз етудің 6 жобасын жүзеге асыру есебінен қолжеткізілді. 2021 жылы орталықтандырған сумен қамтамасыз ету қолжетімділігін қалалық елді мекендер бойынша 99 пайызға, селолық елді мекендер бойынша 84,1 пайызға жеткізу жоспарланды. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес, 2025 жылға дейін Ақмола облысы бойынша орталықтандырған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 225 елді мекеннің 107 селосына сумен қамтамасыз ету жүйесі салынады. 57 селоға күрделі блок-модулдер орнату жоспарланды.

Жол картасын орындау мақсатында 5 жыл бойы 107 елді мекенді орталықтандырған сумен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіледі. 2021 жылы 10 елді мекенге, 2022 жылы – 30, 2023 жылы – 20, 2024 жылы – 22, 2025 жылы 25 селолық елді мекенге сумен қамтамасыз ету жүйесі салынады. Жол картасына сәйкес, 2021 жылы Ақкөл ауданының Азат станциясында, Біржан сал ауданының Аңғал батыр ауылында, Ерейментау ауданының Бестоғай ауылында, Жақсы ауданының Ишим селосында, Целиноград ауданының Қаражар, Жаңажол, Қажымұқан, Ынтымақ, Шұбар ауылдарында су құбыры тартылады. Бүгінгі күні 8 жобаның жұмысы аяқталды. Целиноград ауданының Ынтымақ, Шұбар ауылындағы нысандар биылғы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 12,0 миллиард теңгенің 25 жобасы республикалық бюджетте нақтыланбақшы.

Санитарлық норма мен сапаға сәйкес, 57 селоны ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында сумен қамтамасыз етудің локальдық жүйесі орнатылады. Әдістердің бірі суды тазалаудың күрделі блок-модулін орнату болып табылады. Біздің салада өз жұмысын жетік меңгерген бірқатар білікті мамандар жұмыс істейді. Солардың бірі – жуырда зейнеткерлікке шыққан Ақмола облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тимур Хамзин. Ол саналы ғұмырының 25 жылын мемлекеттік қызметке арнады. Ол жұмысқа ерте келіп, кеш кететін. Оның кабинеті ылғи адамдарға толы болушы еді. Әріптестері жұмыс мәселесін шешу барысында кеңес алуға келетін.

Басқарма басшысының орынбасары абаттандыру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесінен сумен қамтамасыз ету жүйесін және энергетиканы дамытуға дейін жетік білді. Шешімі әрқашан да дұрыс болатын. Бұл біліктілік оның қажырлы еңбегі мен тәжірибесінің арқасында келді. Тимур Хамзин қоғам үшін аянбай еңбек етті. Оның еңбек жолы кеңес заманында өмір сүрген адамдардікімен ұқсас. Қарағанды политехникалық институтында оқып, құрылыс инженері-технологы мамандығын алып шықты. 1979 жылы Пески темірбетон конструкциясы зауытына мастер болып орналасты.

Кеңес заманында Тимур Ғабдулхайұлы Қазақстан Компартиясы қалалық комитетінің инструкторы қызметін атқарды. Мемлекеттік қызметке 1997 жылы келді. Алдымен, тәжірибелі маманды Көкшетау қалалық әкімдігінің өнеркәсіп, құрылыс және коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Кейін облыс әкімі аппаратындағы өндіріс саласын талдау бөлімінің аға инспекторы, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, Ақмола облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды. Мемлекеттік өтілдің соңғы 13 жылында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып, көптеген мамандарды үйретті. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді төл мерекемен құттықтағым келеді. Оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын, еңбектің жемісін, ойлаған арманының ең биік шыңынан көрінуін тілеймін.

Иван ЮРЧЕНКО,
облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар