Экологиялық жағдай көңіл көншітпей тұр

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалында облыстық экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаев «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен бірге азаматтарды онлайн режимінде қабылдады.

Алдымен, Аршалы кентінің тұрғыны Күлпаш Оспанова өз сауалында осы кенттегі қоқыс өңдейтін зауыттың құрылысы қашан жүргізілетінін айтты. 20 жылдан бері пайдаланып келе жатқан бұл полигон 15135 тұрғыны бар Аршалы ауданы орталығының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мұнда жаз айларында 14 адам, қыс айларында 8 адам еңбек етеді. Полигон аумағы темір шарбақпен қоршалған.

Бұл аумақтан шыға берісте дезинфекциялық ванна қарастырылыпты. Полигонда қатты тұрмыстық қалдықтар мен жерді үю участогы бар. Сондай-ақ, шаруашылық аумағы мен инженерлік ғимарат, қоқыс сұрыптайтын кешен, қоқыс тасымалдайтын көлік пен контейнерлер жуатын тораб алаңы орналасқан. Бұл нысанда қалдықтарды қабылдау, үю, оқшаулау жұмысы атқарылады. Өткен айда департамент бұл жобаның жетіспейтін құжаттары бойынша ескерту жасаған болатын. Осы орайда, тапсырыс беруші Аршалы кентіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысының техникалық-экономикалық негізіне кешенді ведомстводан тыс сараптау жүргізу келісім-шартын бұзған екен.

Сандықтау ауданындағы Балкашин селосының тұрғыны Георгий Килкариди Жабай өзені қашан тереңдетіледі деген сұрақ қойды. Бұл сауалға жауап берген департаменттің басшысы Қадырхан Бейсенбаев Алматы қаласындағы «Казгидро» серіктестігінің жобалаушылары бұл жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасын жасағанын айтты. Қазір жер учаскесінің құжаттарын жасау жұмысы жүргізілуде. Жұмыс жобасы Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қарауында жатыр.

Көкшетау қаласындағы «Борщенко» жекеменшік кәсіпорнының сарапшысы Индира Сұнғатулина өз сауалында биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа экологиялық кодекс күшіне енетінін, осы кодекске сәйкес, экологияға қатысты қалай есеп беру керектігін айтты. Департамент басшысы жаңа экологиялық кодекстің өзгертулері мен толықтырулары жөнінде түсіндіріп, 2021 жылдың екінші тоқсанындағы есеп беру қолданыстағы кодекстің 73 бабының 5 тармағына сәйкес жүргізілетінін айтты. Көкшетау қаласының тұрғыны Анар Әленова өз үйінің қасындағы төбеден қиыршық тас алынып жатқанын, бұл ойын баласына қауіп төндіретінін, сондай-ақ, Хасенов базары аумағында кешке қарай қоқыс жағылатынын, бұл осы маңдағы тұрғындарға қолайсыздық тудыратынын айтты. Бұған басшы шара қолдану үшін облыстық экология департаментіне хат жазу қажет деп кеңес берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар