Өндіріс пен ауыл шаруашылығында жұмыс қолы неге жетіспейді?!.

Ел ішінде «екі қолға бір күрек таба алмай отырмыз» деген желеу жиі айтылады. Алайда, осы тақырыпты қаузап зерделегенімізде, облыста төрт мыңнан астам, ал, облыс орталығының өзінде бір мыңнан астам жұмыс орнының бос тұрғандығын білдік.

Демек, жұмыс көп, жоғы – ынта мен ықылас. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Шортанды ауданына қарасты Бозайғыр ауылына жолымыз түсті. Соңғы жылдары шағын ауылдың шырайы кіріп қалыпты. Көшіп келіп, қоныстанушылар да аз емес екен. Тіршілік бар.

Қай тарапқа қарасаң да, мал бағып, өнім шығарып, жанталасып жатқан, кәсібін дөңгелетсем деп ұмтылып тұрған кәсіпкерлер. Жаңа жұмыс орындары да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап, көбейе бастаған. Соның бірі – жергілікті кірпіш зауыты. Астананың әлденеше ғимараты осы кәсіпорынның кірпішімен тұрғызылыпты.

Демек, өнімі өтімді, сұраныс бар. Қазір құрылысшы қауым сапаға айрықша мән береді. Талап деңгейінен табылып тұрған зауыттың ең басты мәселесі – жұмыс күшінің тапшылығы. Бүгінгі таңда шағын кәсіпорын отыздан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың айлық еңбекақысы атқарған жұмыстарына орай айына 150-250 мың теңге көлемінде айналады. Іргедегі елді мекеннен, жұмыс істейтін адам таба алмаған соң төңіректегі 4-5 ауылға сауын айтып, жұмысшы жинаған. Олар күн сайын қатынап жұмыс істейді.

–Қол байлау болып тұрған жай, жұмыс қолының жетімсіздігі, – дейді зауыт басшысы, – қазіргі күні жылына 3 миллион дана кірпіш шығаруға қауқарымыз толық жетеді. Егер жұмыс күші жетімді болса, бұл көрсеткішті екі есе көбейтуге болар еді. Әттең, адам таппай қиналып отырмыз. Төрт мезгіл тегін тамағын, ауылдардан қатынайтындарға күнделікті он литр жағар майын береміз. Атқарған жұмысының көлеміне байланысты еңбекақыларын ай сайын емес, күн сайын төлейміз.

Жасыратыны жоқ, кейбіреулері қолдарына азын-аулақ қаражат тигеннен кейін екі-үш күн қарасын көрсетпей кетеді. Қарныңның ашатыны да осы жер. Ауыл тұрғындары үшін айына 200 мың теңге көлемінде еңбекақы тапса, аз нәпақа емес қой. Екі жарым мыңға жуық халық тұратын елді мекеннен кішкентай зауытта жұмыс істейтін айналдырған алпыс адамды таба алмау жігеріңді құм қылады.

Жалғыз кәсіпорындарда ғана емес ауыл шаруашылығы құрылымдары да білікті маманға зәру. Ел ішінде механизатор жетіспейді. Күзгі егін орағы кезінде комбайн тізгіндейтін адам таппай қиналуда. Әр жыл сайын өңірдегі ауыл шаруашылығы колледждері дайындайтын түлектерінің білім сапасының сын көтермейтіндігі туралы жиі айтылады. Оның басты себебі, аталмыш оқу орындарындағы материалдық-техникалық базаның заман ағымына сай жаңғыртылмауында.

–Колледж бітіріп келген маманды тағы екі-үш жыл дайындауға тура келеді, – дейді Зеренді ауданындағы шаруа қожалығының агрономы Мағжан Болатов, – біз тіпті көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан жұмысшы шақырып, жұмыс істетіп отырмыз. Еңбекақысын уақытылы төлейміз. Басқасын айтпағанда, алдынан жұмыс үркіп отыратын әр механизатор көктемгі егіс және күзгі орақ науқандары кезінде екі миллионға жуық еңбекақы табады. Бұдан былайғы уақытта қажетті кадрды әр шаруашылық өзі дайындап алуы керек шығар. Қазір алқаптарда жұмыс істейтін техника жыл сайын жаңартылуда. Бұрынғы техника тетігін жақсы білетін майталман механизатордың өзі жаңасын бірден игеріп кете алмайды.

Бір қарағанда ірі шаруашылықтар қарапайым жұмысшының қадірін білетін сыңайлы. Ат-түйедей қалап әкелген соң бар жағдайын жасап, тіпті, қасы мен қабағына қарап отыр десек те артық айтқандық емес. Өйткені, кетіп қалса орнын басатын, мен жұмыс істеймін деп жұлқынып отырған адам жоқ. Баспанасын сатып алып беріп, еңбекақысын уақытылы төлеп, науқандық жұмыс кезінде тегін тамақтандырып, жас балаша өбектеп отыр. Бірақ, соның өзінде салаға қажетті жұмыс күші жетімсіз.

Ауылдағы жағдай осылай болғанда, облыс орталығындағы мәселе де өткір күйінде. Қазір Көкшетау қаласында бір мыңнан астам жұмыс орны бос тұр. Әсіресе, жол учаскелері мен құрылыс саласы қара жұмысшыға сусап отыр. Әрине, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта немесе жауын-шашында қара жұмыс істеу оңай емес екендігі түсінікті. Әйтсе де, қолы қимылдағанның аузы қимылдайды емес пе?
–Халық еңбектен қол үзіп қалды, – дейді ел ағасы Есен Әубәкіров, – ауылдағы жағдай түсінікті, өтпелі кезеңде механизатор мамандығының қадірін кетіріп алдық. Олар осы уақытта дұрыс еңбекақы ала алмады. Серіктестіктері мен шаруа қожалықтары механизаторлардың еңбекақысын шөппен, сабанмен, астық қалдығымен төледі. Әрі олар жыл бойы жұмыспен қамтылмайды. Табыс табатын уақыттары көктемгі егіс, шөп шабу, егін орағы кезінде ғана. Қыс бойы жұмыссыз отырады. Осы түйткіл жас толқынның ынтасын кемітті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «Ақыр аяғында, әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады» деп атап көрсеткен болатын. Еңбектің әмірші екендігі де рас. Демек, алдағы уақытта қарапайым еңбек адамдарын насихаттап, олардың ақадал, кей жерлерде тіпті ерлікпен пара-пар жұмысын құрметтеп, көпшілікке көрсеткен ләзім. Әйтпесе, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен…» жүрсем дейтін пиғыл көбейді.

Ел ағасының сөзін жоққа шығара алмас едіңіз. Солай болып тұрғаны да рас. Жоғарыда облыс орталығында бір мыңнан астам жұмыс орнының бос тұрғанын айттық. Ол қандай жұмыстар? Тіпті, толып жатыр. Халыққа қызмет көрсету саласынан бастап, ондаған мамандық иелері қажет. Еңбекақылары да тәубе дерлік. Айына 90 мыңнан – 150 мыңға дейін табыс табуға болады. Бос тұрған жұмыс орындарының барлығы бірдей қара жұмыс емес. Бір ғана мысал келтіре кетелік, мәселен, облыс орталығына 27 бухгалтер керек екен. Аспаз, шаштараз да қажет. Ақыл таразысына салып безбендесеңіз ерге де, әйел адамға да жұмыс табылады.

–Біз өткен жылы пандемия басталмай тұрып қаладағы халық көп шоғырланатын орындарға палатка тігіп, бос орындар жәрмеңкесін жасап, қыруар жұмыс істедік. Егер адамда ықылас болса, қайта даярлау курстары арқылы оқып, білімдерін жетілдіруге болатындығын егжей-тегжейлі түсіндірдік. Биыл да осы бағытта жұмыс істеудеміз, – дейді Көкшетау қалалық еңбекпен қамту орталығының маманы Александр Солодко, – әркімнің еңбекке деген көзқарасы әртүрлі. Біздің орталыққа келіп қолдарынан келетін жұмысқа орналасып жатқан мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар. Ондай адамдар алға ұмтылып, тырмысып жатқанда, тепсе темір үзетін, он екі мүшесі сау азаматтардың қол қусырып қарап отырғаны қарныңды ашырады.

Сөз соңын қорытындылай келе, шиыра айтатын ой ауылда да, қалада да жұмыс көзінің бар екендігі. Жетіспей жатқаны – өз игілігі үшін жанын жалдап жұмыс істеймін деген ынта мен ықылас.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар