Вакцина алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз қажет

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина ағымдағы эпидемиологиялық жағдайдың әлі де тұрақсыз екенін айта келе, карантин шараларының күшейтілетінін хабарлады.

–Коронавирусқа шалдығу деректері әлем бойынша күрт өсуде. Бұл індетпен ауырғандар саны дүниежүзі бойынша 187 миллион адамға жетіп, 4 миллион адам көз жұмды. Қазақстанға көршілес мемлекеттерде де індет өршіп тұр. Мәселен, Ресейде бір тәулікте 25 мың адамнан вирус анықталды. Өзбекстанда – 485, Қырғызстанда 1395 дерек тіркелді. Шілденің 12-сі күні біздің елімізде 3899 адамда коронавирус расталды. Респуб-ликада айналдырған бір тәулікте мұнша науқас пандемия басталғалы алғаш тіркеліп отыр, – деді Айнагүл Мусина.

2021 жылдың 2 шілдесінен облысымыз «қызыл» аймақта. Соңғы аптада науқастар саны 643-тен 892-ге өскен. Әдеттегідей, ең көп науқастар саны Көкшетау қаласына тиесілі, одан кейін Бұланды, Бурабай, Ақкөл аудандары тұр. Инфекциялық стационарлардағы төсек-орын 52 пайызға толық. Осы күні 77 науқас жан сақтау бөлімінде жатса, төртеуінің жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Коронавирус диагнозымен 76 жүкті әйел ем қабылдауда, оның 42-сі стационарларда емделіп жатыр.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, соңғы кездері жедел жәрдем шақырту жағдайлары да екі есе өскен. Былтыр Covid-19 вирусымен көбіне егде жастағы адамдар ауырады деп келсек, бүгінде аурудың жасарып жатқанын көруге болады. Облыс бойынша коронавируспен ауырған барлық науқастардың 12 пайызы балалар. Оның 1,8 пайызын бір жасқа дейінгі сәбилер құрап отырғаны алаңдатарлық жайт. Осы ай басталғалы облыста бір жасқа толмаған 67 бала коронавируспен ауырған. Өткен жылдың алғашқы алты айында 14 жасқа дейінгі балалар арасында аурудың 143 дерегі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 1818-ге жеткен. Демек, аурудың балалар арасында таралуы 13 есе өсті. Эпидемиолог мамандар тұрғындар карантин талаптарын сақтамаса, уақытында екпе алмаса, науқастар саны көбейе беретінін ескертіп, дабыл қағуда.

Облыста қауіпті топтағы мамандарды екпемен қамту 80 пайызды құраған. Олар медицина, құқық қорғау қызметкерлері, педагогтар мен мемлекеттік қызметшілер. Жыл басынан аталған топтар арасында аурудың таралуы 6 есе азайған. Бұл сөзсіз вакцинацияның тиімділігін, мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан шаралардың нәтижелілігін көрсетеді.

–Ақмола облысының халқы 738 мың адамнан асады. Пандемия басталғалы 25 мың ақмолалық вирус жұқтырды. 13 шілдеге дейінгі жағдай бойынша өңірде 177 мың адам екпенің бірінші компонентін, 89 мың адам екінші компонентін алды. Екпемен қамту 20 пайызға да жетпейді. Бұл дегеніміз, облысымызда әлі 500 мың адам індет жұқтырып алуы мүмкін. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың кемінде 60 пайызы екпе алуы керек, – деген бас санитарлық дәрігер эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырып, карантин шараларын жеңілдету үшін тұрғындар тездетіп вакцина салдыруы қажеттігін айтып, 15 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа қаулыны түсіндіріп өтті.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар