Жемшөп қорын жасау көп болып жұмылуды қажет етеді

Атбасарлық диқандар биылғы жылы дәнді дақылдар алқаптарынан мол өнім ала алмауы мүмкін.Себебі, көктемгі егістен кейін кейбір жерлерде жаңбыр мүлдем жаумаған. Дегенмен, астық бойынша нақты қорытынды жасауға әлі ертеректеу болғанымен, мал азығының жағдайы түсінікті, екпе шөп алқаптары мен шабындықтарда шөп аз.

Соған қарамастан, ұйымшыл шаруашылықтар өз малы үшін қыс айларына мал азығын дайындаумен айналысуда. Азық тапшылығы сүрлеммен және сабанмен толтырылмақшы. Ал, ауыл тұрғындары кімге сенеді, шөпті қайдан сатып алады, шөп қандай бағамен сатылады?
Жергілікті жердегі жағдайға «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы да алаңдаулы. Жуық арада аталмыш партияның облыстық филиалындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Умар Шоназаров Атбасар ауданында болып, партияның аумақтық филиалындағы қоғамдық кеңестің отырысына қатысты. Мұнда ауданның агроқұрылымдары мен тұрғындары малдарының азықпен қамтамасыз етілуі талқыланды. Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Кенеш Әлімжановтың мәліметі бойынша аграрлық секторда 232 шаруашылық субъектісі жұмыс істейді.
–Оның 70-сі ірі және орта серіктестіктер, өзгесі шағын шаруа қожалықтары. 324 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар себілді. Диқандар көктемгі егіс жұмысын 10 мамырда бастап, бірінші маусымда аяқтады. Алқапты көктемгі егіс алдында өңдеу, ылғал жабу тәрізді қажетті шаралардың барлығы толық көлемде жүргізілді. Яғни, диқандар астық алу үшін барлық мүмкіндікті жасады. Өткен жылы 9 шілдеде 43 миллиметр, биылғы жылы тек 11,5 миллиметр жауын жауды. Шөп дайындауға келсек, ауданның шабындық жері 100 мың гектардан асады. Бұған 33 мың гектар табиғи шабындық, 22 мың гектар көпжылдық шөп, 16 мың гектар біржылдық шөп кіреді. Томарлы жерлерде де табиғи шөп өседі. Жылдық жоспар бойынша 82 мың тонна шөп дайындау керек. Өткен жылы шөп жақсы шықты. Мал азығын қажетті қордан артық дайындадық. Алдыңғы жылдардан да қалған шөп бар. Өткен жылғы қорды да малға береміз. 9 шілдеде 31 мың тонна шөп дайындалды. Бұл жоспардың 38 пайызы. Өткен жылы осы датада жиналған шөп 1,5 есе көп болды. Пішеншілер бригадасы күннің атысынан батысына дейін еңбек етуде. Дегенмен, биылғы жылы шабындық жерлердің шөбі аз. Кейбір жерлерде табиғи шөп мүлдем жоқ. Жабай өзенінің бойына шөп жақсы шықты.
Биліктегілер селолық округтерге барып, ірі компаниялардың басшыларымен және тұрғындармен сөйлесті. Құрғақшылық жағдайында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Тұрғындарға техника жүре алмайтын шабындық жерлерді қолмен шабу, қалдықты жинау, жол бойындағы шөпті шабу жөнінде ұсыныс айтылды,–дейді аудан әкімінің орынбасары. Атбасар ауданының атқарушы органдары биылғы жылы мал азығымен қамтамасыз ету жағдайы қиын екенін, бірақ, адамдардың үмітсіз емес екенін жақсы түсінеді. Шөптің сапасы нашар болса да, қамыс шапса да жоспарды орындаймыз деп отыр. Бұл – шөп тұрғындарға да жетеді деген сөз. Оның бағасы қанша болмақ? Ауызша келісім бар. Шаруашылықтар шөптің бір тоннасын 10 мың теңгеден асырмай сатуға уәдесін берді. Аудан аграршыларына орақ кезінде елді мекенге жақын алқаптағы сабанды ұсақтамау жөнінде кеңес берілді. Тұрғындар жоқ дегенде сабан дайындап алулары керек. Атбасар ауданының оңтүстік беткейінде орналасқан Сепе ауылдық округіндегі жағдай өте қиын. Мұнда шабындық шөптің көбі күнге күйген екен. Солтүстік және орталық аумақтың барлығы шөп шабуда. Мәселен, «Полтавка-2» серіктесітігі шөп шабу науқанын аяқтады. Шаруашылық агрономы Валерий Помилконың айтуынша, 600 тонна шөп дайындалған.
–Біз осы көлем жартысының әр тоннасын 10 мың теңгеден тұрғындарға сатуды жоспарландық. Серіктестік шөпті зейнеткерлерге жеңілдікпен береді. Мал азығының дефициті жөнінде алдын ала ойландық. Сұлыны кеш әрі тереңірек септік. Бұл технология өзін ақтап, сұлы шығып келеді. Оның сабағы бой көтергесін ша-
уып, қосымша құнарлы мал азығын жинаймыз,–дейді бас агроном. Партиялықтар тұрғындарды даурықпа сөзге ермеуге, қазір малдарын сатуды ұсынатын алыпсатарларды тыңдамауға шақырады. Умар Шоназаров құрғақшылық салдарының алдын алу үшін бірқатар ұсыныс жасап, кеңес берді. Оның ішінде нан бағасының қымбаттауы жөнінде де айтылды. Ол жергілікті билікті, тұрғындар мен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларын қыс айларына малды азықпен толық көлемде қамтамасыз етуде күш біріктіруге шақырды.
Сөйтіп, азық дайындау мәселесі «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің жақын арада өтетін отырысында қаралатын болады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.

 293 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар