Степногорск қалалық Достық және шығармашылық үйі «Біз әр түрліміз, бірақ, біз біргеміз!» атты ұлттық сәнді киімдердің онлайн көрсетілімін ұйымдастырды.
Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – қазақтардың көпғасырлық тарихы мен өзіндік мәдениетінің көрінісі болған қазақтың ұлттық киімін насихаттау.
Көрермендердің назарына көйлек, бас киім және этностильдегі көптеген әшекейлер ұсынылған көрсетілім жанды ұлттық музыкамен сүйемелденді.
– Коллекция этникалық стильдегі заманауи үлгілерден тұрады. Әрбір костюмде, әрбір элементте ұлттық ою-өрнек элементі ұсынылған. Мұндай іс-шаралар ұлттық мәдениет пен өнерге деген қызығушылықты арттырады, сондай-ақ, дәстүрлерді зерттеуге ықпал етеді, – дейді ұйымдастырушылар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.