Бүгінде қорғалжындық шаруалар шөп шабу науқанына қызу кірісіп кеткен. Мал азығын уақытында дайындап алудың қамын ойлаған олар таңның атысынан күннің батысына дейін дала төсінде еселі еңбекке жұмылған. Олардың бұл маңдай тері өз нәтижесін де беруде.
Егіншілік және мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Қараегін ауылындағы іргелі шаруашылық «Жаңа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Марат Қасенов бізбен әңгімесінде бүгінгі күнге дейін 600 тоннадан астам шөп дайындағандарын, енді қалған уақытта 400 тоннадай дайындаса, шаруашылық шөп науқанын аяқтайтынын айтты. Осылайша серіктестік өз малдарына жететін шөп жинап қана қоймай, ауданға қарасты Қараегін ауылының тұрғындарын да қажетті мал азығымен қамтамасыз етеді.
–Бірқатар өңірлерде болып жатқан қуаңшылыққа қарамастан, бізде шөп жеткілікті. Керісінше, артығымен шауып жатырмыз. Сайман, жанар-жағар май керек болып, 100 тонна шөпті сатып та жібердік. Биылғыдай қуаңшылық осыдан он жыл бұрын да болған. Бұл араға бірнеше жыл салып қайталанып тұратын құбылыс. Оған шаруалар дайын болуы керек. Тағы бір айтайын дегенім, бұрында бізде көпжылдық екпе шөптер өсетін жерлер көп болатын. Қазір егін егеміз деп, олардың біразын жырттық. Дегенмен, қазірдің өзінде шөбіміз жұмысшыларыма, пайшыларға, ауылдағы зейнеткерлер мен мұқтаж жандарға малдарын қыстан аман шығаруға жетеді, – деген Марат Қасенов ауылда техникасы бар азаматтар серіктестіктің жерінен шөпті өздері де шауып ала беретінін жеткізді. Шаруашылық директоры Қараегіндегі 30-ға жуық отбасына шөпті өздері тегін шауып алуға рұқсат беріпті. Шөп науқаны кезінде шаруашылық қатардағы жұмысшыларға 300 мың теңгеден жалақы төлейді, алдыңғы қатарлы комбайншылардың жалақылары 1 миллионға жетеді.
Серіктестікте 40-тан астам адам еңбек етсе, соның сегізі шөп шабу жұмыстарына тартылған. Солардың бірі – механизор Жасұлан Қарбаев. Біз барғанымызда ол қызу жұмыс үстінде еді. Басқа механизатор шауып, жинап берген шөпті ол трактордың артына тіркелген арнайы рулон жасайтын техникамен престейді. Еңбек адамы трактор жүргізуді осы жерде үйреніпті.
Жасұлан Қарбаев аталған шаруашылықта екі жылдан бері жұмыс істеуде. Оның алдында Нұр-Сұлтан қаласында ұзақ жыл түрлі жұмыстарды атқарғанын айтты. Бүгінде ол шаруашылықтағы жұмысымен қатар, ауылда мал ұстайды.
–Биыл ылғал көп болған жоқ. Бірақ, көлге жақын орналасқан ауылымыздың топырағы сулы. Шөп те жақсы шықты, егін де өсіп жатыр. Шөп науқанын аяқтағаннан кейін, алдағы тамыз айының ортасында егін орағына кірісеміз, – деді механизатор.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қорғалжын ауданы.
Суретте: механизатор Жасұлан Қарбаев.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.