Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Мұрат Балпан биыл Маңғыстау облысында орын алып отырған қатты қуаңшылыққа байланысты жемшөп мәселесін шешуде көмек қолын сұрай келген Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Нұри Тұмышевпен және ол бастап әкелген делегация мүшелерімен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады және ақмолалықтардың маңғыстаулықтарды осындай қиын жағдайда көмексіз қалдырмайтынын, жағдайға қарай қол ұшын созып, ағайыншылық танытатынын жеткізді. Кездесуге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов қатысты және облыстық мәслихат арасындағы екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Биыл еліміздің бірнеше облысында жауын жаумай, жер құрғап, қуаңшылық белең алды. Соның салдарынан батыс облыстарда малдың өлім-жітімі орын алғандығын көгілдір экраннан көріп те, естіп те жүрміз. Биыл бұл жағдай Ақмола облысын да айналып өтпеді. Көктем мен жазда жаңбыр дұрыс жаумаған соң, қайдан ойлағандай болсын. Қуаңшылықтың зардабынан Маңғыстау облысында 1100 бастан астам мал шығынға ұшырапты. Еліміздің батысынан келген делегацияның мақсаты біздің облыстан жемшөп мәселесі бойынша көмек алу. Ел басына қандай қиындық туса да, бейжай қарап отыра алмайтын ақмолалықтар маңғыстаулықтарға қалай да көмек көрсетуге тырысатындықтарын жеткізді.
Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Нұри Тұмышев қуаңшылықтың батыс өңірінде оңайға соқпай тұрғандығын атап өтті.
– Биылғы көктемде жауынның болмауы себебінен өңіріміз қуаңшылыққа, жұт деп атауға болатын ауыртпалыққа тап болды. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласында біраз қиындықтар туындауда. Сіздерге келген мақсатымыз, биыл бізге жемшөп мәселесін шешуге көмек көрсетсеңіздер екен, – деді Нұри Тұмышев. Өз кезегінде Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айсағали Нұғыманов мән-жайды былай баяндады:
–Маңғыстау облысы негізінен, өндірісі дамыған, мұнайлы аймаққа жатады. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар ірі шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары бар. Ауылдық өңірлердің тұрғындары осы мал ұстаумен күндерін күйттеп отыр. Оларға биыл қуаңшылық салдарынан мал азығын жинау оңайға соқпай тұр. Маңғыстауда бүгінде 690 мың мал басы бар. Соңғы 2-3 жыл ішінде біздің өңірдің табиғаты өзгеріп, жауын жаумай, жерге шөп шықпай қойды. Кей жерлерде мал суаратын су да болмай қалады. Біздің шаруашылықтарда негізінен түйе, жылқы, қой, сиыр бағылады. Ел болған соң, халық әкімшілікке келіп, жүгінеді. Кәсіпкерлер көрші облыстардан уақытша жер алып өз қаржысы есебінен мал азығын сонда дайындап, шабылған шөптерін тасып алып жатыр. Алдымызда 2-3 ай қыс тұр. Малды қыстан аман алып қалу үшін біздің облысқа 77 мың тоннаға жуық шөп, 53 мың тонна жем керек. Бұл мәселеге бюджеттен қаражат қарастырылған. Қазірге дейін 33 мың тоннадай шөп тасып алдық, енді 34 мың тонна жем мен 45 мың тонна шөп қажет болып тұр. Бағаға келіссек, қаржымыз дайын.
– Маңғыстау облысындағы қуаңшылықты естіп біліп жатырмыз. Мұндай жағдай қазір біздің өз облысымызда да күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Сондықтан, бұл жағдайға біз де, тұрғындарымыз да алаңдаулы. Біз мамырдың 15-інен бастап егін егеміз, содан кейінгі үш айда жауын жақсы болмады. Қазір облыс бойынша қажетті шөптің 85 пайызы ғана дайындалды, ол 1 миллион тонна, бізде сіздерге қарағанда қыс 6 жарым айға созылады. Мал қорада көп қыстайды. Сондықтан, бірден көмек береміз деп айта алмаймыз. Бірақ, арнайы келген екенсіздер, ұсыныстарыңызды ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен, тауар өндірушілермен, бизнес өкілдерімен, шаруашылықтармен ақылдасып, кеңескен соң, хабарын береміз.10-15 күннің ішінде егіннің жағдайы да белгілі болады, содан кейін ғана біз сіздерге жем мен сабан мәселесін айта аламыз. Жалпы, астықты өңір атанған Ақмолада мұндай қуаңшылық бұған дейін 1975 жылы болыпты. Алдын ала болжам бойынша биыл арнайы қабылданған шаралардың арқасында халықты нанмен, жемшөппен тиісінше қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз, – деді кездесуге қатысқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов.
Маңғыстау облысынан келген делегация жемшөп мәселесін шешуге Үкімет пен облыстық бюджеттен 6-7 миллиард теңге қаржы бөлініп отырғанын да тағы бір жеткізіп, жемшөп болса сатып алуға дайын екендіктерін айтты.
Кездесу соңында екі облыс өкілдері ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында кездесіп отырғандықтан, ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Бұдан кейін маңғыстаулық делегация мүшелері «Қазросинжиниринг лтд», «Қазақстан агро инновациялық корпорациясы» серіктестіктерінің ауыл шаруашылығы техникалары мен өнімдерін өндіретін зауыттарын аралап көріп, облыс орталығында былтыр ашылған «Болашақ» сарайындағы оқушылар үшін қарастырылған заманауи технологияларды тамашалады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.