1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында тұңғыш рет атом бомбасы сынақтан өткізілген болатын. «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Президент Жарлығына 1991 жылдың 29 тамызында қол қойылды. Биыл Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Бірақ, сынақтар тоқтаса да, зардабын адамзат осы уақытқа дейін тартып келеді.
Кейбір дерек көздерге сенсек, ядролық сынақ аумағында тұрған 1,5 миллион азамат полигонның қасіретін көрген. Ауаға тараған радиоктивті жауын 304 мың шаршы шақырымға жайылған. Ал, Семей экологиялық апат аймағына айналды.
Біз қуаты жөнінен әлемде төртінші орынға ие ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартқан елміз. Әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында көптеген тың бастамалар көтердік. Бұл бастамалар – Қазақстанның бейбіт бастамалары жер бетіндегі барша елдің мүдделеріне сай келетінін және олардың қолдайтынын көрсетті. Семей ядролық полигонының жабылуы және ядролық қарудан өз еркімен бас тарту Қазақстанның бейбітшілік сүйетін саясатты ұстанатындығын бүкіл әлемге паш етті.
Осы орайда, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен Семей ядролық сынақ полигонының тарихы, апат салдары, оның жабылуы туралы толық ақпарат беру, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында «Семей полигоны – қасірет ошағы» атты еске алу күні ұйымдастырылды.
Шара барысында екі бөлімнен тұратын «Ядролық қарусыз – бейбітшілік әлемге» атты көрме экспозиция ұйымдастырылды. Көрме экспозицияға «Ядросыз әлемге бастаған Қазақстан жолы», «Көркем әдебиеттегі полигон» тақырыбында кітаптар, ядролық жарылыстар алаңына айналған Семей полигоны туралы терең мағлұматтар беретін жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің ғылыми еңбектері мен басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар және Семей ядролық полигоны: суреттер сыр шертеді» атты фотосуреттер көрмесі қойылып, жиналғандарға кең көлемде ақпарат берілді.
Жұлдыз Мұхаметғалиева ақын-жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Сенің жаның қасіретті тартпасын» өлеңін жатқа оқыды. Шара барысында кітапхананың тұрақты оқырманы, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінiң төрағасы Шияп Әлиев «Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды және бүгінгі күні Қазақстанның ядролық қаруға және оны таратуға қарсы жүргізіп отырған саясатын бүкіл әлем мойындады», – деп өз ойымен бөлісті. Шара соңында қатысушылар ядросыз әлем құру деген ақ тілеумен аспанға ақ шарларды ұшырды.
Жанар АЙТҚОЖИНА,
Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының меңгерушісі.