Көрсеткіштер былтырғыдан жоғары болуы керек

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде қаңтар-шілде айларында қол жеткізілген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жай-жапсары сараланып, биылғы жаңа оқу жылына және халық санағына дайындық жұмыстары пысықталды.

Облыстық әкімдік мәжілісіне қала-аудан әкімдері, басқарма басшылары мен аппарат қызметкерлері қатысты. Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев отырысты кадрлық өзгерістерден бас-тап, жиналған қауымды жуырда қала мәртебесіне ие болған Қосшыға әкім болып тағайындалған Гайдар Қасенов пен облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурскийді таныстырды.

Күн тәртібіне сәйкес облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев облыстың өткен жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баяндама жасап, негізгі индикаторлардың төмендеп кеткенін айтты.
Есепті кезеңде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 154 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда, 111,9 пайызға дейін ұлғайыпты. Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік белдеуін қамту бойынша биыл 41,7 миллиард теңге сомасында 50 жобаны қолға алу жоспарланыпты, әзірге өңірде соның 10-ы ғана іске асырылуда екен.

Облыс экономикасын дамыту үшін өңірге 243,4 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың салыстырмалы кезеңінен 115,9 пайызды құрап, 1 орыннан 6 орынға сырғыппыз. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің төмендеуіне Целиноград, Бұланды аудандары мен Көкшетау қаласы жол берген. Сол сияқты, Жарқайың, Зеренді, Бұланды, Сандықтау, Атбасар аудандары мен Көкшетау қаласында құрылыс жұмыстарының қарқыны төмендеген. Десе де, жыл басынан бері жеті айдың ішінде 332,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. 2021 жылдың қаңтар-маусым айларындағы орташа айлық жалақы 2020 жылға қарағанда 19,9 пайызға өсіп, 195 мың теңгені құраған.

Бұл ретте облыс әкімі:
–Өткен жылы есептік кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша облыс республикалық көрсеткіштер рейтингісінде 4 орында болса, биыл 5 орынға, негізгі капиталға инвестиция тартудан 1 орыннан 6 орынға, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша 12 орыннан 16 орынға төмендеп кетті. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі былтыр 4 орында тұрса, биыл 1 орынға шықты. Шағын және орта бизнес субъектілері бойынша 15 орыннан 4 орынға көтерілдік. Биылғы жылдың 7 айы бойынша барлық аудандар мен басқарма басшылары егжей-тегжейлі зерттеу жүргізіп, төмендеу себептерін анықтап, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру бағытында жұмыс жасауы тиіс, –дей келе кей аудан басшыларын орындарынан тұрғызып, төмен көрсеткіштеріне қатысты сын-пікірлерін айтып, ескертулер жасады. Сондай-ақ, «Ауыл ел – бесігі» тәрізді республика қаржыландыратын жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын тапсырып, тиісті конкурстарын өткізіп, жыл соңына дейін бөлінген ақшаны игеруді тапсырды. Қаржы игерілмей қалса, келесі жылы бұл жобаларға мемлекет тарапынан қаржы берілмейтіні анық.

Ал, жаңа оқу жылына дайындық мәселелері бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов баяндама жасап, биыл облыстың 132 мыңнан астам оқушысына 552 мектеп есігін айқара ашатындығын мәлімдеді, солардың 13 мыңнан астамы бірінші сыныпқа барғалы отырған бүлдіршіндер. Сонымен бірге, биыл жазғы демалыс кезінде оқушы санының аздығына байланысты жабылған 4 білім беру мекемесі мен ортадан негізгі, негізгіден бастауыш мектептерге ауыстырылған білім ордаларының жайы туралы баяндады. Мектепке балаларды дайындау бойынша республикалық «Мектепке жол» акциясының жағдайы да мәлім болды. Бүгінгі таңда әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 13 мыңға жуық оқушыға 248,8 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліпті. Жалпы, мәжілісте облыста мектепке дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілу қажеттігі атап өтіліп, кадр тапшылығын жою, қауіпсіздік шараларын жүргізу, санитарлық ережелерді сақтау, педагогтардың вакцинациялануы жан-жақты таратылып айтылды.

Бұдан әрі халық санағына дайындық жұмыстары туралы Ұлттық статистика бюросының Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Ербол Амамбаев есеп берді. Еске сала кетейік, соңғы халық санағы 2009 жылы жүргізілген болатын. Былтыр пандемия салдарынан бұл мәселе биылға қалдырылды. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында «Қазақстанда әркім маңызды» ұранымен ресми түрде халық санағы жүргізіледі. Алдағы халық санағының маңыздылығы – Қазақстан Республикасының халқы бойынша нақты ахуалды білгізіп қана қоймай, демографиялық, әлеуметтік және саяси өмірдің көптеген аспектілерін болжауға мүмкіндік беретіндігінде. Облыста бұл жұмысқа 800-ден астам адам жұмылдырылады. Оларға тиісті көлемде еңбекақы төленеді. Әр санақ жүргізушінің вакцина алғандығы туралы құжаты болуы тиіс.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар