Ауыл шаруашылығының әлеуеті зор

Агроөнеркәсіптік кешен әрқашан Қазақстан экономикасының ең маңызды кластерлерінің бірі болып келді. Егер әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, бір кішкентай ел келесі бір елді тамақтандыруға қабілетті болса, бұл онда аграрлық сала жақсы дамып отыр деген сөз.

Бізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Бірақ карантиндік шектеуге байланысты проблемалар жинақталды. Оның үстіне ауа райының қолайсыздығы астық пен мал азығының шығымдылығына кері әсерін тигізді. Ауыл шаруашылығы саласындағы олқылықтар жөнінде Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ашық айтты. Шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз өнімдерін сату мәселесі бүгінгі күнге дейін шешімін таппай келеді. Олар делдалдарға сатуға мәжбүр.

Сондай-ақ, жайылым жер, мал экспорты мен ветеринария проблемалары күн тәртібінен түскен жоқ. Стратегиялық жоспарлауда да кемшін тұстар бар. Осының салдарынан фермерлердің жұмысында көптеген қиындықтар туындауда. Проблемалар ашық айтылмаса, шешілмейтіні белгілі. Президент өз Жолдауында  аграршылардың проблемаларын жайып салды. Осы бағытта тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Сектор экономикамыздың локомотивіне айналуы үшін агроөнеркәсіп проблемаларымен жұмыс істеуіміз қажет.

Мемлекет басшысы бұл бағытта күш пен қаржы бар екенін айтты. Тек қана аграрлық салада мемлекеттік жоспарлау мен реттеуді дұрыс жолға қою қажет. Өз басым Президенттің идеялары мен бағдарламасын толық қолдаймын. Бұл сала аяғына тұратынына, өзінің сапалы өнімдерін экспортқа көптеп шығаратынына сенімдімін. Сонда ғана ауыл шаруашылығы дамып, қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсарады.

Мәди ЕСҚАРАЕВ,

«Ақкөл Агро» серіктестігінің директоры.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар