Ұлттың ауызбіршілігі – басты құндылығымыз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «егемендік дегеніміз – жалаң ұран, жалынды сөз емес, нақты істер» деп атап өтті.

 Әсіресе, ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізген пандемиядан кейінгі стратегиялық бағыт осы ел экономикасын дамытуға арналған шаралар болмақ. Сонымен бірге, ел президенті қазіргі кезде мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырған денсаулық сақтау және білім беру саласындағы жетістіктер мен атқарылып жатқан жұмыстарға баса тоқталды. Еліміз бұрынғы посткеңестік мемлекеттер арасында алғашқылардың бірі болып короновирусқа қарсы вакцина шығаруды қолға алды, фармацевтика өнеркәсібі жақсы қарқынмен дамып келе жатыр.

Өкінішке орай, пандемия кезінде білім беру онлайн түріне көшкен кезде телекоммуникация саласында қиындықтар туғаны баршаға мәлім. Осыған байланысты елімізде осы саладағы қызметтің әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылатынын айтып өтті. Білім беру саласында қызмет көрсететін ұстаздар қауымын ынталандыру мақсатында еңбекақы тағы да көтерілмекші, нәтижесінде соңғы жылдары жастар арасында ұстаздық мамандықты таңдауға деген құлшыныс пен қызығушылық артқаны байқалады. Ұстаздық ел болашағын дайындау ісіне жататындықтан, уақыт талабына сәйкес біліктілік арттыру бойынша курстан бес жылда бір рет емес, үш жылда бір рет өтуді және біліктілікті арттыру курсынан өту ақысы мұғалім қаржысынан төленбеуін ұсынған Президент Жолдауы ұстаздар тарапынан қуана қолдау табары анық.

Ел Президенті сол сияқты, төртінші онжылдықта ел аумағында келешек ұрпақты біліммен қамту мақсатында мектептер салынатындығын және орта арнаулы білім беру тегін екендігін атап өтті. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл әр қазақстандық үшін өмірдің басты үрдісі екенін айта отыра, Президент сөз соңында елдің зиялы қауымына әр заманда да зиялы қауым өкілдері қиын кезеңде келешек ұрпаққа үлгі болар ақыл- кеңес беру арқылы дұрыс бағыт беретіндігін еске салды. Жолдаудыңсоңында ел Президенті Қазақстан халқы үшін ең бастысы – ұлттың ұюы мен ауызбіршілік екендігін айтты және осы жолда жұмыла еңбек етуге шақырды.

 

Аманай СЕЙТҚАСЫМОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар