Өмірге сәби келгенде туа бітетін жылау, емізу, құшақтау, сүю сияқты рефлекстер қалыптасады. Мысалы, сүюдің бірнеше түрі бар: әке-шешеңді, ата-әжеңді, жарыңды, балаларыңды сүю… Жүрек қалуымен жүзеге асатын бұл салт-дәстүрлер адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін аңғартқандай.
Алайда, қазіргі пандемия жағдайында құшақтасып сүйісу өте қауіпті. Тойға немесе жаназаға жиналған адамдар санитарлық нормаларды өрескел бұрмалап жатады. Тіпті, әжелеріміз дастархан басында отырғандарды тегіс бауырына басып, сүйіп жатқанын қайтерсіз.
Меніңше, сәлемдесу үшін жапа-тармағай қол алысудың қажеті болмас. Оң алақанмен жүрек тұсын ұстап, басынды изеп, ишарат білдірсе, жетіп жатпай ма? Немесе ер адамдардың дауыс шығарып, «Ассалаумағалейкүм» деп сәлемдесуі қандай жарасымды әдет. Ертеде әжелеріміз, аналарымыз бір үйге барғанда тізе бүгіп, иашарат білдірген ғой. Неге екені белгісіз, жап-жақсы осы дәстүрлер тез ұмытылған сияқты. Жалпы, амандасу кішілік емес, кішіпейілділіктің белгісі. Егерде көшеде жасы үлкен адамды көргенде
басыңды иіп ишарат білдіру мәдениеттілікті аңғартпай ма?
Тағы бір ерекше ескеретін жай, дастархан басында жасы үлкен адамды төрге отырғызу. Батаны да қарияның бергені жөн ғой. Кейде жағымпаздық танытып, бастықсымақты төрге шығарамыз. Ол төңірегіндегілерді көзіне ілместен, мәз-мәйрам болып отыра береді. Егерде жөнді сөз айтатын жастар болса, оларға да неге қолдау көрсетпеске, кішінің де ақылдысы болады. Оны құптап, тыңдап отырсақ мерейі өсіп қалады ғой. Дәстүрдің озығы да, тозығы бар деген қағидаға жүгіне отырып, бір-бірімізге кешірімді болайық. Реті келгенде қолдау көрсетсек ешбір айыбы жоқ.
Қажыбай БЕКЕНОВ,
зейнеткер дәрігер.