Ата жұрттан бақытын тапқан

«Отан – қуат, отбасы – шуақ» дейді дана халқымыз. Елімізде әрбір отбасында тыныштық пен сыйластық сайран құрып, адамгершілік пен мейірім нұры төгіліп, берекесі мен ырысы тасып жатса, балалары алаңсыз ғұмыр кешсе, ата-ана үшін нағыз бақыт сол емес пе?! Қай уақытта болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.

Әр отбасы бала тәрбиесіне жіті мән беруі тиіс. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деп халқымыз қашан да отбасындағы әр адамның мәртебесін бекітіп, бекемдеп отырған. Біздің кейіпкеріміз Хұрмет Нұрсолтан мен оның отбасы мүшелері ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін атпал азаматтар. Ол 1993 жылы отбасымен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан тарихи Отаны – ата-бабасының атамекеніне келіп, ұрпақ тәрбиесіне зор үлесін қосқан. Өмірлік асыл жары Хамиза Өнерханмен 43 жылдан бері отасып, бірге жасап, бақытты ғұмыр кешіп келеді. Екеуі жарық дүниеге 6 бала әкеліп, оларға тәлім-тәрбие беріп, өмір айдынында қалықтауға жол сілтеп, ел қатарына қосып, бүгінде олардан 14 немере сүйіп, әулетінің ұйытқысы болып отыр. Екеуі бүгінде шаңырақтарының шуағы мен шаттығы, тілегі мен тірегі, мәні мен сәніне айналған ардақты ата мен асыл әжеге айналған.
Отағасы – бар өмірін білім беру саласына арнаған мұғалім деген ұлы есімге ие, ардагер ұстаз. Бүгінде ұрпақтары да ата жолын қуып, мұғалім мамандығын меңгерген тәлімгерлер. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, тәрбиелеп өсірген балаларының төртеуі және осы шаңыраққа шуақ шашып келген үш келіні бүгінде ата жолын қуып, ұстаздық мамандығын таңдапты. Ұлы Абайдың «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға» деген тәмсілі осы құтты шаңырақтың жандарына айтылғандай.
Ақмола облысына 2001 жылы қоныс аударған Хұрмет Нұрсолтан отбасымен бүгінде Целиноград ауданының Ынтымақ ауылында берекелі ғұмыр кешуде. Бұлай дейтініміз, әулет қазақ халқының ата-бабадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне ерекше көңіл бөліп, жалғастырып келеді. Балалары мен немерелерінің рухани жағынан бай болып өсуіне өзінің бар ерік-жігері мен күш-қуатын арнаған отағасының еңбегі еш кеткен жоқ. Тіпті, туған жерінде атқарған жұмыстары да әрқашан өз жемісін берген. Отбасы бос уақытында театрға барғанды ұнатады. Сонымен қатар, бұл отбасының басты миссиясы – Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, ұрпақтарының бойында Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру. Отбасы мүшелері қолөнермен айналысып, ағаштан ұлттық кәдесыйлар жасайды, ән айтып, би билейді, кесте тігеді. Отағасы өзі сурет салып, ат әбзелдерін, ағаш ыдыс-тарды жасайды екен.
–Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Жанұяның әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың, міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналады. Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы. «Ата – асқар тау, ана – бауырдағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», – деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың. Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді. Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін ана болу керек. Бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары. Әке мен ананың баласына қоятын ең бірінші басты талабы – оның әдепті болып өсуі. Ата-ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді, – дейді Хұрмет Нұрсолтан.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-анасының білімділігі мен оқымыстылығын көріп өскен балалар әдетте теріс жолға түспейді, керісінше, басқалардың адам болуына ықпалын тигізеді. Үлкен ұлдары Аманкелді Хұрмет «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті редакторының орынбасары, әлеуметтік ғылымдар магистрі, Орхон Памуктің кітаптарын түрік тілінен аударған білімді азамат. Оның жан жары Ботагөз Паратхан неміс тілінің мұғалімі, қазіргі уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы. Жанатбек есімді ұлы математика, Дәуренбегі биология, қызы Әсемгүлі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері. Болатбек есімді баласы филолог, дегенмен бизнес саласында еңбек етеді, ал, оның жары мұғалім. Балалары мен келіндерінің бәрі де жоғары оқу орындары былай тұрсын, магистрлік дәрежесі бар, оқыған, білімді азаматтар.
Ынтымақ ауылының тұрғындары Хұрмет Нұрсолтанның арқасында ауылда қазақ сыныбы ашылғандығын ерекше мақтанышпен айтады. 2013 жылы оның алдынан өткен оқушылары ұстаздарының ойында жүрген бір тілегі – мектептің аумағында «Түлектер саябағы» ескерткішін орнатыпты.
Бұл отбасының мұсылмандар зиратының маңын тазалап, жинап, қайта қалпына келтіріп, жөндеуге бар күшін салғандығын да атап өткеніміз жөн. Білім беруде жас-тарды адамгершілікке баулу үшін дінді де дәріптеген абзал дейді отағасы. Отбасы мүшелерінің бойында қайырымдылық пен кішіпейілділік деген қасиет те басым. Өздері қаншама адамға материалдық жағынан болсын, рухани жағынан болсын көмек көрсетіп, қолғабыс етіп жүрсе де, кеуде соғып, мен істедім деген емес. Олардың осындай кішіпейілділік пен қамқорлылықтарын өздері айтпаса да, олардың көмегін алған ауыл азаматтары ауыздарынан түсірмей айтып жүреді. Отбасының кіші келіні гүл өсірумен айналысып, аулаларын гүлдендіріп, көркейтіп қойған. Әулеттің өздері тұрғызған үйлерінің алдында қарағайлар, үйеңкі мен алма ағаштары өсіп, маңайына сая болып, жайқалып тұрғаны да қараған адамның көз жауын алады. Жуырда отбасы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне қатысып, жеңімпаз атанды.
–Ер адам бұл өмірге келген соң, үй салып, артында ұрпақ қалдырып, ағаш отырғызу керек дейді. Үйіміз бар, ұрпағыммен қуанамын. Балаларым мен ұрпағыма ертеңгі азық болатын, енді біреуге сая болатын ағаш та отырғыздым. Жақында жылыжай салып, қызанақ, қияр секілді көкөністер мен бірқатар жеміс-жидек те егіп, Жер-ананың берген несібесін де игілігімізге жаратып жатырмыз. Мына байқауға қатысып, жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымын, –дейді Хұрмет Нұрсолтан.
Отбасының жеткен жетістіктеріне тоқталсақ, әрқайсысының жеткен биік-белестері өте көп. Солардың ішінде отағасы Хұрмет Нұрсолтанның қоржынында Моңғолия білім беру саласының үздігі төсбелгісі, моңғолдың ұстаз даңқы ордені және сол елдің бірқатар мерекелік медальдері мен төсбелгілері бар. 2020 жылы ол Целиноград ауданы әкімінің қолынан «Ауыл еңбегі үшін» медалін алыпты. Әулеттің отанасы Хамиза екінші дәрежелі Ана Даңқы орденімен марапатталған ардақты ана. Осылай аналарының ақ адал сүтін еміп, асқар тауы – әкелерінің ақ тілеулі батасымен көгерген отбасының балалары да бірталай жетістіктерге жетіпті. Бір ғана әке жолын ауылда жалғастырып, қаракөздерге білім нәрін төгіп жүрген Дәуренбегінің белестерін тізбелесек, ол «Үздік педагог» республикалық байқауының жүлдегері, мектеп өмірінің қоғамдық істеріне белсене қатысқаны үшін қаншама сертификаттарға қол жеткізген, аудандық білім бөлімінен бас-
тап, басқа да салаларға қосқан зор еңбегі үшін түрлі Алғыс хаттармен марапатталған. Әулеттің тұңғыштары – Аманкелдісі оқушы кезінде-ақ жеткен жетістіктері үшін 1998 жылы сол кездегі Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың дарынды балаларды қабылдауына барып, сыйлық алған. Содан бері еңбек жолын бастағалы бірқатар Алғыс хаттарға ие болыпты.
Әкенің «батырым», шешенің «құлыным» деген сөзін естіген балада жақсы сезім туа-тыны белгілі. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың арманы және борышы екені дау-
сыз. Әрқашан отбасымыз аман, босағамыз берік болғай.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар