Ерте үзілген ән ғұмыр

Көкшетаулық өнерсүйер қауымға есімі жақсы мәлім дәстүрлі әнші Бекболат Өтеулиевтің қайтпас сапарға аттанғанына да жыл толып қалыпты. Өзіндік табиғи талантымен жалпақ жұртты тәнті еткен жампоз әншінің есімі талабын тани білетін, өнерліні құрметтей білетін елдің есінде қалары сөзсіз.

Ең алғаш өнер деген құдіретті ағасы Іздібай санасына сіңіріпті. Тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырып, көл-көсір рухани қазына сыйлайтын ұлы өнердің ең алғашқы ұшқынын жүрегінде жағып, көкірегіне құйған да осы кісі. Алғашқы ұстаз санатында. Болашақ өнер жолын нұсқап көрсеткен де, ән әліппесімен сауаттандырған да осы ағасы. Анығында, әкесінің туған інісі. Өзі де заманында ат тұяғы жететін жерді әнмен қырған, Аралдың жағасындағы жалпақ елді әнмен сусындатқан өнерпаз. Оның үстіне ұзақ жыл мектеп директоры болып жемісті қызмет атқарған абыройы асқақ санаулы ұстаздың бірі.
Көкшетаулықтарға өміршең өнерімен танымал Шынболат та, інісі Бекболат та Іздекеңнің оң тізесінде отырып домбыра тартқан, Аралдың майда толқынында шымырлап ағып, тұла бойыңды қорғасындай балқытатын, ғажайып сезімге бөлейтін ән өнерін үйреніп, сиқырлы әлемге қадам басқан.
1967 жылдың 16 наурызы күні Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Қаратерең елді мекенінде жарық дүние есігін ашқан Бекболат ағасы Ізтілеу тәрізді, Шынболат тәрізді әнші болуды армандаған. Көп балалы отбасында ұлттық өнердің шырағданы шымшымдап жанып тұрған. Өнерге біртабан жақын ет жақын ағайын болашағынан үлкен үміт күтетін ағайынды балалар ертелі-кеш әуелете ән шырқап, рухани қазынаны ынтызар көкіректеріне қаттап жинаушы еді. Е, ол бір ғажап дәурен екен ғой. Жарықтық Арал теңізі кенересіне келіп жатқан шақ. Әлі тартыла қоймаған. Жағалауға асқан майда толқындар теңіз әнін салып, толқып жатады. Тек тыңдай білу керек. Жал-жал шағыл құмдар көмкерген дала төсіндегі алапат әуенді теңіз әні мынау жарық дүниедегі өз топырағында дүниеге келген, дала сырын, дала әуенін түсініп түйсіне білген адамның жан дүниесін шымырлатып, айрықша әдемі күйге бөлейді емес пе? Теңіз жағалауында адамның аялы алақанында тынымсыз теңселіп тұрған бір шөкім ақ мамық тәрізді құс төресі – аққулар жүзіп жүр еді. Сызылтып ән салады, махаббат әні. Әншейінде жалпақ жұрт ежелден қасиетті санайтын аққулардың бірінсіз бірі өмір сүрмейтіндігі, зәуі бір себеппен ажырап қалса құса болып өлетініне тәнті болған соң табиғаттағы мәңгілік махаббат дегеннің символы ретінде таниды. Сондықтан да, аққу салған әнді ет жүрегі елжірей, беріле тыңдайды. Бәлкім құм кептеген күрең даланың төсін махаббат әнімен әлдилейтін аққу әнге, аққу ғұмырға деген сыйластығының шынайы белгісі ме екен? Шынболат та, Бекболат та ауыл іргесінен біршама алыс Арал төсіндегі аққу әніне құлақ түріп, осы бір ғажайып әуенді көңілдеріне ұялатып өсті.
–Жалпы біздің халықтың ән өнерінде табиғаттың үні, жыры, әуезі жатқандығын аңғару қиын емес, – дейді дәстүрлі әнші Шынболат, – күй де солай. Елдің есте жоқ ескі кезеңін, толайым тарихын, бар қасиетін, арман-мұратын арнасына сыйдырып-ақ тұрған жоқ па? Інім Бекболат бала кезінен дала сырын жаттап, асыл әуенін көкірегіне қыздың жиған жүгіндей қаттап өсті. Қаратереңдегі орта мектепті бітіргеннен соң 1985-1987 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка училищесіне оқуға түсті. Қазақстан мәдениет қайраткері Тұрлығожа Базаров ағамыздың сыныбында білім алды. Аңсағаны ән еді ғой. Училище қабырғасында білім ала жүріп атақты әнші, ұлағатты ұстаз Жақып Көшкенбаевтың тәрбиесін көрді. Ән өнерінің биігіне ұмтылған тұсы да осы. Табиғи дарын болғанымен әншілік өнердің қыр-сыры көп. Мысал үшін айта кетелік, жаратылыс сыйлаған талант бар да, оны зергердей қырнап, сырлап, өңдеу бар. Сонда ғана аршылған жауһардай жарқ ете түспек. Жалғыз талант аздық етеді, ерінуді білмейтін еңбек таланттының жұлдызының жануына серік болмақ. Ал, ол үшін сол өнерге деген қайтпас қайсар құштарлық керек.
Ағасының айтуына қарағанда, ән әлеміне шексіз берілген перзенттік махаббатпен имене басқан інісінің бойында нағыз әншіге қажетті қасиеттің бәрі болған. Оған жалғыз ағасы ғана емес, Бекболаттың зор да сырлы даусымен нәшіне келтіре шырқаған әндеріне құлақ құрышы қанған көпшілік те куә. Училище қабырғасында оқи жүріп 1989 жылы еліміз бойынша музыка училищелерінде білім алушылар арасында Алматы қаласында өткен республикалық сайысқа қатысқан. Ондаған, жүздеген талапкердің арасынан жұлдызы жанып бірінші орынды иеленген. Өзі де, ұстаздары да мәз, тілекші қауым да тәнті. Ән өнерінің жарық жұлдызы мол қуатымен жарқын сәулесін себезгілеп жаңа жанып келе жатқандай. Алғашқы сыннан, сындарлы үлкен байқаудан сағы сынбай келген соң ішкі түйсік ән соқпағына үлбіреген үмітпен түскен Бекболатты алға жетелегендей. Қызылды-жасылды дүниенің көңіл арбайтын қызығына да, жастық шақтың еліктіретін қым-қуыт думанына да мойын бұрмастан түпсіз терең өзі жағалауында өскен Арал теңізі сияқты шалқарға шөліркеп түсіп кеткені.
Сәтімен сабақталған сапар жалғаса берді. Сол жылы республикалық термешілер байқауында да топ жарды. Облыстық әлденеше ән байқауында талантымен тәнті етті. Бекболаттың әнін аңсайтындар көбейді. Ән өнерінің ақ сұңқарына айналып бара жатқан талантты да талапты жастың сол шақта облыс орталығында дүмеп өтіп жататын мерекелік концерттер мен әртүрлі ән байқауларына қатысқанын тілейтіндер қатары өсе түсті. Ән – құдірет, ән – көңіл-күйдің мерекесі. Ал, әнші болса қос қанатынан ән әуезі ақша бұлттармен астасқан аспанға көтеріліп, қалықтап бара жатқандай көрінер еді көз алдыңа. Жан дүниенің бұлықсыған бұла сезімдерін теңіздің бетіндегі ақбас толқындардай шымырлата толқытып, әсері мол әдемі сезімге бөлейтін сәтті аңсайтындар аз емес еді.
Өміршең өнері өз алдына, ұлттық ән өнерін жас жанына серік еткен Бекболаттың өз замандастары арасында кісілік келбетімен танылғандығын, ажарлы адамгершілігімен нұрланып жүретіндігін айта кеткен ләзім. Әні қандай сұлу болса, жан дүниесі де таңғы шықтай мөп-мөлдір, тап-таза болатын. Қазақы қалжыңнан да, адам жанына тимейтін жеңіл әзілден де кет әрі емес. Отырған жерін думанға бөлейтін.
Тағы бір ән байқауы. «Көкшетау» мәдениет сарайы. Ине шаншатын орын жоқ. Әсем безендірілген сахнада балуан бітімді Бекболат әнші. Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғаны». Иірімі мол, асқақ дауысты, сергек сезімді, өр мінезді қажет ететін қиын ән. Әнші домбыраны құйқылжытып тартты да, екі қадам микрофоннан алыстады. Өзгелердей емес, зор дауыс жетіп жатыр еді. «Қыз емес қыздың аты қызыл асық». Асқақ дауыс ат шаптырым залды кернеп кетті. Әнші болса ән табиғатына біржола берілген, толқып тұр. Ән иірімімен. Жастық шақтың жалынды қуаты. Сұлуға ынтызар, әдемілікке ынтық жас жүректің толқынысы. Жүрек шарпыр жарқылы мол ғажап, әдемі дүние. Өмір де осылай болса ше?..
Тұяғы бүтін тұлпардың, қанаты бүтін сұңқардың жоқтығы тәрізді әнін сүйген жалпақ жұрттың отыз омыртқасын, қырық қабырғасын қаусатып Бекболат та өтті өмірден. Артында Арқаның асыл әндерін шырқаған өнерінің өрімдері қалды. Өзі өмірден өткенімен ән ғұмыры жалғаса бермек…
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар