Сауатты жарнамалар ғана тіл саулығының кепілі бола алады

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және тілдер онкүндігі аясында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің ұйымдастыруымен «Сауатты жарнама – тіл абыройы» байқауы болып өтті.

Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру, мемлекеттік тілге сұранысты көбейту және тіл мәдениетін жетілдіру жөнінде айтылған. Дегенмен, осы отыз жылдың ішінде мемлекеттің тілдің дамуы тақа көңіл көншітпейді. Мәселен, іс-қағаздарында әлі де болса ресми тіл басым, баяндамалар да осы тілде жасалады.
Мемлекеттік тілде жазылған жарнамалардың мазмұны көбіне-көп түсініксіз. Міне, осы мәселелерге қанатымен су сепкен қарлығаштай өз септігін тигізгісі келген байқауға Көкшетау, Степногорск қалаларының және 17 ауданның өкілдері қатысты. Алдымен, қазылар алқасы Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заң талаптарының орындалу аясында мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінінің сауатты рәсімделуіне назар аударды. Осы ретте, жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде сауатты әзірлейтін, аударма жасайтын мамандардың бар екені қуантты. Олар ерікті түрде облыс аумағында жарияланған жарнама мәтіндерінің са-уатты жазылуын қадағалайды.
Сондай-ақ, облыс аумағында БАҚ-да, телеарна мен әлеуметтік желілерде жарияланатын квазимемлекеттік сектордың, кәсіпкерлік субъектілерінің жарнама мәтінін әзірлейтін коперайтерлер мен мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандар да баршылық екен. Өңірде «Тіл туралы» Заң талаптарына сәйкес келмейтін жарнама мәтіндерін анықтап, түзету жұмысына атсалысып жүрген азаматтардың игілікті ісі сүйсінтті. Конкурсқа қатысушылар соңғы үш жыл ішінде әзірлеген және аударған жарнама мәтіндерінің тізбесін жасапты. Жеке азаматтар жергілікті органдар арқылы жарнама мәтіндерінің сауатты жазы-
луын қадағалаған көрінеді. Тіл нормасы бұзылып, рәсімделген жарнамаларды және стилистикалық қатемен берілген бейнежарнамаларды анықтап, түзету жұмысына ат салысыпты.
Қазылар алқасы облыстық байқауға қатысушылардың атқарған жұмысын саралай келе, бірінші орынға Ақмола облыстық білім басқармасының аудармашысы Мөлдір Демеуова лайық деп шешті. Екінші, үшінші орындарды «Билборд» кәсіпорнының директоры Дмитрий Холинге және Бурабай аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Алтын Махметоваға берген жөн деп шешілді. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлығымен «Риаком» кәсіпорнының дизайнері Инна Аболенская, «Milk Project» cеріктестігінің еңбеккері Болат Бектасов және Көкшетау қалалық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиешісі Мәнсия Ғазизова марапатталды.
Бұл байқау азаматтық институттардың тілге деген жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бастама болады деп сенеміз. Тіл саясатын іске асыруда халықтың белсенділігін арттыруға ықпалын тигізсе нұр үстіне нұр.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар