Тіл – ел саясатының аса маңызды басымдықтарының бірі

Елімізде қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде Тіл мерекесін атап өту дәстүрге айналып келеді. Биыл да 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні ретінде осы тілдер онкүндігіне ұласты.

Еліміздің әр күні жаңалықтар мен жақсылықтарға толы екені, түрлі оқиғалар легінің биік межелерге жетелейтіні қуантады. Соның дәлелі, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр дегенге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі», –деп атап өтті.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай түрлі форматтағы көпшілік шараларды онлайн түрде өткізу биыл да іске асырылуда. Биылғы жылғы тіл мерекесінің ерекшелігі – барлық шаралар еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып өткізілуде. Осыған орай, барлық мемлекеттік органдарда, еңбек ұжымдарында, ведомствоға қарасты мекемелерде Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдарда, еңбек ұжымдарында, мемлекеттік тілді насихаттайтын шаралар, яғни, байқаулар, сайыс-тар, акциялар, форумдар, ақындар мүшәйрасы, көрмелер, дөңгелек үстелдер, бейне байқаулар сайысы, онлайн шаралар, сондай-ақ танымдық дәрістер өткізіліп жатыр. Ақмола облысы бойынша осы онкүндік аясында барлығы 2000-ға жуық шара өткізіледі деп күтілуде.
Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік тіл саясаты қоғамның талаптарына сай жүйелі жүргізіліп отыр. Елдегі барлық азаматтардың мүдделерін кемсітпейтін ұстамды да сындарлы тіл саясатын дұрыс жолға қоюға баса көңіл бөлінеді. Тура осындай бағыттағы тіл саясаты әркез өз жемісін беріп, ел бірлігі мен татулығына сызат түсірместен, мемлекетіміздің нығаюына, қоғамымыздың дамуына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Әрине, бұған үнемі жетілдіріліп отырған құқықтық тетіктер мен нақты ауқымды іс-шаралар арқылы қол жеткіздік.
Бүгінде облыс бойынша барлығы 19 орталық бар, оның біреуі облыстық, 16-сы аудандық, екеуі қалалық орталықтар. Бұл орталықтардың басты мақсаты – «Қазтест» жүйесін қолдана отырып, мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттыру. Мәселен, биылғы оқу жылында 379 топты 3584 тыңдаушы аяқтады. Оның 1406-сы мемлекеттік тілдің тыңдаушысы, ал, 487 адам ағылшын тілінің тыңдаушысы ретінде сертификат алды.
Ендігі кезекте тіл саясатының маңызды бағыты – ономастика мәселесіне тоқталғым келеді. Елімізде Ұлттық санақ өткізілуіне байланысты 2020 жылдан бастап елді мекендер мен көшелерді қайта атау жұмыстары біршама тоқтап қалды. Алайда, түсіндіру және зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақмола облысы елді мекендерінің тарихи атауларын анықтау мақсатында бірнеше жылдан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы 120 елді мекеннің тарихи атаулары табылып, БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланып, жергілікті халық арасында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың соңына дейін 36 мемлекеттік мекеменің атауын өзгертуді жоспарлап отырмыз. Облыс аумағындағы мектептерге халқымыздың мақтан тұтар тұлғаларының есімдері берілмекші. Осылайша 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Ақмола облысына қарасты 26 мемлекеттік мекемеге профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілді. Профилактикалық бақылау барысында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының бірнеше баптары бұзылғаны анықталды. Қазіргі уақытта бұл бұзушылықтар түзетілді. Тағы бір айта кететін өзекті мәселенің бірі – сыртқы көрнекі ақпараттардың және жарнамалардың тіл заңнамаларына сәйкестігі мен сауаттылығы. Бұл мәселе біздің басқарманың үнемі назарында. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында заңға қайшы және сауатсыз жарнамалардың алдын алу мақсатында облыс аумағында «Қала келбеті», «Ауыл келбеті» атты 102 рейд жүргізілді. Жұмыс барысында 1105 сауда және қызмет көрсету объектісіне мониторинг жасалып, заңнама талаптарын бұзылған 1910 жарнама анықталды. Аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында Тіл заңнамаларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан Республикасындағы жарнамаға қойылатын жалпы талаптар жазылған буклеттер таратылды. Нәтижесінде Заң талаптарын бұзған 136 жарнама алып тасталса, 977-сі түзетілді. Сонымен қатар, көрнекі ақпараттардың дұрыс жазылуы бойынша түсіндіру және кеңес беру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында онлайн семинарлар мен дөңгелек үстелдерді, тағы басқаларын қосқанда 34 шара өткізілді.
Облыс аумағында «Жедел желі» телефондарына жеке кәсіпкерлер тарапынан 411 қоңырау шалынып, көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға қатысты сұрақтарына жауап берілді және 442 жарнама эскизіне келісу жұмыстары жүргізілді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 17 қыркүйек күні Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың қатысуымен өткізілетін тіл мерекесіне арналған онкүндіктің жабылу рәсімінде мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан азаматтарды және онлайн конкурстар мен байқауларда жеңімпаз атанған жүлдегерлерді марапаттау ұйымдастырылатын болады.
Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арналған онкүндік аясында өткізілетін барлық іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталады деген сенімдемін.
«Қазақ тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде» – деп атап көрсеткен болатын өз сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Сол себепті, мемлекеттік тілге деген құрметті арттырып, ана тілінде білім алу үшін қажетті жағдайлар туғызу – ел саясатының аса маңызды басымдықтарының бірі екені даусыз. Қорыта айтқанда, тіл тағдыры – ел тағдырымен сабақтас. Тіл, ең алдымен, кез-келген ұлттың ұлттық белгісі, символы екендігі белгілі. Баршамыз болып осыны естен шығармайық.

Алтынай ӘМІРЕНОВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар