Қазанын қайнатып, дастарханын жайнатып…

Көкшетау қаласынан қолсозым жерде орналасқан Садовый елді мекенінде Бижамал есімді көп балалы ана тұрады. Әдетте көп балалы ананың үй тірлігімен, сонымен қатар, бала тәрбиесімен айналысып жүріп қосалқы шаруашылыққа қолы тимейтіні бар.

Алайда, Бижамал әпкеміз қол қусырып қарап отырған жоқ. Бес баланың анасы балаларының бақыты үшін күні-түні еңбектеніп, қара жұмыстан қашпай, бүгінде өз несібесін адал еңбектен тапқан жан. Біз таяуда осы бір абзал анамен жақынырақ танысып, сұхбаттасып қайттық.
Алдымыздан жүгіріп қос ботақан шықты. Бала да болса тәрбиесі зор, қазақылық танытып, жоғары шығыңыздар дейді. Екеуі де балабақша жасындағы балдырғандар. Үйдің бұрышында «Егемен» деген жазу бірден көзіме оттай басылды. Бойына қазақы тәрбие сіңген балалардың дәл осындай көшеде тұратыны қандай ғажап!
Бижамал әпкенің мінезі ақжарқын, аңқылдап тұрған ақкөңіл адам екен. Біраз уақыт сұхбаттастық. Айтуынша, олар отбасымен Қазақстанға 2015 жылы Қытай елінен көшіп келген. Елге көшіп келгенде үш баламыз бар еді, екі ұлымыз осында дүниеге келді дейді ол.
– Елге көшіп келген соң қолдағы бар қаражатқа мал сатып алдық. Қазір жиырмадан астам сиыр ұстаймыз. Азын-аулақ қой бар. Күздігүні сиырдың көбі суалып кетеді ғой. Жазғытұрым жиырма төрт сиыр сауатынмын. Он екі сиырдың сүтін өзімізге, он екі сиырдың сүтін зауытқа тапсыратын едім. Қазір 12 сиыр сауып отырмын. Он сиырдың сүтін зауытқа тапсырамын да, қалғаны бала-шағаның таңдайына тартары, – дейді Бижамал Айтықанқызы.
Көп балалы ананың жанын ауыртатыны – баспананың жоқтығы. Садовыйда тұрып жатқан үй қайын ағасынікі екен. – Балаларымның алды студент. «Жас өспей ме…» деген емес пе? Атамекенге оралған сәтте үй кезегіне тұрған жоқпыз. Елге оралғанымызға қуанып, уақыт оздырып алғанымызды енді біліп отырмыз. Көп балалы аналардың баспаналы болып жатқандығын теледидардан көріп, қуанып жатырмыз. Сондай қуаныш бізде де болса екен деп тілейміз. Үкіметтен ешқандай көмек сұраған емеспіз. Мемлекеттік бағдарламалар бар дейді, оның да тетігін біле бермейміз. Жасырары жоқ, осынша мал ұстау оңай емес қой. Мал азығының бағасы аспандап кетті. Малды қыстан шығару оңай-оспақ шаруа емес. Жемшөп алуға бір миллионнан астам ақша кетті. Малды сатып, сол ақшаға мал азығын алып жатырмыз. Өкінішке орай, басқа жолы да, амалы да жоқ, – деп кейіді ана.
Иә, мал бағу оңай емес, әсте. Сиырды уақытылы сауып, одан құрт, май, ірімшік жасау үлкен еңбек. Жасырары жоқ, ауылға барсақ, көңіл құлазып қайтады. Ауылда не көп, сауын сиыр көп, бірақ сауылмайды. Жұмысбастылықтан ба, жалқаулықтан ба, жеңгелеріміз мұндай кәсіптің тұзы сор дейді бірауыздан. Бұзауды мамасына ерте қосудың амалын тапқанбыз. Аудан орталығын айтпағанда шалғай ауылдардағы тірлік осы. Өтірік емес, ел жақта дайын асқа тік қасық жеңгелеріміз көп. Ауылда тұрғасын ауызыңа ақ тимегені қиын-ақ. Дегенмен, қазанын қайнатып, дастарханын жайнатып, сиырын сауып, май былғап, құрт қайнатып, бақытын еңбектен тапқан Бижамал сияқты әпкелеріміздің барына шүкіршілік етіп, тамсана қарайсың. Осындай еңбекқор әпкелеріміз кейінгі келіндерге үлгі-өнеге екендігі анық. Ендігі – баспана болса болғаны. Көп балалы ана осындай қамқорлыққа зәру. Бәлкім қолұшын берер жомарт жандар табылып қалар. Кеңжүректі жандар көп қой, бізде!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар