Тұрғын үйлерге су беруде уақытша қиындықтар туындап отыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров пен «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Ермек Қайдарұлы облыс орталығында сумен қамтамасыз етудегі іркілістер және осыған байланысты қалыптасқан жағдай жөнінде айтып берді.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, Көкшетау қаласы сумен Шағалалы және Сергеевка су қоймаларынан қамтамасыз етіледі. Алғашқысынан тәулігіне 15 мың текше метр, екіншісінен тәулігіне 20 мың текше метр су алынады. Бүгінгі күні Сергеевка су қоймасынан Көкшетауға тартылған су құбыры жөндеуден өткізілуде. Соның салдарынан облыс орталығындағы «Сарыарқа» мен «Жайлау» шағын аудандарына қыркүйек айының соңына дейін су берілмейді. Бұл жөнінде «Нұра топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіпорны өз тұтынушыларына қыркүйек айының басында ескерткен екен.
Бұл тұйықтан шығу үшін қосымша «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорнының су тасымалдайтын көліктері көмекке келіп, көп қабатты тұрғын үйлерге суды тасымалдап беру ұйымдастырылуда. «Көкшетау су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры болса биылғы жылдың
6 қыркүйегінен бастап Көкшетау топтық су құбырына жоспарлы алдын алу жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жұмыс жарты айға созылатын көрінеді. Осыған байланысты су беру тоқтатылады. Осы ақпаратты назарға алып, Көкшетау қаласының тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны 48 мың текше метр көлемдегі резервуарға су қорын жасапты.
Бұл шара 6-10 қыркүйекте Көкшетау топтық су құбырынан су берілмеген кезде тұрақты су беруді қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Көкшетау топтық су құбырының суы
7 қыркүйекте тоқтағаннан кейін кәсіпорын Шағалалы су қоймасынан су беру көлемін 26 мың текше метрге дейін ұлғайтты. Тұрғын үйлерде судың жетіспеушілігі байқалады.
Осы орайда, Солтүстіктегі және Шығыстағы өнеркәсіп аумағында орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындарды судан шектеу жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ, су сорғыш станциялары арқылы судың жеткіліксіз берілуі салдарынан кәсіпорын «Жайлау» мен «Сарыарқа» шағын аудандарын сумен қамтамасыз етуді шектеді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар