Бәсекелестік бағаға ықпал етеді

Соңғы жылдары өңірде жылыжай салып, көкөніс өсіруге деген ұмтылыс ұлғайып келеді. Тиімді тұсы да тарқатып айтуға лайық. Мәселен, базар сөрелері жергілікті өнім есебінен толықтырылса, жергілікті жерде жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Кәсіп иелері алдымен топырақ құрамын зерттеген. Керегі де осы. Құнарсыз, айтақыр жерден табыс табу әсте мүмкін емес қой. Ойға алғандары орындалып кетсе, одан кейінгі шаруа дайын өнімді өткізу. Бұл орайда бас қатыратын ештеңе жоқ. Тұтынушысы мол Нұр-Сұлтан қаласы іргеде. Жылыжай салынған Ыбырай Алтынсарин ауылы астанадан тайшаптырым жерде.
Бір гектар жерге қызынақтың екі түрі егілді. Жылыжайдың өнімі де жаман емес, барлық технологиялық талаптар мүлтіксіз сақталғаннан кейін қаулап өсе бастады. Қылтиып жер бетіне шығысымен-ақ көңіл орныққан. Жылына 20 мың тонна өнім жинауға толық мүмкіндік бар. Өздерінің межелеп отырғандары да осы. Жылыжай директоры Абзал Оразымбековтың айтуына қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласына сырттан тасымалданатын, бағасы удай көкөніс көлемін шектеп, жергілікті өнімді молынан ұсынуға болады.
–Бастаған ісіміздің берекесі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шарапатымен үйіріліп тұр, – дейді «АIBOL ECO PRODUCT» компаниясының жетекшісі Абзал Оразымбеков, – ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 4 миллион теңге несие алдық. Өсімталдығы дәлелденген, голландия селекционерлерінің тиянақты тәжірибесінен өткізілген екі түрлі тұқым ектік. Қазір жылыжайдың жалпы аумағы 2000 шаршы метр, онда 6 мың түп орналастырылды. Алдағы уақытта жылыжай көлемін тағы да екі гектарға ұлғайтсақ па деп отырмыз. карантинге байланысты аздаған қиындық болғанымен, азық-түлік молшылығын жасау бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Кешеннің құрылысы қаңтар айында басталған. Жалпы құны 13 миллион теңге төңірегінде. Қолбайлау болып отырған жалғыз жай – жылыжайға қажетті су. Мамандардың айтуына қарағанда, су жеткілікті болмаса, қызанақ тамыры зақымданбақ. Жапырақтары әлсіреп, оратылып қалады. Әзірге суды тасымалдап, көкөністерін суарып отыр. Аудан әкімдігі қол ұшын берсе, жылыжай ауқымы да кеңейтіліп, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сол кезде жергілікті өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік туады.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар