Жалақылары артқалы отырған ұстаздар жұмыста аянбайды

Жыл сайын халық зор үмітпен күтетін ел Президентінің Жолдауы биыл білім күні мерекесімен қатар келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарына көбірек мән берілген.

Оның тигізген зардабы мен әкелген өзгерістері айтылып, еліміздің әлеуметтік дамуына, тұрғындардың табысы мен жұмыс орындарының сақталуына, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға баса назар аудару керектігі атап көрсетілді. Президент елімізді дамыту үшін жасалатын әр бастаманы ерекше екпін қойып айтқаны барша жұртшылықтың көңілінен шықты деген ойдамын. Өз басым мұғалім болғандықтан, Мемлекет басшысының педагогтар мәртебесін көтеру жолында жасап жатқан еңбегі ұшан-теңіз дер едім. Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік пандемия кезіндегі мұғалімдердің баға жетпес рөлін атап өтті, дегенмен, біздің мемлекет әлі де онлайн платформаға дайын емес екендігі де тілге тиек етілді. Бұл ретте, алдағы кезеңде арнайы бағдарлама әзірленетіндігін де жеткізді.
Келер жылы мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артып, кейінгі жылдары да бұл үдеріс жалғасын табатындығы, бұл үшін мемлекет тарапынан алдағы 3 жылға 1,2 триллион теңге қаржы бөлінетіндігі жаңа оқу жылы қарсаңында мұғалімдер қауымын бір серпілтіп тастады. Қазіргі таңда педагогика мамандығына түсушілердің орташа балының күрт өсіп жатқанының куәсі болып отырмыз. Биылғы оқу жылында өз мектебімізден түлеп ұшқан 2 оқушымыз жас маман болып, білім алған алтын ұя – мектептеріне келіп, алғашқы ұстаздық жолын бастап жатыр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаһандық өзгерістер жағдайында білім алған түлек еңбек нарығына шыққанша оның оқып-тоқығаны ескіріп кету мүмкіндігі жоғары екендігін баса айтты. «Сондықтан бейінді министрліктердің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайларға бейімдеу бойынша шұғыл міндет тұр» деп тапсырма берілді. Мұғалімдердің өз біліктілігін жетілдіру курстарынан өзгермелі заманда 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өту қажеттігі және ол курстардың тегін ұйымдастырылуы керектігі де ескертілді.
Ел Президенті биылғы басты құжаттың түйіні ретінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзін келтіріп, әр қазақстандықтың алдына жаңа межелерді айқындап, белгілеп берді.
Біз – мұғалімдер ұжымы, Жолдауды іске асыру үшін барлық біліміміз бен тәжірибемізді жұмылдыратын боламыз.
Эльмира ХАЛЕЛОВА,
Мәлік Ғабдуллин атындағы Зеренді
мектеп-гимназиясының директоры.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар