Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы шеңберінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған «Қазақты әлемге танытқан Қажымұқан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясы болып өтті.
ZOOM платформасында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, «Отандастар қоры» қоғамы, Қазақстан грек-рим күресі федерациясының басшылары, Түркия, Моңғолия, Иран, Қытай және тағы басқа елдердің өкілдері, балуанның туыстары, ғалымдар, облыстың зиялы қауымы қатысты. Іс-шараның мақсаты – күш алыбы Қажымұқан Мұңайтпасовтың жетістіктерін насихаттау, мұрасын дәріптеу, балуанның ізін жалғастырушы спортшылармен таныстыру, шетелде тұрып жатқан отандастарымыздың алып күш иесі туралы айтатын тың деректерімен танысу, сондай-ақ жастардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына әсер ету, ұрпақ бойына батыр рухын сіңіру.
Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Мейрамбек Махамбетов өз сөзінде балуанның биылғы 150 жылдық мерейтойына орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен мемлекет тарапынан өткізілетін 70-тен аса іс-шаралар туралы айтып берді. Бұл іс-шаралар өскелең ұрпаққа балуанның ересен күрескерлік рухын дәріптеп қана қоймай, жастардың бойында өз ұлтына, Отанына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын оятады, туған жерге, елге деген құрметін арттырады деді министрлік өкілі.
Сонымен бірге, конференция барысында ұсынылған Түркістан облысындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы музейдің қызметкері Меруерт Асылханқызының онлайн экскурсиясында қатысушылар балуанның өмірі мен басып өткен жолдарын, жеткен жетістіктері мен адами болымысын танып, білді. Іс-шараға қашықтықтан қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, журналист Жабал Ерғалиевтің балуанның бар болымысын ашып тұрған осындай сәулелі музейді ел ордасы – Нұр-Сұлтан қаласына әкеліп орналастыру қажеттігі жайлы ұсынысы өте орынды айтылды. Күш атасынан қалған қайталанбас бірегей жәдігерлерді астанаға жеткізсе, осында келген барша халық оның мұраларымен танысып қана қоймай, бойларына қазақ балуанының рухы мен күш-жігерін дарытар ма, кім білсін?! Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы өз баяндамасында балуан туралы:
–Ол ерекше патриот еді. Азамат соғысы аяқталған тұста өз қаражатына мектеп, ауруханалар салдырды. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында елді неміс басқыншылығынан азат ету үшін ұшаққа қаржы жинап, оны Амангелді Иманов атындағы самалет болсын деп атап, алып берді. Кеңес Одағы оның бұл ұсынысын қабылдап, қызыл әскердің әуе күшіне көрсеткен қамқорлығы үшін Сталиннің өзі Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауданына жеделхат жолдаған. Сонау қылышынан қан тамып тұрған Кеңес үкіметінің қаһарынан қорықпай «Амангелді Иманов атындағы самалет болсын» деп айту, оның өз ұлтын сүйетін, адами қасиеті жоғары, нағыз қаһарман екенін көрсетіп, Сталиннің өзін мойындатты. Мұндай әрекет ол кезде екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік болатын, –деді.
Конференция барысында Қажымұқанның қара күштің атасы ғана емес, домбыра тартып, ән салатын өнерлі, ақындығы да бар көзі ашық көкірегі ояу азамат екендігі, көпшіл, жомарттығы басым қасиеттері жайында да көптеген мысалдар мен деректер айтылып, дүйім жұрттың назарына тың деректер де ұсынылды. Қазақ ұлтының жарқын бейнесін әлемге танытып кеткен қайталанбас тау тұлғаның биік-белестері ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге. Сонымен бірге, конференцияда Қытайдан қатысқан шығыс жекпе-жегінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Гиннесс рекордтар кітабының 3 мәрте тіркелушісі, каскадер, этнограф Жамаили Диханұлының, Ыстамбулдан қатысқан Мимар Синан көркем өнер университеті Евразия мәдениет және өнер қолдану-зерттеу орталығының төрағасы Әбдіуақап Қараның, Ұлан-Батордан қатысқан Қазақ қауымдастығының басшысы Асай Рәміштің, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, еркін күрестен ардагерлер арасындағы екі дүркін әлем чемпионы Қобыланды Шәкіровтің баяндамалары тыңдалды. Шара соңында қатысушылар пікір алмасып, өз тараптарынан Қажымұқан бабамыздың өмірі жайлы арнайы фильм түсіру, қызықты әрі тәрбиелік мәні зор қысқа метражды қуыршақ фильмін құрастырып, бүлдіршіндерге ұсыну, мектеп оқулықтарына ерліктерінен, жомарттығынан сыр шертетін шынайы әңгімелер енгізу секілді ұсыныстарын айтып, сол арқылы ұлт санасының жаңғыруына күш салынатыны атап өтілді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.