Ою ойып, құрақ көрпе тіккені – ол да еңбектің үлкені

Қолөнер – халықтың қазынасы. Сан ғасыр бойы арқау жібі үзілмей жалғасып келе жатқандығы өміршеңдігін аңғартса керек. Бар сырын санаға сіңірсе, өз алдына бір мектеп екендігі даусыз.

Бурабай баурайындағы ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныстың дидарына қоңыр күздің мың сан бояуы жағылыпты. Биші қайыңдардың жүрекше жапырағы сәл сарғайса, мәңгі жасыл қарағайлар балаң күйінде. Табиғаттың шеберлігіне тәнті болар жерің де осы. Дәл мынандай көрген жанның көзін тоғайтып, көңіліне сезім селін құятын әдемі суретті әлемнің небір шебер суретшілері сала алар ма екен?!
Бурабайдан басталған қалың орман етекке қарай жүгіріп, құйқасы қалың құнарлы өңірдің төсіне жалғасып кетеді. Тау етегін қоныстанған қоғадай қалың елдің ішінде Атамекен ауылы бар. Ауыл іргесі ит тұмсығы өтпейтін ойдым-ойдым қалың орман. Табиғат көркін кейіпкердің көкірегіне дәл осы жерде құйып бергендей. Қолөнер шебері ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
Облыс орталығында өткізілген көрмеде жолықтырғанбыз. Көрерменге ұсынған, өз қолымен жасаған бұйымдарының бедерлі бейнесі бүйрегімізді бүлк еткізген. Мектептегі сабағынан келіп отырған сәті екен. Дастарханы тоқ. Қаладағыдай емес, ауылдың дәмі өзгеше ғой. Онда да қолы епсекті, алдынан жұмыс үркіп отыратын келіншектерге тән. Бастапқы әңгіме дәм жайында өрбіген. Қолөнер шебері жалғыз жансызға жан бітіріп, өрнектеуге ғана емес, ас-суға да бап екен. Тіл маманы емес пе, төгілтіп айтып берді:
– Халқымыздың сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпының, көшпенді халықтың тыныс-тіршілігіне тән барлық жағдайлардың ұмыт болмауы, ескірмеуі, жоғалмауы тәжірибе алмасудан деп ұқсақ қателеспес едік, – дейді Алтынай Сәукенқызы, – жарықтық біздің әжелеріміз шаңырақтың құты, әулеттің берекесі ғой. Олар отбасына қажетті барша дүниені күн ілгері зерделеп, ақыл таразысына салып, болжап, біліп отырады. Қазіргі күні елдегілер сиырдың сүтінен майын айырып, қаймағын алуды ғана біледі. Ертеректе құрттың өзі сан алуан түрлі болатын. Күбіде пісірілген іркіттің майын алғаннан кейін түбіне май жаққан үлкен қазанға құйып қайната беретін.
Құрт – қуаты күшті ас. Ол әр түрлі тамаққа қосылады. Сан алуан түрлері де біздің бала кезімізде мол еді. Мысалы, жас құрт деген түрі болатын. Сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп, бастырма ретінде шаймен бірге дастарханға қоятын. Бұл өзі қатты бауырсаққа тіс өтпейтін кемпір-шал үшін тәп-тәуір ас саналатын. Сол кезеңдерде жас құртты мипалауға, құйрық-бауырға қосқан. Құрттың сары суын сүт қосып қайнатып, ірімшік жасайтын, ауырған малға ішкізетін. Онымен әйелдердің бас жуғанын да көрдік. Ең аяғы жас теріні илеп, шелін сыдырып алу үшін малма жасауға да қажетті еді. Әжелеріміз әзірлейтін құрттардың бір түрі малта еді. Малта әрі жұмсақ, әрі сүйкімді ас. Қойын-қоншымызға толтырып алып, сусағанда әйтпесе қарнымыз ашқанда сорып жүретінбіз. Сорпаға, тұздыққа, көжеге тағы басқа тағамдарға қосу үшін езбе құрт дайындайтын. Оны астауға салып, ұнтақтайтын. Езген құрт сол тұстағы ұлттық тағамдардың ішіндегі ең бір сүйкімдісі еді. Ал, осы күні елдің көбі пайдаланбақ түгіл атын ұмытқан ақ малта – езген құрттың ең соңғы шайындысы. Ол өте жұғымды және тез сіңетін тағам болып саналатын еді. Оны сол сұйық түрінде ішетін. Бүгінде өз басым еш жерден кездестіре алмай жүрген ұнтақ құртты ауылдағы қолы берекелі әжелеріміз дайындай білетін. Қолөнер де солай. Шынтуайтында сұлбасы ғана қалған. Қазір біз көріп, таңырқап жүргеніміз жұқанасы ғана. Ілкі заманда бар қазақ осындай әдемі, асыл заттарды тұтынған. Қазір ел шетінде қолөнерші бар екен деп естісек, өнерімен таныспақ болып іздеп барамыз. Жалпының бойындағы өнер жалқының саусағында қалды.
–Көбінесе құрақ көрпе мен оюлы көрпе тігемін. Құрақ көрпе затты ысырапсыз пайдалану үшін туындаған. Бірақ, тігуге көп уақыт кетеді. Түстерінің үйлесімін ретімен пайдалану керек. Бағзы заманда қыз жасауына міндетті түрде құрақ көрпені қосатын болған. Жаңа бас құрап, шаңырақ көтеріп жатқан жастардың отбасы берік болсын деген ырымнан. Анасы мен қызы қыз жасауын бірігіп дайындаған кезде бір жағынан шеберлікке үйренсе, екінші жағынан ертең өзі де ана болған кезде білгенін ұрпағына үйретеді. Дәстүрдің сабақтасатын да тұсы осы. Қазір ит басына іркіт төгілген заманда қыз жасауын бар ырымын сақтай отырып дайындау сиреп кетті. Ананың ақ тілегі өз қолымен қыз жасауын дайындап, ұзатылған қызы өскен ортасын, шыққан тегін ұмытпай, көзіндей көріп жүрсін деген ақжарма ниеттен туындаған болуы керек.
Алтынай Сәукенқызының анасы Шекер Бекенқызы да он саусағынан өнер тамған шебер адам екен. Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, ұлтымыздың ұлық өнерін ұлықтаған адам. Тек деген текті ұғымның тегін емес екендігін тағы бір ұғындық. Қолөнер шеберіне бар қасиет нағашы атасы Бекеннен жұқса керек. Кейіпкеріміздің айтуы-
на қарағанда, тарих, еңбек пәндерінен сабақ берген Бекен ата қолы епсекті адам болыпты. Мектеп оқушыларын еңбекке баулыған, өзі кішкентай қобдиша, ағаш қасық тәрізді бұйымдар жасаған.
–Мен атақты этнодизайнер, «Алтын сапа» сыйлығының бірнеше мәрте иегері Ырза Тұрсынзададан көп нәрсе үйрендім. Шебердің сабақтарынан дәріс алдым. Ол кісі ұйымдастырған «Көрпе фест» фестиваліне қатыстым, – дейді Алтынай Сәукенқызы, – менің анам ғана емес, енем де қолөнер шебері. Қазақта келін қайын ененің топырағынан жаралады дейтұғын түсінік бар ғой. Бір айта кетерлігі, қолдарына ине ұстап, көрпе көктей алмайтындарды да көріп жүрміз ғой. Зайыры бұл өнерді меңгеру үшін адамның табиғи икемі мен ынтасы болуы керек шығар.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, ілкідегі қолөнер шеберлерінің кейінге қалдырған мұрасы мол-ақ. Олардың тіккен бөрігі, тымағы, шапаны, шекпені, ішігі, белбеуі, әйелдер киетін қамзол, қос етек көйлек, жаулықтың сан түрі қандай еді шіркін?! Арада көп жыл өтіп кешегі тірі суреттер көмескі тартқаннан кейін оның барлығын көз алдыңа елестетіп, сипаттап жазудың өзі оңай шаруа емес. Өзі қазір қыз жасауын дайындап жатыр екен. Қыз жасауы – Алаш жұртының тамаша дәстүрлерінің бірі. Бағзы заманда қызын ұзатқан қазақ жас отауға қажетті керек-жабдықпен мүлтіксіз қамтамасыз етіп отырған. Сайып келген бұл ата-ананың міндеті. Бүгінде үлкен өзгеріске ұшырағандығын көз көріп жүр. Әйтеуір, жөні осы екен деп тілектері бір арнада тоғысқан жастарға шетелдің курорттарына барып келуге жолдама сыйлағандарды да көз көрген. Ал, ата дәстүрі өзгеше жосықта болатын. Оның титімдей шүберегінің бүрмесіне дейін өнеге мен ишараға толы. Алтынай қазір қызы Айғанымға сол сырды ұқтырып жүр. Ілкінің ізетті өнері дарыған қара шаңырақ иесі он бестегі Мадияр ағаш шебері. Бір әулеттің шежіресін қалақтай тақтаға сыйғызып, көркемдеп жасапты. Атаға деген құрмет, өзгеше өңді әулет тарихы.
–Ою кестеге өң беру аса қиын шаруа емес, – дейді қолөнер шебері, – тіпті алысқа барудың қажеті де жоқ, Бурабайдың баурайы көркемдікке тұнып тұр ғой. Жылдың қай маусымы болса да мөлдіреп тұрған сұлулықтың сипатын жасап жатқан затыңның бетіне бедерлесең, үндесіп шыға келеді. Ал, ою-өрнекті өзіндік мән-мағынасы ұзаққа созылатын әңгіме. Сол әңгіме, сол өнер үзілмесе екен дедік біз…
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар