ПИК-тердің кінәсінен кейбір үйлердің тұрғындары тоңып отыр

Көкшетау қалалық әкімдігіндегі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырған баспасөз туры барысында қалалық бу қазандығының мамандарымен әңгімелесіп, бу қазандықтарының жұмысымен таныстық.

«Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Данияр Ақыбаевтың айтуынша, жаз айларында қаланың бу қазандықтарына сапалы жөндеу жұмысы жүргізіліп, қысқы жылу беру маусымы қала әкімінің тапсырмасымен 21 қыркүйекте басталған. Жылу Көкшетау қаласының жылу магистраліне уақытында беріліпті. Он күн бойы жылуды реттеу жұмысы жүргізіледі. Көмір мен мазут қоры кесте бойынша жасалуда. Атап айтқанда 20 тәулікке жететін 38,4 мың тонна көмір тасымалданды. Кәсіпорындағы жедел басқару қызметінің басшысы Валерий Мингулов өз сөзінде қалада 912 көп қабатты тұрғын үй бар екенін, барлық білім және денсаулық саласының мекемелері жылуға қосылғанын айтып өтті.
–Барлық тұрғын үйлердің 897-ін жылуға қостық. Алты көп қабатты үйде жылу есептегіш аспабы жоқ, тоғыз тұрғын үйдің жертөлесі суға толы. Мұнымен ешкімнің шаруасы жоқ. Сарыарқа шағын ауданына автоматтандырылған жылу бекеттері қойылған. Құрылысы күрделі қондырғылармен жұмыс істейтін ПИК-терде ІТ маманы жетіспейді. «ОСИ» мен ПИК-тер ақылы маман табуға асығар емес. Аудандағы білім ошақтарының жылу жүйесін қатаң түрде қадағалаймыз. Бұл ауданның кейбір тұрғын үйлерінде жылу есептегіш аспабы жоқ. Яғни, бұл үйлерге жылу берілмейді,–деген Валерий Мингулов қызмет көрсетудің тізіміне кірмеген Ақан сері атындағы музыкалық колледжде жылудың жоқтығын айтты. Бүгінгі күні жер үй секторлары да жылуға қосылмапты. Сондай-ақ, әлі күнгі «Васильковка» мен «Бірлік» шағын ауданының 1, 9, 33 және 35 тұрғын үйлерінде, «Жансая» тұрғын үй кешенінде және коттедж-дерде орналасқан балабақшаларда жылу жоқ. Бұған арнайы бригаданың қолы жетпей жатқан көрінеді. Дегенмен, бұл проблема екі-үш күннің ішінде шешіледі деп сендірді жылу берушілер. «Жансая» тұрғын үй кешенінің жылу есептегіш аспабы қойылғаннан соң жылу беріледі. Сондай-ақ, «Өркен» балабақшасы да жылуға жарымай отыр. Бүгінгі күні кейбір жерлердің тозған жылу құбырлары ауыстырылуда. Жылу берілмеген тұрғын үйлердің тұрғындары жылу ақысын төлемейді. Күн суытқанда іске қосылатын бу қазандықтары дайын тұр екен.
Біз баспасөз турының соңында бу қазандықтарын аралап көріп, кейбір тұрғын үйлердің жылусыз қалғанына «ПИК» пен «ОСИ»-дің кінәлі екеніне көзіміз жетті. Біраз жылдардан бері облыс орталығында қысқы жылу беру маусымының уақыты жеткенде, қала ың-шыңсыз жылуға қосыла қоюшы еді. Биыл олай емес. Сонау жылу маусымы үлкен дау-дамайға айналатын тоқсаныншы-екі мыңыншы жылдардың өзі болмаса да, соған ұқсас кепті киіп тұр. Әлден республикалық арнада «Көкшетауда жылу түзу берілмей жатыр» деп дабыл қағылды. Бұған кім кінәлі? Біздіңше, таяқтың бір ұшы «бізде бәрі дұрыс» дегендей сыңай танытқан «Көкшетау жылу» кәсіпорнына, екінші ұшы осы жауапты міндет үдесінен көріне алмай отырған ПИК-терге тиетін сияқты. Сондықтан, бұл мәселені тез арада шешіп, қала тұрғындарын жылумен дұрыс қамтамасыз ету қыс қыр астында тұрғанда басшылардың бірінші кезектегі міндеті.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар