Бірлік пен ынтымақтың бесігі

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында ауданда тілдер онкүндігінің ашылуы «Алаш» қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне арналған тарихи-әдеби кештен басталды. Іс-шара аудандық мәдениет үйінде өткізілді.

Кешті мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, «АЛЖИР» мұражайы және аудандық мәдениет үйі қызметкерлерімен ұйымдастырды. Оған оқушылар мен ұстаздар қатысып, Абай және А.Байтұрсынұлының өлеңдерін оқыды. Мемлекеттік тілге арналған кітап көрмесіне шолу жасалып, сұранысқа ие әрі жаңадан шыққан «Сақтардан қазақтарға дейінгі есімдер», «Тіл эпопеясы», «Латын әліпбиі» атты кітаптар жөнінде мол мағлұмат берілді. Кеш барысында мұражай қызметкерлері А.Байтұрсынұлына арналған бейне және фотоматериалдармен таныстырып, «Алаш» қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы туралы тарихи деректермен бөлісті. Іс-шара аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Е.Қасымовтың «Тәуелсіздік жемісі» атты авторлық әнімен аяқталды.
Барлық білім беру мекемелерінде тәрбие сағаттары, дөңгелек үстелдер, дәстүрден тыс сабақтар, эссе, диктант жазу, мәнерлеп оқу байқаулары, викториналар өткізілсе, мәдениет ошақтарында Тілдер фестивальдері, онлайн концерттер, көрмелер, әдебиеттік, тарихи, музыкалық кештер мен ақпараттық сағаттар ұйымдастырылды. Жалпы аудан бойынша тілдер онкүндігінде 230-ға жуық іс-шара өткізіліп, 30-ға жуық бейнематериал, 6 мақала жарық көрді.
Онкүндік барысында жергілікті жазушы, өлкетанушы, Ақмол орта мектебінің ұстазы С.Қанапин, өзге ұлт өкілдері арасында «Тіл – тәуелсіздік символы» атты байқауының бас жүлдегері, Арайлы орта мектебінің мұғалімі А.Ирубаева, «Тіл – ұлтымның тұғыры» атты ән байқауының 2 орын иегері А.Қалелбек және балаларға арналған шығармалар байқауына қатысқан Қараөткел ауылының тұрғыны, қаламгер Б.Біләлұлы түрлі марапаттарға ие болды.
Қазақстан халқы тілдері онкүндігі «Тіл – бірлік пен ынтымақтың бесігі» атты аудандық форуммен аяқталды. Онда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Сүйінжанова тіл жанашырларын марапаттап, өз алғысын білдірді. Шара барысында аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Мусина, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры В.Батракова және Арайлы ауылдық округі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Ирубаева тіл ахуалы туралы баяндамалар жасап, барлық азаматтарды мемелекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның қолданыс аясын кеңейтуге шақырды.

Самал НҰРҒАЛИЕВА,
Целиноград аудандық мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар