Кешегі әріптестерімізді ұмытпайық

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында қазіргі Ақкөл, бұрынғы Алексеев ауданына білім саласын басқаруға келдім. Біраз уақыттан кейін Ақмола облыстық білім басқармасы мәжіліске шақырды. Мәжіліс басшының кабинетінде өтеді екен.

Қабылдау бөлмесіне жинала бастадық. Байқаймын, аудандардың білім саласының басшылары мосқалданған тәжірибелі азаматтар сияқты көрінді. Басшының кабинетіне мәжіліске кіріп жайғастық. Сонда отырғандардың басым көпшілігі басқа ұлттың өкілдері. Біздер шамамен 15-20 пайыздай ғанамыз. Осыдан байқауға болады, сол кезде Ақмола облысын басқарғандар кім екенін. Сөздің реті келгенде айта кетейін, бір ауданның білім саласын басқарушысы маған жиі-жиі «әріптес» дейтін болды. Бірде жөні келгенде айттым «егерде мені сыйлайтын болсаң менің аты-жөнім бар» деп. Содан кейін естігенім, басқа бір аудандағы орыс тілді әріптесімнің қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпты. Сол қылығы үшін қызымен араласпай қойыпты. Осыдан шовинистік пиғыл байқалып тұрды.
Жиналысқа қатысқан екі қазақ азаматтарымен жақын таныстым. Біреуінің есімі Балкен Игенбаев та, екіншісі Мүтәләп Оспанов болды. Одан кейін облыста өтетін әртүрлі шараларда жиі кездесетін болдық. Осындай кездесудің арқасында бір-бірімізге деген сыйластығымыз жарасып, тетелес болып шықтық. Екеуі де менен бірер жас кіші болды. Бір-біріміздің өткен өмір жолдарымызды біле бастадық. Бакең жоғары білім алғаннан кейін бірте-бірте қызметке араласа бастапты. Сол жас кезінде бір ауданның білім бөлімін басқару сеніп тапсырылыпты. Содан біраз уақыттардан кейін жаңа Торғай облысы ашылғанда бір топ ақмолалықтармен бірге жаңа облысқа қызметке жіберіліпті. Онда педучилище ашып, соны біраз уақыт басқарады. Облыс қайта жабылғанда елге оралып, менімен кездескенде өте жауапты қызмет – Ақмола қаласының іргесіндегі Целиноград ауданының білім саласын басқаруға кірісіп жатқан кезі екен. Аудан орталығы Ақмола қаласында болғандықтан, жұмысы өте мазасыз екен. Оның үстіне тоқсаныншы жылдардың соңына қарай Ақмола қаласы жаңа астана болғанда ол жұмыс тіпті қиындап кетеді. Министрліктің өкілдері осы жақын ауданның білім саласын қарап, сол арқылы солтүстік өңірдегі мектептердің жағдайына баға бергілері келеді екен. Келе-келе Балкен Игенбайұлының денсаулығы нашарлап, жүрегі сыр бере бастапты.
Ал, Мүтәләп Тілепұлы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында Омбы өңірінде жоғары білім алып, жолдамамен Қорғалжын ауданының Сабынды орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Сол елді мекенде жас дәрігер Райханмен көңіл қосып, отбасын құрады. Біраз жылдардан кейін аудан орталығына ауысып, орта мектепте директор болады. Кейін аудан басшылары Мүкеңе білім саласын басқаруды сеніп тапсырады.
Осы азаматтардың еңбек жолдарын қысқаша толық жазып отырғаным, оқырман барлық өмірлерін жас ұрпақты тәрбиелеуге арнағанын, онымен қоса, біздің облысымыздағы аталған аудандарда білім саласын дамытуға зор үлес қосқандығын білсін деген ой. Адам баласы өз өмірінде жақсы адамдармен өткізген кезеңдерін жиі еске алып отырады Бакеңмен де, Мүкеңмен де жақсы жолдастық қарым-қатынаста болдық. Отбастарымызбен де араласа бастадық. Бір жазда үшеуміз отбасымызбен Ақкөл ауданындағы Талқара өзенінің бойындағы орманның бауырында дем алғанымыз әлі көз алдымда. Қалада бір-екі рет Бакеңнің жұбайы Тиыштықтың қолынан дәм татқанымыз есте қалды. Балкенмен көбіне денсаулық туралы әңгіме қозғайтынбыз. Өйткені, екеуміздің де жүрегімізде ақау болатын. Мүтәләппен жиі әзілдесетінмін. Ол Ресейден келген соң «оралмансың» – деп қалжындайтынмын. Оған сигаретін бұрқыратып, күліп қана қоятын. Бір кездері білім саласында бір-екі рет жауапкершілігі аз, жалақысы жоғары қызметтерге ауысып жүрді. Сонда айтатынмын «осындай қызметтерді қалай табасың?» деп. Онда да оның «әдісі бар» деп жымиып қоятын.
Осы азаматтардың дүниеден озғанына ұзақ уақыт болды. Олар барлық өмірін келешек ұрпақтарды тәрбиелеуге арнаса да білім саласы ұжымдарынан еске алу туралы бір үн естілмейді. Дүниеде ондай азаматтар болмаған сияқты. Ол кісілердің ұрпақтары бар, солар мақтанарлықтай мақалалар шықса, басқа бір еске аларлықтай шаралар қарастырылса, қандай жақсы болар еді. Осындай шаруаға көңіл бөлмейміз. Адам дүниеден өтсе де, атқарған игі істері қалады ғой. Бұл азаматтармен істес болған әріптестері бар ғой. Солардың ұмытатын жөні жоқ сияқты. Қайда болсақ та кешегі әріптестерімізді ұмытпай, халықтың құлағына салып отырсақ аруақтары риза болар еді. Елге еңбегі сіңген осы азаматтарымыздың жатқан жерлері жайлы болсын демекпін. Барлық білім саласының қызметкерлерін Мұғалім күнімен құттықтай отырып, жаңа оқу жылында зор табыстарға жетуіне тілектестігімді білдіремін.

Еркін Дәуешұлы,
қарт ұстаз.
Суретте: (солдан оңға қарай) Мүтәләп Оспанов, Еркін Дәуешұлы, сол кездегі оқу министрінің орынбасары Ж.Әзілханов, Балкен Игенбаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар