Кең-байтақ қазақ елінің сан қырлы өнері Көкшеде тоғысты

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығының» үйлестіруімен өткізілген «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі одан әрі «Көкшетау» мәдениет сарайында «Сен бе, Көкше, сұлулықтың арқауы» атты үлкен гала-концертке ұласты.

Өнер мерекесінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, фестивальде ән мен күйден, шұғылалы биден шашу шашқан өнерпаздарға алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді. Вице-министр Нұрғиса Дәуешов Қазақстанның мәдени астанасы атанған Көкшетау елінде өткен өнер шеруінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтіп, өңірлердің өзара қарым-қатынасын арттыра түсетін «Сәлем, Елорда!» республикалық өнер шеруі жыл соңында тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гала-концертпен аяқталатынын жеткізді. Салтанатты шарада вице-министр Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитоваға облыс басшылығына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Алғыс хатын тапсырды. Көкшетаулықтар мен қала меймандарын хас шеберлігімен тәнті еткен өнерпаздарға облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан ықылас гүл шоқтары табыс етілді.
Жалпы бұл фестивальдің басты мақсаты – еліміздегі мәдениет мекемелері арасындағы өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды дамыту, өңірлердің мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, көп ішінен өнерімен оқ бойы озық тұрған өнерпаздарды дәріптеу болып табылады. Иә, өмір өнермен өрнектеледі. Өнер бар жерде көңіл де асқақ. Үш күн бойы Көкшетаудың аспанында, өнер биігінде аққу ән қалықтап, шұғылалы би шуақ болып шашылып, мөлдір музыка жүректі сөз жеткізгісіз сұлулыққа бөледі. Бұл тұрғыда төл мәдениетіміздің мәйегіне айналған Көкшетауға қаратып айтылар құрмет сезімдер мен ақжарма лебіздерді ақтаратынымыз да айқын. Әйгілі Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақтың рухани даңғылымыздағы дарабоз жолын дүйім жұрт мақтан етеді. Сол дәуір жолы жалғасып келе жатқандығына біз тағы бір мәрте куә болғандаймыз. Көкше халқының өнер мерекесінен алған әсерін, киелі өлкеге өнер шеруімен келген өнерпаздарға ақжарма тілекті сахна төрінен мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы көркем тілмен кестелеп, әдемі жеткізді. – Тербел, дүние! Бүгінгі қазақтың әнімен осы сахнада шырқалған, бүгінгі күмбірлеген күймен, бүгінгі күңіренген қобызбен қыран болып самға дала, тұлпар болып бауырыңды жазып бәйгенің алдын берме, тұлпар дала дегім келеді! Кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен біздің өнерпаздарымыздың бас қосып, бірлесіп концерт қоюы некен-саяқ болатын. Осыны қолға алып отырған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға, облысқа өнер шеруін бастап келіп отырған вице-министр Нұрғиса Дәуешовке, өңір басшысы Ермек Маржықпаевқа алғыс айтамыз. Әлемді жақындастыратын өнер десек, қазақты қазақпен бауырластыратын, қазақты ұлы халық екендігін танытатын ұлы өнеріміз бар. Көкшетау еліміздің мәдени астанасы болып жарияланғаннан бері рухани түледі, жан дүниеміз тазарды, рухани биіктеп кеттік. Тербел дүние, тербел дала, сен құдіретті елдің ұрпағысың!, – деп жиналған қауымға ақжарма тілегін арнап, жылы лебізімен жүректерге жылылық ұялатты.
Көкшетауда өткен гала-концерттің шымылдығы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы айтыс көрінісімен ашылуы да заңды. Музыкалық жауһарға айналған «Біржан-сара» операсына биыл 75 жыл толып отыр. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері Серікболсын Бекмолдин мен Аякөз Қалмағанбетованың орындау шеберлігі көпшілікті тәнті етті. Ізінше сахнаға Қанат Абдығомар (Павлодар облысы), Біржан Есжанов (Солтүстік Қазақстан облысы), Төлеген Аманов (Ақмола облысы) есімді қазақтың ұлттық ән мектебінің мерейін асырып жүрген әншілер шығып, Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» атты әнін әсерлі орындап берді.
Ән мен күй шыққан күн мен туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке дейінгі жан серігі десек, қазақтың ән өнері сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың асыл қазынасы ғой. Содан болар, кешегі сал-серілердің асқақ әндері шырқала бергенде ән болып лапылдаған ыстық сезім көңіл жазирасынан шарықтай жөнелетіні бар. Гала-концертте қазақтың ән мектебінің өкілдері де өз өнерлерін ортаға салды. Маңғыстау облысының жырауы Темірбек Асқанбаев, қызылордалық жырау Шолпан Бимбетова, Алтай-Тарбағатайдың әуенін салып, құлақ құрышын қандырған әнші Жасұлан Тажиев, жетісулік Елбол Қуанбек, батыстың төкпелі жырымен Ғазиза Әбдірова, Арқаның талантты әншісі Шығыс Сәрсенбай әнсүйер қауымды бір серпілтіп тастады.
Өнер кешінде саусағынан саз сорғалаған домбырашылар, халықтың мұң-шерін, зарын қобыз сарынымен жеткізген қобызшылар, жүрек қылын мөлдір әуезімен шерте білген жетігенші, шертерші, сазсырнайшы өнерпаздар да өз өнерлерін ортаға салды. Олардың қатарында Саят Бабаев (Ақмола облысы), Жәнібек Жәмиев (Атырау облысы), Алмат Сайжан (Нұр-Сұлтан қаласы) Ерлан Манасаров (Алматы облысы), Азамат Бақия (Қарағанды облысы), Салтанат Дүмшебаева (Алаты облысы), Айбол Құдайберген (Алматы облысы) бар.
Сәні мен салтанаты жарасқан гала-концертте әлем классиктерінің таңдаулы туындылары шырқалды. Би өнерінің биігінен көрініп жүрген бишілер де өз өнерлерін ортаға салды. Өнердің туын биік ұстап, өз дарын-қабілеттерін ортаға салған таланты биік хас шеберлерге ақжарма тілектерін арнап, рухани қуат алып тарқасты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар