Ұлттық асхана – ұлттық мәдениетті насихаттаудың бірден-бір жолы екендігі айқын. Ұннан жасалатын ұлттық тағамдар туралы сөз қозғасақ, алдымен аузымызға түсетіні – бауырсақ. Қазақтың кез-келген шаңырағында бауырсақ жемей өскен бала жоқ шығар. Біз осы бауырсақты құтты қонақты қарсы алғанда да, өзіміз отырып шай ішуге де ұсынамыз. Бауырсақтың дәмі ерекше екендігі анық. Алайда, ұннан жасалатын басқа да нан өнімдері бар екендігін кейде ұмытып кететін сияқтымыз.
Бауырсақтың бірнеше түрі бар екендігін жастар білмеуі де мүмкін. Себебі, әр аймақтың дәмі басқа. Оны ашыған және ашымаған қамырдан да жасайды. Мәселен, шығысқазақстандықтар ши бауырсақ дайындаудың шебері.
Оның кәдімгі бауырсақтан ерекшелігі пішіні шағын және ұзынша болып келеді. Оның қамыры да қытырлақ болады. Ерекше дәмді болатыны да осыдан. Жалпы қазіргі жастар шетелдің қытырлаған «киреешкасын» жеуге құмар. Ал, ши бауырсақтың бұдан мың есе пайдалы әрі дәмді екендігі сөзсіз ғой. Осындайда отандық өнім шығаратын нан зауыттары атадан балаға мирас болып, ғасырдан-ғасырға ұмытылмай жалғасқан ұлттық өнімдерді, оның ішінде нан түрлерін неге өндіріске шығармайды деген ойға қаласың.
Мәселен, бауырсақтың бірнеше түрін пісірсе, сұраныстың көбейетіні де рас қой. Ең бастысы, ұлттық тағам ұмытылмайды ғой. Біз жоғарыда бауырсақтың бір ғана түрін атап өттік. Ал, бармақ бауырсақ дегенді білесіз бе? Иленуі ши бауырсақ сияқты, тек одан сәл жуанырақ, үлкенірек кесіліп, атауы айтып тұрғандай бармақ пішіндес жасалады. Жалпы білмекке ұмтылған, ізденген адамға өз өндірісін ұлттық бағытта өркендетемін десе өріс кең. Тәтті бауырсақ, тұш бауырсақ, ақ бауырсақ, жол бауырсақ, ұсақ бауырсақ және тағы басқа түрлері өте көп.
Біз осы мақаланы жазуға бел буғанда, қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Нанның қандай түрлерін білесіз деп сұраған жандардың басым көпшілігі, бауырсақ пен таба нан деп жауап берді. Тіпті, кейбірі басқа ұлттардың нан тағамдарын жиі дайындайтынын жасырмады.
– Балаларым «пицца» жегенді ұнатады. Қамырын жасауды үйреніп алдым. Бұрын тапсырыс беріп, қанша ақша желге ұшты. Енді қаражатты үнемдеудің жолын таптым, –дейді қала тұрғыны Гүлмира Мұратқызы. Өзге елдің асын дәм ете жүріп, өзіміздің ұлттық құндылығымыздан ажырап қалмаймыз ба? Жаппа нан, жұқа нан, көмбе нан, таба нан, кісе нан, тағы басқа нан түрлері сөремізде тұрса ғанибет емес пе? Біздің білетініміз һәм сатып алатынымыз өзбек халқының тандыр наны. Ал, қазақтың таба нанын неге өндіріске шығармасқа?
Ауылда өскен баланың барлығы мыжыма жеп көрген шығар. Нанды ыстық пештен алған күйі әжеміз оны ып-ыстық күйінде бізге сары майға былғап беретін. Дәмі тіл үйіреді, таңдайыңда ериді ғой. Құнарлығы қандай?! Ал, жұма сайын пісілетін шелпектің де дайындалу тәсілі бар ғой. Оны өзге халық қайдан біледі?
Бізге дүкен сөресінде дайын тұрған өзге елдің өнімін сатып ала салу оңай. Осыған дағдыланып алғанбыз. Себебі, қазіргі халықтың басым көпшілігі жұмысбасты. Ал, осыны кәсіпкерлер ескеріп, өзіміздің ұлттық тағамдарымызды өндіріске шығарса, ұтылмайтыны анық. Мысал ретінде құрт пен қоспаны алайық. Өңіріміздегі ірі кәсіпорын «Көкшетау сүт зауыты» осы өнімдерді шығаруды қолданысқа енгізді.
Зауыт басшылығы ұлттық өнімдерге сұраныстың жоғары екендігін бірауыздан айтады. Қазір байқап жүрсеңіз, жастар мен бала-шағаның аузында бұрынғыдай чупа-чупс көрмейсіз, керісінше, көп жастар құрт сатып алуға құмар. Яғни, ұлттық тағамның дәмін көргеннен соң, оның пайдасын біліп, ұнатып сатып алып жүр.
Қай жерде жүрсек те, қай кәсіпті қолға алсақ та қашанда қазақ екенімізді ұмытпай, ұлттық қолтаңбамызды қалдыруды ойласақ абзал.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.