Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алдымен нанның қадірін білейік - АРҚА АЖАРЫ

Алдымен нанның қадірін білейік

Нанның қадір-қасиетін ашаршылықты бастан өткерген адам ғана жақсы біледі. Кешегі сұрапыл соғыс жылдары жансебіл қазақ әйелдері үйдегі шиеттей балаларын асырау үшін масақ теріп, тынып таппай жұмыс істеген жоқ па?

Ал, өзімнің құрбы-құрдастарым болса өгіз басына отырып, аталарымен бірге колхоздың қара жұмысына жегілді. Қазақ ауылдарын жайлаған осынау аянышты, жантүршігерлік көріністі көзбен көріп өскендіктен, азапты күндерді еш уақытта ұмытуға болмас.
Соғыс жылдары әркім тіршіліктің қамы үшін әртүрлі амалдарға да барды. Әкем Әбдірахман ағаштан неше түрлі аспаптар жасап, оны көрші Явленка селосындағы орыс тамыр досы Миронға апарып, азық-түлік тағамдарына айырбастаушы еді. Сауда-саттықтан түскен ақшасына ұн сатып алып, оны ауыл адамдарына таратып беретін. Шынымды айтсам елдегі ауыр тұрмыс соғыстан кейін де жақсара қойған жоқ. Қалай десек те, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде ғана қамбамыз астыққа толып, тоя нан жедік.
Диханның аялы алақанымен өсірілген алтын дән елдің ырыздығына айналды. Халқымыздың мерейін өсіріп, байлыққа кенелтті. Топырағы құнарлы Көкшетау облысы егіншілік саласында қолжеткен жетістіктердің арқасында республикамызға, одаққа танымал астықты өлкеге айналды. Еңбек бәсекесінде озып шығып, бәйге төрінен көрінген егіншілеріміз бен ауыл шаруашылығы өндірісінің мамандары Үкімет наградасын алып, Социалистік Еңбек Ері атанды.
Тоқсаннан асқан шағымда талай тарихи оқиғалардың куәсі болып, еңбек майданында ауыл еңбеккерлерімен біте қайнасып, тәжірибе жинақтадық. Табиғат берген талаптың арқасында Зеренді, Қызылту аудандық газеттерінде редактор болып істеп жүргенімде де тың төскейінде ел ырыздығын еселеген өршіл өрендер жайлы мақалалар, очерктер жаздым. Ол уақытта астық өсіру журналистер қауымы үшін де шешуші майдан саналатын.
Ал, Қызылтуда аудандық партия комитетінің хатшысы болған кезімде шаруашылықтарды, дала қостарын жиі аралап, егіншілердің тұрмыс жағдайын жақсартуға, социалистік жарыстың пәрмендігін арттыруға тікелей қамқорлық жасап жүрдім.
Елімізде Нан күнінің атап өтілуін дихан қауымға, нанға деген шынайы құрметтің белгісі деп бағалаймын. Ендеше, нанның кепиетіне ұшырамас үшін дән өсіруші адамдарға шынайы құрмет көрсетейік.

Айдархан ТЕМІРБАЕВ,
партия қызметінің ардагері, қарт журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар