Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шағын шаруашылықтарды дамыту қажет - АРҚА АЖАРЫ

Шағын шаруашылықтарды дамыту қажет

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауын мұқият оқып шықтым. Осы бағдарламалық құжатта Мемлекет басшысы алдымызға жаңа міндеттер қойды. Осы орайда, мені фермерлерге де қаржылай көмек көрсетілетіні қуантты.

Биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – еліміздің өркендеуінің берік негізі» деген тақырыптағы Жолдауда пандемиядан кейінгі жаңа экономикалық өсімнің жеті негізгі қағидаты белгіленді. Пандемия барлық қиындықтарға да-йын болуымыз керек екенін көрсетті. Қазіргі әлемдегі ахуалды жеңе білуіміз қажет. Өз басым көп жылдардан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Ауылдағы жыл бойғы жұмыс жеңіл емес, ерінбей еңбек етуді қажетсінеді. «Не ексең, соны орасың» демекші, егіс, картоп пен көкөніс және шабындық алқабын дұрыс күтіп баптасаң, мол өнім аласың. Сондай-ақ, мал шаруашылығы мен оның азығына да ерекше назар аудару қажет. Биылғы жылғы жаз айларындағы қуаңшылық фермерлер үшін қиын болды. Көктемгі егістен кейін жаңбыр жаумады. Бұл егіннің өсуіне көп кедергісін тигізді. Соның салдарынан аз өнім алдық. Биыл шөп те дұрыс шықпай, қолдағы малдың қоңдылығына кері әсерін тигізді.

Дегенмен, қу шөппен ауыз сүртуге болмайды. Бұйырған өнімді жинап алдық, мал азығын дайындадық. Биліктің ауыл шаруашылығы саласын қаржылай қолдап отырғаны көңіл қуантады. Жеңіл пайызды несие мен субсидия бөлінуде. Әрине, оның өз стандарттары бар. Қаржылай қолдау келешегі бар шаруашылықтарға ғана беріледі. Президент өз Жолдауында субсидияларды рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі ашық болуы қажет, субсидиялар шағын және орта шаруашылықтарға толық қолжетімді болуы тиіс деп айтты. Бұл пікірді өз басым құптаймын. Бұған дейін субсидияның көп бөлігі мыңдаған гектар егіс алқаптары бар ірі шаруашылықтарға ғана берілгені белгілі. Бұл қолдаудан шамалы жері, аздаған малы бар фермерлер шет қалатын. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі бағытында барлық ірі және ұсақ шаруашылықтар жете жұмыс істесе, елді қымбатшылық жайламас па еді. Осы орайда, ұсақ шаруашылықтарды дамытудың жолдарын қарастыру қажет.

Ауыл шаруашылығы саласын дұрыс жолға қойсақ, ішкі рыногымыз отандық азық-түлік тауарларына толы болып, импорттан құтылар едік. Қаржы шет елге кетпес еді. Нақты бәскелестікте өнім құны төмендейтіні бесенеден белгілі.

Президент өз Жолдауында осы заманғы ветеринарлық қызметсіз мал шаруашылығын дамыту қиынға соғатынын айтты. Бүгінгі таңда рынок сапалы әрі қоңды ет өнімдерін талап етеді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің назары ауыл шаруашылығы саласының проблемаларына ауып отыр. Бұл салаға жаңа технологияларды енгізіп, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қамқорлық жасау қажет. Агроөнеркәсіп кешені экономиканың драйвері болу үшін өңдеуші кәсіпорындар өндірісін жаңғырту керек. Тек сонда ғана фермерлер елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік алады.

Қонай ДЕМЕСІНОВ,
жеке кәсіпкер.
Қызылегіс ауылы,
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар