«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Дәстүр – заман ағымында» атты мектепішілік ұлттық киімдер сайысы өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен төл мәдениетінің көрінісіне айналған және ежелгі адамдардың қалыптасуының барлық ерекшеліктерін бойына сіңірген қазақтың ұлттық киімін насихаттау.
Байқауға 8-11 сынып оқушылары қатысты. Әр қатысушы өзінің тіккен ұлттық киімдеріне ат қойып, ұлттық нақыштағы әшекейлерді ұсынды. Дәстүрлі ұлттық костюм бүгін де танымалдылығын жоғалтқан жоқ, жарқын түстермен, тартымды декормен және лаконикалық шешіммен назар аудартты. Байқауға қатысушылар өздерінің ұлттық костюмі туралы айтып, заманауи стильдегі киім-кешектерін қазақы ою-өрнектермен кестелеу барысын көрсетіп, түрлі өнерлерімен қазылар алқасын және көрермендерді қуанта түсті. Осылайша барлық қатысушылар өз шеберліктері мен шығармашылықтарын паш етті.
Қазылар алқасы барлық қатысушылардың өнерін бағалай келе, Гран-при жүлдесіне 9 сынып оқушысы Жансұлу Сағит, 1 орынға 9 сынып оқушысы Меруерт Әпейісова, 2 орынға 8 сынып оқушысы Камила Мұхамедрахым, 3 орынға 10 сынып оқушысы Әмина Дүзбаеваны лайықты деп тапты. Қалған қатысушылар да əртүрлі номинацияларға ие болып, бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Байқау «Қадір таңы» спектаклінің көрсетілімімен аяқталды.
Әзина ОСПАНОВА,
Көкшетау қаласындағы №2 орта мектеп директорының
тәрбие істері жөніндегі орынбасары.