«Ойды ой қозғайды, сөзді сөз қозғайды» демекші, өткен жылдың наурыз айында Астанада қызмет істейтін Мейрам Жәкенов деген кластасымның «Мәншүк, біз мектеп бітіргелі 50 жыл екен. Бірге оқыған кластас достарымызбен хабарласып, кездесу кешін ұйымдастырайықшы» деген сөзі сеп болып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, осы ой көкейімде тұрды да қойды.
Өзімді жиі-жиі бір қиял әлеміне кіріп кеткендей сезіндім. Неге кездеспеске, жарты ғасыр өтті ғой. Кеше ғана мектепке тарыдай боп кіріп, таудай боп шыққан, алдымыз алпысты артқа тастап, жетпіске таяп қалған түлектердің кездесуі бәріміз үшін кезінде бір арман болатын. «Елу жылда ел жаңа» қайсымыз қайдамыз, бармыз ба, жоқпыз ба, мұндайда толғаныс көп қой. Әйтеуір, телефон арқылы жоспар құрып, бірімізді біріміз іздей бастадық.
Солай арада бір жыл өтті. Бізге бөгет болғаны, күні бүгінге дейін елімізді жайлаған пандемия еді. Туыс туыспен, көрші көршімен қатынаспай, соңғы сапарға аттанған адамдардың өзімен қоштасып қалу ауыр соққан заман болды ғой. Дегенмен, алға қойған мақсаттарына жетпей қоймау да біздің кластың жігіттерінің бір жақсы қасиеті болатын. Солардың табандылығының арқасында осы жазда, шілде айының ішінде армандаған кездесу кешін ақыры өткіздік. Бұл үшін Мейрам, Нұрлан, Мұрат, Марат, тағы басқа азаматтарға рахмет. Кешіміз өзіміз туып-өскен жерден алыс емес, Бурабайдың төңірегінде, табиғат аясында өтті.
Кешті бастамас бұрын бәрімізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызды, бұл күнде ортамызда жоқ, о дүниелік болған кластас достарымызды еске алып, құран оқыттық. Кешті бәріміздің басымызды қосып, осы кездесуге себепкер болған Мейрам Жәкенов досымыз жүргізді. Кездесуімізге өзінің жүрекжарды тілегін алып келген Ғалия Хамзина құрбымның өлеңі бар екен. Кешіміз сол арнау өлеңнен басталып кетті.
Жас едік біз ерік берген қиялға,
Түлеп ұштық әр тарапқа, қияға.
Елу жылды араға сап, достарым,
Құс боп қондық туып-өскен ұяға.
Еңбек еттік, жас болсақ та, өрледік,
Аянбадық, тек биікке өрледік.
Өкпеміз жоқ, назымыз да өткенге,
Жетпістің де жиегіне беттедік, –
деп келетін осы өлеңін қатырма қағазға түсіріп, бәрімізге естелік ретінде тарту етті. Әрқайсымыз тілек сөздерімізде отбасымыз, қай жерде тұрып жатқанымыз, өмірде қол жеткен азды-көпті жетістіктеріміз жайлы қысқаша баяндап бердік. Мектеп қабырғасындағы қызықты күндерімізді еске алып, балалық шақты да ұмытпай, ойын ойнадық, би биледік. «Ұстазым», «Ақ бантик», «Достар», «Армандастар», «Мектебім» сияқты әндер де бірінен соң бірі шырқалып жатты.
Қысқасы, осындай мол әсермен күннің қалай батып, түннің қалай келгенін де білмей қалдық. Осы кездесу кешінде басымнан кешкен сол бақытты, қуанышты сәттерді содан бері 3-4 ай өтсе де, әлі ұмыта қояр емеспін.
Біржан сал ауданындағы Казгородок орта мектебін 1971 жылы бірге бітірген, бірақ, әртүрлі себеппен осы кездесуге келе алмаған кластастарыма айтарым, адам баласына өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан, алда да кездесейік деген хабар тисе, әлі де кездесіп, жүздесейікші. Бір-бірімізді көріп, рухани үндескенге, өткен-кеткенді, мектеп қабырғасындағы бақытты балалық, жастық шағымызды еске алғанға не жетсін. Кластастар кездесуінен осы бір мойныма парыздай сезіліп жүрген шағын мақаламды мына бір-екі ауыз өлең шумағымен аяқтағым келеді.
Өмір-өзен!..
Ағыспен ағып келем,
Өлеңімнен кетердей жанып денем.
Түлектер, кездесейік деген сонда,
Мироштың қоңырауын бақыт дер ем.
Қуанышым қойды мені алаңдатып,
Тұңғиық ойларыма барам батып.
50 жылдық кездесуге келіп қалған,
Достарымның амандығы маған бақыт!
Жүзімнен елестесе арай дала,
Гүліне ұқсамаспын қалай ғана?!
Кластастар кездесуін жырлағым кеп,
Отырмын қалам алып, он ойлана.
Ей, тағдыр!
Тілеймін мен таңнан тұрып,
Тұрсын әр шаңырақта бақыт тұнып,
Дәл біздей сол күні шын толқыған,
Қуанышын тойласын ел шат күліп!..
Мәншүк ШИЯПҚЫЗЫ,
штаттан тыс тілшіміз.