Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қылқалам мен мүсін шебері - АРҚА АЖАРЫ

Қылқалам мен мүсін шебері

Манарбек Бұрмағановтың «Іргетас» деп аталатын картинасы елең еткізді. Кесек бітімді, қабағы қатулы, оң қолында қазақы қайқы қылышы, сол қолын қалқанының қырына қойып қазақтың айбарлы ханы Абылай тұр! Елордағы атақты «Қазақ елі» монументінің жанында. Бұл оның орындалған арманының нышаны-ау. Бір ғажабы, монумент іргетасы құрыштай берік, құла түздің суы мен желіне, жаңбыры мен дауылына шыңдалған, беріш боп қатқан, мызғымас үш тас! Іргетасы сол. Үш тас қазақтың үш жүзінің белгісі. Оны әр жүз руларының таңбаларынан аңғарасыз. Абылай қалқаны да сол үш тас үстінде. Бүтін қазақ, үш жүз Абылайдың тірегі.

Қатар орын тепкен мызғымас іргетас мәңгілік елдің нышаны – «Қазақ елі» монументіне нық тұғыр болып тұр. Хан тағы тұрған қара бояу монументтің ұшар басына қарай ашық, салтанатты түске ұласқан. Егеменді, өзіндік, еркін даму жолына түскен Қазақстанның бүгінгі кейпінің сипаты. Бұл суретшінің еліміздің егемендік алғанының отыз жылдығына арнаған картинасы. Негізі Манарбектің Қазақстан егемендігінің бір, он, жиырма жылдық тойына да арнап картина салғанын білеміз.

Еліміз езгіден құтылып, тәуелсіздік алғанда қуанбаған жан бар ма?! Қай-қайсымыздың да жүрегіміз кеудемізге сыймай, көңіліміз көкке самғап, алып-ұштық. Енді сол тәуелсіздігіміздің баянды болуына қалайда үлес қосуды ойлап тыныштық таппадық. Бұл елін-жұртын сүйген әрбір қазақ баласының басында болған жағдай-ды. Иә, тәуелсіздік талай тарланға дем берді, талай талантты түлетті. Талай талантты ақынның қаламынан тасқынды, алапат қуатты жыр-дастандар туды, талай мүсінші тастан осы тәуелсіздік үшін қан төгіп, жан берген батыр-бағландарға арнап ескерткіш, мүсін соқты. Өнердің сан түрі, ұлттық бағыттағы қолөнер, ән, саз, ұлттық спорттың небір қырлары қырға біткен қызғалдақтай қаулады! Айтыс, атжарыс, көкбар, жамбы ату, ұлы бабалардың аруағына ас беру сияқты ауқымды шаралар еркіндікті көксеген ұлтжанды қазақты шабыттандыра түсті.

Біз бүгінгі әңгімемізге арқау етіп отырған суретші, мүсінші Манарбек Бұрмағанов та тәуелсіздік мазмұнын тереңдетіп, маңызын насихаттауға сол күндерден бас-
тап құлшына кіріскендердің бірі.

Ол Біржан сал ауданы, Кішкентай ауылының тумасы. Дүние есігін 1962 жылы ашқан. Әуелі ауылында қазақ сыныбына барған. Сол уақыттың «салтына» орай, «балам орысша білмей, болашағы болмай, қайда барса қиналып жүрер» деп әкесі келер жылы Степняктағы мектеп-интернаттың орысша сыныбына біріншіден бастап қайта оқуға кіргізген. Ата-анасы мұғалімдер. Әкесі Жұмабек тағдыр қиыстырып Семейге бухгалтерлік оқу іздеп барып, Шәкәрімнің ұлы Ахаттың ақылымен педагогикалық училищеде оқыған, тағдырлы жаннан тәлім алған адам болатын. Одан сегіз бітірген соң Омбы кәсіптік-техникалық училищесінің құрылыстағы мозаика, безендіру бөліміне оқуға түскен. Себебі, Манарбек төменгі сыныпта оқып жүрген кезінен-ақ сурет салумен әуестеніп, өзінің осы бағытқа икемі бар екенін байқатқан. Мектептің қабырға газеттерін шығаруға, әртүрлі шараларды безендіруге қызыға атсалысатын. Суретке деген сол әуестігі бір толастаған емес. Омбы училищесінде оқып жүріп, бір зауыт жанындағы суретші-безендірушілер шеберліктерін ұштайтын студияда да машықтанды. 1982 жылы азаматтық борышын өтеуге аттанып, Ресейдің Архангельск өңірінде әскери қызметте болды. Әскерде жүргенінде де осал суретші емес екендігі байқалып қалып, түрлі «қызыл бұрыш», кабинеттер, клубтарды безендіру, әрлендіру жұмыстарымен айналысуға тура келді. Бірақ, Манарбек ол уақытта да өз қиялымен әртүрлі эксперименттер жасап, шеберлігін одан әрі шыңдауға мүмкіндік алған-ды.

Әскерден оралған соң жоғары, кәсіби білім алуды көксеп, Көкшетау педагогикалық институтының көркемсурет факультетіне оқуға түсті. Манарбек институтты дәл еліміз егемендік алған 1991 жылы тәмамдап, дипломын алып шықты. Сөйтіп, тәжірибесі мен білімі толыққан, ұлтжанды, талантты жас маман тәуелсіздікке қызмет етуге білек сыбана кірісті. Іле Көкшетаудан шыққан алғашқы еркін газет «Оқжетпеске» сурет салды. Газет редакторы Нұрхан Ысқақовтың айтуымен ұлттық тақырыпқа салынған бірқатар дүниелерді жария етті. Көп кешікпей Мұрат Ыдырысов өзі басқарып отырған Қазақ педагогикалық училищесіне қызметке шақырып, мұғалім болды. Кейін біржола шығармашылық жолға түсті.

Бүгінгі таңда суретші, мүсінші Манарбек Бұрмағановты білмейтін адам аз. Көкшетаудағы облыстық сот алдында оның қазақтың әйгілі үш биіне орнатқан ескерткіші тұр. «Мечта» дүкенінің іргесінде, Қылшақты өзенінің жағалауында ашылған амфи-театр жанындағы тарпынған тұлпардың да, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры алдындағы домбыраның да авторы Манарбек! Айтпақшы, Манарбектің жетінші атасы 1741 жылы жоңғарлармен болған қырғын соғыста ерлікпен шайқасып, қаза тапқан Нұры батыр. Манарбек бабасының басына тақта орнатқан. Сол қорымда шейт болған батырларға арнаған ескерткішінің эскизі де көптен қолында жүр. Жалпы, оның қыл қаламынан туған картиналардан қазақтың қайсар батырларын, ат үстіндегі ерлерін, бүркіт баптаған саятшыны, еркіндік, тәуелсіздікті ту еткен күрделі композицияларды көрер едіңіз.

Тәуелсіздік – Манарбек Бұрмағановтың таусылмас, сарқылмас тақырыбы. Елін сүйген, ата-бабасының ерлігін қадірлеген, ұлтының салт-дәстүрін құрмет тұтқан талант иесінің еліне берері әлі көп екені сөзсіз.

Серік Жетпісқалиев,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар