Даралығы болмысынан байқалған

Өз тәуелсіздігімізді алғалы да біз, қазақ халқы қиын-қыстау кезеңді бастан өткердік. Соның бір мысалы ретінде 90-жылдардағы өтпелі кезеңді алайық. Абыройымызға қарай, осы жылдардың бәрінде қазақ зиялылары ұстамдылық пен кемеңгерлік танытты.

Сондықтан, Қазақстан аумағында анау болады, мынау болады деп сарнаған сәуегей сарапшылардың таңданысын түсінуге болады. Олар ғасыр аяқталар тұста заманның өзі алға тартқан қиындықтан сүрінбей өткен қазақ зиялыларының тарихи һәм әлеуметтік жауапкершілігін аңдай алмады. Ал, бұл қазақтардың табиғатындағы мәдениетінің, байсалдылығы мен төзімділігінің, мәмілеге бейімділігінің көрінісі еді.

Кешегі ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани да зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алғанын және қазақ қоғамында зиялы қауымның қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап өткен жөн. Ол тұста ой еңбегімен шұғылдану атадан балаға жұғысты болып отырғаны баршаға мәлім. Бүгінгі күнде осы тақырыпты қаузай отырып, өңіріміздің нар тұлғасы Тұрсынбек Кәкішев атамыздың осы үрдісті жалғастырушылардың бірі болғанын айтсақ қателеспейтініміз анық. Себебі, кешегі кеңес уақытында қазақтың зиялы тұлғаларының ізімен жүріп, шығармаларын жазып, өзінің жеке басының абыройы үшін емес, еліміздің абыройы үшін кейінгі ұрпақтарға аманат етіп қалдырып кеткен мұра бұл кісіде аз емес.
Әрине, өмірден қаншама нар тұлғаларымыз өтті.

Мен айтып отырған Алаштың осы бір азаматы, сыртынан қарағанда жалпақ жауырынды жалғыз кісі сияқты болып көрінеді. Шын мәнінде бұл кісі біреу ғана емес, бірнешеу. Атап айтар болсам, алдымен азамат, сыншы, әдебиет зерттеушісі, жазушы-журналист, публицист, ұстаз, жиһангер, одан ғылым докторы, профессор, аттестатсыз академик, аттестатты бес академиктен білімді, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, қайратсыз қайраткерлердің бірнешеуінен артық. Атамыз көзі тірісінде көптеген еңбектер, кітаптар жазып қалдырды. Біз талай ғасыр өтсе де, тарихы тастан сөйлеген, шежіресін шаң басып көрмеген ұлтпыз. Елбасымыздың 2016 жылғы «Ұлы Дала ұлағаттары» мақаласында «Халқымыздың қай мұрасын алсақ та, одан тек үлгі мен өнеге, ақыл мен парасат, адамгершілік пен иман, достық пен бауырмашылдық айқын көрініп, анық танылады. Абзалы, біз – ақындығы мен батырлығы қатар түсіп, өзегі бірге өріліп жататын жұртпыз. Ауыз әдебиетінің ұлы жауһарлары бұл сөзімізге куәлік ете алады» деп атап көрсеткені тегін емес.

Мемлекетіміздің сындарлы саясатының арқасында елімізде көптеген тарихи мұралар, мәдени ескерткіштер, мәдениетіміз өзі қайта жанданды. Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында кешегі мәдениетімізді қайта жандандыру керектігі текке айтылмағаны белгілі. Осы идея негізінде білім саласында да көптеген сабақтар, іс-шаралар атқарылып келеді. Әрине, мұндайда жас ұрпақ қазақ елінің, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуында айтарлықтай үлесі бар қайраткерлеріміздің жеке өнегесімен тәрбиеленіп, өсуі керек. Осы орайда, сонау 1997 жылы 16 мамырда атақты жерлесіміз Тұрсынбек Кәкішевтің 70 жасқа толған мерейтойында өзінің туып-өскен Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Алтынды ауылындағы Киров көшесі Тұрсынбек Кәкішев көшесі, білім алған мектебі Тұрсынбек Кәкішев атындағы Алтынды орта мектебі деп өзгертілді. Мектеп кітапханасында көрнекті әдебиетші ғалымның өзінің жазған кітаптары және атамыздың өзіне сыйлаған кітаптардың мол қоры бар. Қазіргі таңда Бұланды аудандық орталықтандырылған кітапханасында жерлес атамыздың 15 шақты кітабы бар екендігі де бізді қуантатынын айта кеткім келеді. Аудан орталығында орналасқан №4 мектеп-лицейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тұрсынбек Кәкішұлына арналған жоба жұмыс істейді.

Ол кісі өмірде де, әдебиет пен ғылымда да еңбек дейтін киелі ұғым мен талант дейтін қасиетті дүниені айрықша бағалаған жан. Тұрсынбек атамыз ондаған ғасыр бойы бай тарихы бар қазақ көркем сөзінің сыни пікірінің дамуына ерекше ықпал еткен, осы жолда сандаған шәкірттер тәрбиелеген үлкен жүректі ғұлама ұстаз еді. «Алашым» деп аһ ұрып, «қазағым» деп қабырғасы қайысып, бар саналы өмірін ұлт әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне, ұлт ғылымы мен білімінің дамуына арнаған халқымыздың ардақты перзенті, кесек мінезді абыз ақсақалының 2015 жылы 7 қыркүйекте өмірден озғанына, сөйтіп, алып жүрегі өз соғысын тоқтатқанына да төрт жыл өтіпті. Содан бері ол кісінің артында қалған бай мұрасын, аяулы есімін жан жары, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметова көздің қарашығындай қастерлеп, сақтап, насихаттап, бүгінгі және келер ұрпақ кәдесіне ұсынып келеді.

Өңіріміздің ғұлама тұлғасы ұғымының танымдық маңызы мынада деп ойлаймыз. Өз тарихымыз бен төл мәдениетімізді, әдебиетімізді тұтас тану алдымызда тұрған зор міндет, қасиетті парыз. Міне, осы үлкен іске үлес қосуды мұрат тұтқан атамыз біздің қасиетті топырақтан шықса, неге ол кісі біз үшін ғұлама тұлға болмасқа?! Жалпы, ұлт ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекетіміздің ішкі және сыртқы жетістіктерін тең ұстау, ұлттық құндылықтарымызды әлемге толығырақ таныту қажет десек, қателеспейміз. Келешек ұрпақтың туған еліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімдерін арттыру және өткен тарихымызды білу үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегі мектептер мен жоғары және орта арнаулы оқу орнының бағдарламаларына енгізілсе, бұл да артық болмас еді.

Біздің оқу орнында қазақтың көрнекті ғалымы Тұрсынбек Кәкішев атамыздың өнегелі өмірі мен ғылым, әдебиет саласындағы инемен құдық қазғандай жанкешті еңбегі талай өскелең ұрпақты тәрбиелеп, жақсы істерге баулуға бір өзі-ақ жететіндей. Осы орайда, бүгінде ұлттық құндылықтарымыздың түпқазықтарының біріне айналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры», тағы басқа еңбектер ел, ұлт үшін бойындағы барын аянбай беріп өткен осы Тұрсынбек аталарымыз сияқты жақсы-жайсаңдарымыздың өмірлік мұраттарымен тығыз ұштасып жатқандығы анық. Осы тұрғыдан алғанда әдебиетші ғалым атындағы Алтынды орта мектебінің оқытушылары мен оқушылары, яғни, біздің бәріміз өзінің бар саналы ғұмырында қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған осындай заңғар тұлғамызды ерекше мақтан тұтамыз. Сонымен бірге, аяулы жерлесіміз Тұрсынбек Кәкішевтің ардақты есімінің ел есінде неғұрлым жан-жақты, ұзақ сақталуын қалайтынымыз да заңдылық.

Халқымызда «жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді» деген аталы сөз бар. Ендеше, туған еліне, қазағына берерін беріп кеткен қазақ әдеби ғылымының ірі өкілдерінің бірі – Тұрсынбек атамыздың да екінші ғұмырының мәңгілік болатыны сөзсіз.

Маржангүл БЕРДІХАНҚЫЗЫ,
Тұрсынбек Кәкішев атындағы Алтынды орта мектебінің оқушысы.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар