Мәдениет саласы жаңғырып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу барысында мәдениет саласындағы жаңалықтар туралы баяндап берді.

– Биыл Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз» деген болатын. Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өту біздің азаматтық борышымыз, – дей келіп, басқарма басшысы Айгүл Баубекқызы өткен 30 жыл ішінде мәдениет саласында орын алған айтулы оқиғаларға тоқталып өтті. Мәселен, осы жылдар аралығында өңірімізде 123 кітапхана, 7 музей және 107 клуб ашылды. М.Ғабдуллин музейі мен «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музейі салынды. Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ғимараты қайта жаңартылды.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен тек соңғы үш жылда 3 миллиард теңгеге 85 мәдениет нысаны жөнделсе, ағымдағы жылы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы.Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасына енген жобалар іске асырылып жатыр. Биыл облыста бес мәдени нысан пайдалануға берілмекші. Атап айтсақ, Біржан сал ауданында сал-серілер музейі, Бурабай ауылында кітапхана, Егіндікөл ауданының Ұзынкөл ауылында, Атбасар ауданының Бастау ауылында, Жарқайың ауданының Тасөткел ауылында мәдениет нысандары пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 1,1 миллиард теңге тартылып, 23 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– Жыл басынан бері мәдениет мекемелері ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған 500-ден астам түрлі іс-шаралар өткізді, оған 225 мың адам қатысты. «30 жұлдызды күн» жоспары аясында бірқатар халықаралық, республикалық, аймақаралық және облыстық іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр. Мәселен, облыс орталығында алғаш рет жас айтыскерлердің (Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия) қатысуымен «Тәуелсіздік – тұғырым» халықаралық айтысы, тәуелсіздік құрдастары болып табылатын ақындар арасында «Тәуелсіз елімді жырлаймын» халықаралық мүшәйрасы (Түркия, Ресей, Германия, Франция), «Тәуелсіздік – бабам берген аманат» авторлық әндердің облыстық байқауы, «Үздік экскурсовод-2021» республикалық конкурсы өтіп, Көкшетау-Талдықорған қалалары арасындағы «Біржан-Сара» айтысының 150 жылдығына арналған онлайн айтыс, Степногорск қаласында «Үкілі домбыра» атты домбырашылар конкурсы, Біржан сал ауданында «Сал серілер» музейі ашылады.

Алғаш рет «Көкшетау» мәдениет сарайында дәстүрлі ән өнерін жандандыру мақсатында «Дәстүрлі ән» орталығы ашылмақшы. Сондай-ақ, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы жанынан «Бурабай» күй мектебі ашылып, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дегдар» қайырымдылық қорының төрайымы Дариға Назарбаева 36 домбыраны сыйға тартып отыр,–дейді басқарма басшысы.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орайластырылып, қазіргі таңда облыс аудандарында «Ақмола жұлдызы» көркемөнерпаздар байқауы өтуде. Жалпы тәуелсіздік жылдары байқау қорытындысы бойынша 22 жеңіл автокөлік, 7 шағын автобус табыс етілді, мұның өзі техникасы мәдениет объектілерінің материалдық-техникалық базасын айтарлықтай нығайтты.

Алдағы уақытта өңірімізде «Ғасырлар үні» фольклор орталығы, (Зеренді ауданы), «Би әлемі» деп аталатын қазақ халық биі орталығы (Қорғалжын ауданы), «Айтыс өнері» айтыскерлік өнерді дамыту орталығы (Көкшетау қаласы), «Дәстүрлі ән» орталығы (Біржан сал ауданы) ашылмақшы. Жиын соңында басқарма басшысы журналистердің сұрақтарына жауап беріп, орамды ойларын ортаға салды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар