Кез-келген ұлт үшін ең үлкен байлық – оның ана тілі, мәдениеті және мұрасы. Әрбір халықтың мақтан тұтатыны, ол – ана тілі. Қазақ тілінің тарихы ежелден бастау алады. Қазақ тілі – өте бай тіл. Бұл тілде екі миллионнан астам термин бар. Біздің халқымыз тек тілімен ғана емес, сонау ата-бабаларымыздан бері бойына сіңірген бай мәдениетімен де танымал.
Көптеген қазақтың батырлары ұлттың тәуелсіздігі мен гүлденуі үшін талай шайқастарды бастан кешті. Болашақ ұрпақ ештеңеге мұқтаж болмауы, ашық аспан астында өмір сүруі олар үшін басты мақсат болды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бағытын айқындады. Жаңа әліпбиге көшуге дайындық кезінде 1929 жылы КСРО түркі халықтарының жазуын латын әліпбиіне көшірудің тарихи тәжірибесі зерделенді. Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың 20-40-жылдарының басында Қазақстанда бірнеше рет жазу реформасы жүргізілді. Қазақ жазуының даму тарихы бойынша республиканың архивтерінде, соның ішінде Ақмола облысының мемлекеттік архивінде сақталған 20-40 жылдардағы архивтік құжаттарда құнды деректер бар.
ХХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап Иран, Түркия, Әзірбайжан және Қазақстанның зиялы қауымы сол кезеңдегі қолданыстағы араб жазуы осы елдердегі халықтың тіл табиғатына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді. 20-шы жылдары Түркі халықтарының жазуын реформалаудың бастамашысы ретінде әзірбайжан ғалымдары 1922 жылы жаңа әліпбиге көшуге дайындық үшін арнайы комитет ұйымдастырды. Осылайша 1926 жылы ақпан-наурыз айларында Баку қаласында түркітілдес халықтардың жазуын латындандыру мәселесіне арналған тұңғыш Бүкілодақтық түркологиялық съез өтті. Съезге В.Бартольд, Б.Чобан-заде, А.Самойлович сияқты ғұламалар, Қазақстаннан делегат болып Ахмет Байтұрсынов қатысты. Араб әліпбиінің орнына заманауи жаңа әліпбиді енгізу туралы сауалнамада қатысушылардың көпшілігі бұл идеяны қолдады (101 – «иә», 7 – «жоқ», 6 – «қалыс қалғандар»).
Съездің қорытындысы Советтік түркі халықтарының жазуын латын қарпіне көшіру үшін легитимді негіз берді. Осылайша 1927 жылы «Яналиф» немесе қазақтың «Жаңаліп» (жаңа әліпби) Бірыңғай жалпытүркілік латын әліпбиі бекітілді. Қазақ АКСР Халық ағарту комиссары Ораз Жандосов басқарған бір топ ғалымдар спецификалық әріптен тұратын латын графикасының қазақстандық жобасын түркітанушылар съезінде таныстырды. 1929 жылы Қызылордадағы конференцияда жоба қызу талқыға салынып, кейін жетілдіріліп, 29 әріптен тұратын жаңа әліпби бекітілді.
Ақмола облысының мемлекеттік архивінде ресми түрде енгізілгенге дейін және латын әліпбиіне көшкеннен кейін бірнеше жыл бойы жаңа әліпбидің жобалары, оны жетілдіру және қолданысқа енгізу мәселелері кеңестер мен пленумдарда, жиналыс-
тарда және митингілерде кеңінен талқыланғаны туралы құжаттар сақталып қалған.
1928 жылғы 6 қаңтардағы Ақмола губерниялық комитеті бюросының отырысында Қазақ жазуын латындандыру жөніндегі Ақмола комитеті құрылды. Құрамына 11 адам кірген комитет төрағасы болып Мырзағұл Атаниязов тағайындалды (3 қ. 1 тіз. 17 іс. 69 б.). Комитет қызметінің негізгі бағыты халық арасындағы сауатсыздықты жою, жаңа латындандырылған әліпбиге оқыту, мұғалімдерді, жергілікті мәдениет қызметкерлерін мәдени-ағартушылық қызметке тарту болатын. Баспаханаларда «Ленин туы», «Сталинский путь», «Жаңа Арқа» газеттері арқылы үгіт материалдары үнемі жарияланып тұрды. 1929 жылдың 25 шілдесінде Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің «Жаңа қазақ емлесін бекіту туралы» Қаулысы қабылданды.
Жаңа қаулыға сәйкес 1924 жылғы орфография жойылып барлық мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар мен мекемелерде жаңа орфография енгізілді.
Біздің архивте 1929 жылдан 1940 жылға дейінгі кезеңде латын графикасында қазақ жазуының кеңінен қолданылғанын куәлендіретін құжаттар бар. Олар «Ленин туы», «Сталинский путь», «Жаңа Арқа» газеттері, Қазақ ССР Орталық Атқару Комитетінің қаулылары, циркулярлар, статистикалық есептер мен хаттамалардан тұратын ресми құжаттар, сондай-ақ, кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парақтар, туу туралы актілер, сауалнамалар, өмірбаяндар және тағы басқа азаматтардың жеке құжаттары.
2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облысының мемлекеттік архиві архивтік құжаттар енгізілген «История латинизации казахского алфавита» атты жинақты басып шығарды. Жинақты шығару барысында облыстық архивте, Көкшетау қаласының мемлекеттік архиві мен аудандық архивтерде сақталған құжаттар, сондай-ақ, газет тігінділері пайдаланылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың айтуынша, қазақ тілі қоғамдағы беделді, сұранысқа ие тіл болуы тиіс. Мәселен, мемлекеттік лауазымдарға, әсіресе, қоғамдық коммуникациялармен байланыста болып келетін лауазымдарға басшылар тағайындау кезінде кәсіби қасиеттерімен қатар, қазақ тілін жақсы меңгергендігі де ескерілсе құба-құп. Қазақ тілі – тек тілдесуге арналған тіл емес. Оның ауқымы бұдан әлдеқайда кең. Ол тұтастай бір ұлттың бай да қасиетті тілі. Тіліміздің азаттығы үшін соғыстар да болды, ата-бабаларымыздың арқасында біз бүгін қазақ тілінде сөйлейміз, қарым-қатынас жасаймыз, көптеген шетелдіктер біздің тілімізге деген қызығушылықтан оны үйренуге тырысады. Демек, қазақ тілінің әлемдік тілдердің біріне айналуға үлкен әлеуеті бар деп айтуға болады.
Гүлмира Қасымова,
Ақмола облысының мемлекеттік архивінің археографы.