«Мал қыстатуды ұйымшылдықпен өткізу– басты міндет»

Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов.

– Биылғы жаздағы қуаңшылық зардапсыз болған жоқ. Шөп пен егін өсімі төмендеді. Оған пандемияның кері әсері қосылды. Талай алыс-беріс, айналым әлсіреді. Соған байланысты жанар-жағар май, басқа қызмет түрлерінің бағасы көтерілді. Міне, қылышын сүйретіп қыс келді. Осындай қысылтаяңда оған дайындық қалай?

– Оныңыз рас. Биылғы қуаңшылық көп қиындықтар әкелді. Шөп онша шықпады, егін көтерілмеді, шыққаны күнге күйді дегендей… Сондықтан, барын тез арада шауып, жинап алу қажет болды. Егіннің шығымын күткен шаруа да «қалай болар екен?» деп қиналды. Алайда, осы қиындықты, жауапкершілікті сезініп, ауыл еңбеккерлері іске тас-түйін дайындықпен кірісті. Еңбек еш кеткен жоқ. Бәрі ойдағыдай болды. Былтыр облыс бойынша егіннің әр гектарынан 11,6 центнер дән жиналса, биылғы қуаңшылық жылғы көрсеткіш 8,8 центнерден келді. Аздау болғанмен, дән сапалы болды. Сапалы дән әлгіндей кемшіліктердің орнын жаппақ.

Шөпке келер болсақ, биыл 1 миллион 260 мың тонна шөп жиналды. Бұл жоспардан 260 мың тонна шөп артық шабылды деген сөз. Оған қоса, 245 мың тонна пішендеме, 190 мың тонна сүрлем, 637 мың тонна сабан дайындалды. Демек, қыстан қысылмай шығарлық мүмкіндік бар деп есептейміз.

Бұған облыстық әкімдік жанынан қуаңшылыққа байланысты мал азығын дайындау жөнінде құрылған арнайы штабтың да көмегі тиді деп есептейміз. Оны облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әбдіхалықов басқарды. Осындай штабтар барлық аудандарда да ұйымдастырылды. Төрт-бес рет облыстық штаб өз отырыстарын аудандарда өткізді. Штаб жергілікті жерлердегі шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер директорларымен сөйлесіп, олардың жұмыстарының тиімді болуына қолғабыс беріп, ақыл-кеңес қосып, сондай-ақ, зейнеткерлерге, мұқтаж адамдарға жемшөппен көмектесуді ұйымдастыруларын сұрады. Осындай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірігудің арқасында көп мәселе қамтылды. Яғни, штаб жұмысы оң нәтиже берді. Басқа көрсеткіштеріміз де жаман емес. 152 мың тонна ет өңделді, 352 мың тонна сүт, 664 миллион жұмыртқа өндірілді.

– Өтпелі кезеңде кеңшарлар таратылып, шаруа абдырап қалған кездер болды ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл адамы өз құқын қалай пайдаланып, шаруасын қалай тиімді жүргізуді біліңкіремеді. Қазіргі жағдай қалай?

–Иә, жер 49 жылға жалға берілді. Шаруалардың үлесінен жаңа қожалықтар құрылды. Сол әртүрлі форматтағы қожалықтар ауыл адамына жұмыс орнын ұсынды, әртүрлі жеңілдіктер жасады. Жаңа басталған істе кемшілік болмай тұрмайтыны белгілі. Түсініспеушіліктер көп болды. Қазір жағдай басқа. Негізінен, ауыл адамдары мемлекеттің қамқорлығын дұрыс пайдалануда. Ал, мемлекеттен берілетін көмек жетерлік. Тек, құжаттарын толық, дұрыс толтырып, уақытында жолдау қажет. Мысалға, биыл ауыл шаруашылығына 39 миллиард теңге көлемінде субцидия бөлініп отыр. Бұл аз қаражат па? «Қолдау» деп аталатын бағдарлама жақсы жұмыс істеп тұр. Шамамен, айтқанда 300 мың теңгеге бір бас мал алсаң, оның жарты құны қайтарылады. Тұқымға, жаңа техника алуға, тыңайтқышқа, ет, сүтке лизинг бар. Ауыл тұрғындарына мемлекеттің жаңағыдай тиімді бағдарламалары жан-жақты түсіндірілуде. Соларды оңтайлы пайдаланушылар саны көбейе түскені қуанышты. Бұл – ауыл шаруашылығының дамуына әкелетін жол. Ауылдың да дамуына игі әсер етпек.

– Дегенмен, әлі күні ауыл тұрғындарының мемлекеттен бөлінген қаражаттарды ала алмауы жайлы пікір көп айтылады. Бұл жалған емес қой…

– Мұндай проблема жоқ дей алмаймын. Алайда, оның себебіне бойлаған сайын ол қолайсыздықтар ептеп жойылады деп ойлаймын. Мұның бір себебі мынадай. Кейбір шаруа қожалықтары жұмысқа бухгалтер, заңгер, тағы басқа керекті мамандарды алмайды. Оларды анда-санда қажет болғанда ғана шақырып, пайдаланады. Сондықтан, бағдарламалар бойынша қажетті құжаттары дұрыс толтырылмайды. Ол құжаттар пакеті компьютерде, оған басқа ешкім араласпайды. Құжаттары анық, толық болмағандықтан, өтпей қалады.

Содан келеді де әртүрлі әңгіме тарайды. Шын мәнісінде білікті маман сұрақтарға сәйкес құжатты дұрыс толтырса, ешқандай мәселе туындамас еді. Осыны әбден түсінген шаруашылық жетекшілері мемлекет ұсынған барлық көмекті уақытымен, дер кезінде алып отыр. Бұл орайда біздің тұрғындарға жаңаша ойлау, бүгінгі күннің талабына сай болуды үйрену керек. Біз бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жалықпастан, үнемі жүргізіп келеміз. Нәтижесі жоқ емес, бар. Оны жоғарыда айттым. Мұндайда сол құжаттарды толтыру барысында білікті мамандарға қаражат шығару кейін өз-өзін ақтайды. Бұған бірте-бірте жетерімізге мен сенемін. Биылғы жоспарымыз бойынша 112 ет фермасын құруымыз керек еді, оның 106-сы құрылды. Қалғаны жыл аяғына дейін құрылады. 19 сүт өндіретін ферма жоспарланса, оның да 17-сі құрылды, екеуі таяу күндерде іске қосылады.
– Ауылдық жерлерде зоотехниктер, мал дәрігерлері жетіспейді деген шағымдар да жиі естіледі.

– Ол да рас. Жетіспейді. Өкінішке орай, біздің жастарымыз сіз айтып жатқан ауылға өте керек мамандықтарға оқымайды. Тіпті, оқулардың тегін оқытылатынына да қарамайды. Тегін оқып, сұранысқа ие мамандық иесі болу деген ғанибет емес пе?! Жоқ, әзір олай болмай тұр. Жастардың ауылда тұрғылары келмейді. Жастар жоқ болған соң, ауылда бала жоқ. Бала болмаған соң мектеп жоқ. Осы екеуі болмаған соң, ондай ауылдардың арғы жағдайы белгілі.

Шаруаларға қазіргі айтып жатқанымыз, олардың қолданып жүргені төмендегідей жағдай: кеңестік кезеңде жұмыс істеген, қазір зейнеткер жасындағыларды келіссөзбен жұмысқа тарту, жұмыс істеп жүрген жұмысшылар ішінен ынталыларын қысқа курстарда оқытып алып, жаңа техникаларға отырғызу. Басқа амал жоқ. Түбі, ауыл еңсе тіктеген соң, жастар да бет бұрар деп ойлаймын. Әзірге ауылдық жердегі кадр тапшылығы күшті болып тұр.

Мен сізге осы жерде мал өсіріп отырған ірі компаниялардың жай-күйін айта кетейін. Оларда бәрі компьютерлендірілген, сандық технология толық қолданылады. Мәселен, әр малдың саулығы, салмақ қосуы, ағзасында қандай дәруменнің кемдігі, тағы басқа ауытқулар мен ерекшеліктер монитордан толық көрініп тұрады. Олар соған орай, мал жеміне қандай дәрумен қосу керектігін, ауырса қандай екпе салу қажеттігін, қысқасы не беру, не қою керектігін толық біліп отырады. Ондай мүмкіндіктері жоқ шағын шаруашылықтарға, әрине, зоотехник, мал дәрігері керек.

–Қала тұрғындары ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін асыға күтеді десек, артық айтпаған болармыз. Өйткені, оларға арзан да сапалы азық-түлік әкелініп, жұртшылық керегін қуана сатып алады. Осы ретте, жыл ішінде неше жәрмеңке өткенін айта кетсеңіз?

–Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің қажеттігілігі сөзсіз. Алайда, таралған індет, соған орай енгізілген карантиндердің құлашты кең аштырмағаны шындық. Сол себепті биыл 5 рет жәрмеңке өтті. 6-шысы Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылды. Ондағы азық-түлік бағасы базар бағасынан 10, кейбір тағам түрлері 15 пайызға дейін арзан болды. Жалпы, жұртшылықтың ауылдық жерден жаңа әкелінген сапалы азық-түлік түрлерін арзандау бағамен алуға ынталы екені белгілі. Сондықтан, шама келгенше жәрмеңкелерді болашақта жиірек ұйымдастырып тұруға тырысамыз.

– Еркеш Төлегенұлы, сұрақтарымызға нақты жауап бергеніңіз үшін үлкен рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбатты жүргізген Серік Жетпісқалиев,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар