Саланың жаңа міндеті айқындалды

Қазақстан Республикасының Президенті, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Қ.Тоқаевтың қаңтардың 11-ші жұлдызы күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзі «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» деген тақырыппен ел тарихының ерекше бір оқиғасы ретінде қалатын болды.

Өйткені, Мемлекет басшысының бұл сөзі елімізде жаңару кезеңінің басталғанына дәлел. Ол осы күнге дейін орын алып келген көптеген мәселелерді сынға алып, көбіміз көз жұмып, етіміз үйреніп кеткен жағдайларды ашып айтты. Оның ішінде кімге керегі белгісіз болып, астананың көркін кетіріп тұрған LRT құрылысы, Қытаймен шекарадағы бүркенген әрекеті көп кеден бекеті, қыруар қаржы шоғырланған «Самұрық-Қазына» қоры, «Оператор роп» жеке компаниясы сияқты ұжымдар бар. Енді олардың жұмысы сарапталып, тексеріліп, шұғыл түрде шешім қабылданатын болды. Халық мұның бәрі сөз жүзінде қалмай, дәл осылай болады деп сеніп отыр.

Президент ереуілшілер мен бүлікшілер, террористер қасақана қиратқан ғимараттар, көшелер қысқа мерзім ішінде тазаланып, қалпына келтірілу керек екенін, білім беру, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, мемлекеттік қызмет, тағы басқа салаларға жүргізілетін жаңартуларды айта келіп, ауыл шаруашылығы саласына да нақты тоқталды. «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион теңгеге кеміді.

Бұл шикізат және жемшөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жемшөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет». Міне, Президентіміз ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде осындай міндеттер жүктеді.

Мемлекет басшысының осындай тапсырмаларынан кейін ел Үкіметінің ауыл шаруашылығы саласына жүйелі өзгеріс енгізуге кірісері сөзсіз. Соған үміттеніп отырмыз. Тиімді, ықпалды өзеріс болу үшін бұл саланың кемшіліктері терең зерттеліп, үлкен жанашырлықпен сарапталуы тиіс. Ауыл адамының мұң-мұқтажы жетерлік. Көп ауылдардың маңайында жайлым жоқ, ауыл тұрғындары субсидия алу жолдарын әлі толық игермеген, мал дәрігерлері жетіспейді.

Сөйтіп, Президентіміздің тапсырмасымен елімізде дамудың жаңа кезеңі басталды. Атқарылатын ауқымды жұмыстардың ішінде ауыл шаруашылығы саласына да ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетілетіндігі жөніндегі Президент бастамаларын толық қолдаймыз.

Еркеш Әленов,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар