Елім деп соққан жүрегі

Мәди Хасенов – ел тынысын, туған жер, ауыл шаруашылығының проблемаларын өзінің шығармаларына арқау еткен қаламгер. Өз басым оны осы қасиеттері үшін қадір тұтып, құрметтеймін. Оның қаламынан туған қай шығармасын оқысаңыз, ел тіршілігі көз алдыңызға келері анық.
Әскен Нәбиев,
майдангер жазушы.

Әке! Осынау құдіреті күшті бір ауыз сөздің астарынан перзентіне деген іңкәр сезім мен шынайы сүйіспеншілікті аңғарғандай боламыз. Ал, ұрпағын асыл мұраттарға бастайтын әке өнегесін бойтұмардай қастерлей білу әр бала үшін мәртебелі парыз саналса керек.

Біздің әкеміз Мәди Хасеновтің шығармалары өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдары жазылғанымен, тақырыбының өзектілігіне орай, қазақ қоғамының бүгінгі мақсат-мүдделерімен үндестік тауып, өміршендігін жоғалтқан емес. Партияның солақай саясатының салдарынан қазақ ауылдарының басына қара бұлт болып үйірілген зобалаңға қаламын қару етіп қарсы шыққан Мәди Хасенов облыстық «Коммунизм нұры» газетіне проблемалық мақалаларын жазып, әдеби туындыларын шығарды.

Ақмола іргесіндегі Жаңажол, ақын Шолпан Иманбаева мен екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың туып-өскен алтын мекені – Майбалыққа араша түсті. Көкше төріндегі кіндік қаны тамған Қошқарбай ауылының аянышты тағдыры да қаламгер әкемді бейжай қалдырмады. Зерлі Зерендінің табиғаты әсем қойнауында қоныстанған ауылдағы мектепте бір жылдары бір оқушы мен бір мұғалім қалғандығына қалайша қынжылмассың.

Жаратқан ием жар болып, құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған сындарлы шақта атамекенді туған інісі Қайыркен Сағдиұлы құтқарып қалды. Айдабол мал семірту совхозында зоотехник болып істеп жүрген іскер азамат жерлестерімен ақыл қосып, «Шоққарағай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Дер кезінде қабылданған батыл шешімнің арқасында Қошқарбай ауылы бүгінгі таңда әлеуметтік саласы мен экономикасы өрге басқан елді мекенге айналды. Бүгіндері даласы төрт түлік малға толса, құнарлы топырағында жайқалып егін өсіріліп келеді.

Зеренді аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихатының шешімімен 1996 жылы жаңадан салынған орталау мектепке жазушы әкемнің есімі берілді. Ана бір жылдары оқушы саны азая бастағанда Қайыркен ағатайым балалар үйінен жиырма шақты шәкірт әкелген болатын. Ал, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, ауыл басшысының бастамасымен соғысқа қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің есімдері жазылған еңселі ескерткіш орнатылды. Қайраткер қаламгер ағасының аманатын бұлжытпай орындаған іскер азамат Қайыркен Сағдиұлына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеттің журналистика бөлімін 1961 жылы ойдағыдай бітірген соң сәл уақыт «Қазақ әдебиеті» газетінде істеген ол курстас достары Жұмамұрат Тұяқбаев, Октябрь Әлібеков, Рахия Нысанқызымен бірге «Тың өлкесі» газетіне келіп, қаламгерлік жолын бастайды. Кейін Ақмола облыстық «Коммунизм нұры», бүгінгі «Арқа ажары» газетінде өмірінің соңғы сәтіне дейін жемісті еңбек етті. Қатардағы әдеби қызметкерден бөлім меңгерушісі болды. Оған 1979 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді.

Өмір сырына айрықша құштар, дархан жүректі дарын иесі Мәди Хасеновтың «Алғашқы ән», «Тұлпардың дүбірі», «Нартәуекел», «Берлинді алған батырлар», «Қайсар», «Тың тарландары», «Қайнар бұлақ», «Тайталас», «Дала тынысы», «Менің замандастарым», «Қиянат» очерктер жинақтары мен повесть-романдары Қараөткел топырағында жазылды. Әкем бұл туындыларында өзі өмір сүрген дәуір шындығын тебіреніспен баяндап, республикамыздың солтүстік өңіріндегі тарихи, қоғамдық-саяси, әлеуметтік оқиғалардың шынайы көрінісін сипаттауға тырысты.

Аптасына бес рет шығатын газеттегі жұмысынан қол үзбей, жазушылық пен журналистік кәсіпті қатар алып жүру өмірге құштар, ұлтына жаны ашитын жанның ғана қолынан келетін іс. Жалпы, әкемнің шығармашылықпен белсене айналысуында Ақлима анамның септігі ұшан-теңіз. Әдеттегідей, кешкі асын ішіп, көгілдір экраннан жаңалықтарды тындаған соң, жұмыс бөлмесіне кіріп жазуға кіріскенде үйде тыныштық сақтауға тырысатынбыз. Бір шаңырақтың астында олар бір-біріне қабақ шытып, шәй десіп көрмепті. Анашымның денсаулығының мәні келіңкіремей, ауруханаға жатып ауыр операция жасатқан кезде қасында бәйек болып әкем жүрді.

Бар шаруасын ығыстырып, екеуі кешкілік көшеге шығып бірге серуендейтін. Осылай жұбайының жағдайына алаңдаумен жүргенде өзі де ауырып қалды. 1992 жылдың қыркүйек айының 2 жұлдызында асыл азаматтың жүрегі елу алты жасында соғуын тоқтатты. Бұл ұл-қыздары, біздер, Алмас, Сапар, Қайсар, Айнаш үшін ғана емес, шығармашылық дарынын бағалай білген Ақмола мен Көкшетау жұртшылығы мен киелі қара шаңырағы «Коммунизм нұрындағы» әріптестері үшін де аспаннан жай түскендей ауыр соққы болды.

Үнемі шалғайда жүрсе де, көгілдір Көкшесіне бүйрегі бұрып тұратын әкешім еңбек демалысын кіндік қаны тамған киелі бесігі – Қошқарбай ауылында өткізгенді ұнататын. Осы сәтті біздер де асыға күтетінбіз. Жазда қыздың жиған жүгіндей тастан қаланған Төсектас тауына шығып, ағаш қойнауындағы жеміс-жидектерді терсек, қыста Сүріннен шанамен сырғанайтынбыз.

Әкемнің бойындағы тамаша қасиеті – бауырмалдығы еді. Әсіресе, ет жақын туыстарының балаларының жоғары білім алуына ақыл-кеңесін беріп, қолынан келгенше көмегін аямайтын. Ауылдан келген бауырларының біразын қашан жатақханадан орын алып, үлкен қаланың тіршілігіне көндіккенше қолында ұстап оқытты.

Өмірлік жарым Жанна Болатқызы екеуміз әкемнің Айым, Санжар, Тамерлан, Ариана, Тенгиз есімді өнерге, спортқа бейім немерелерін ізгілікке баулып жатқан жайымыз бар. Олар да келешекте әкемдей парасатты, әкемдей кішіпейіл, кеңпейіл болса екен дейміз.

Қайсар ХАСЕНОВ,
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы
ұлттық филиалы заң бөлімінің бастығы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар